Су жаңа «нұротандықтар» сайлауда «экс-нұротандықтардан» оңбай жеңілді
Демократиялық елдердің көшін бастап жүрген АҚШ-та сайлауға халықтың қатысуы 65 пайыздан асып көрмепті. Саяси додасы қызу бәсекелестік жағдайында өтетін Ресейде бұл көрсеткіш 65-70 пайызды құрайды. Ал күні кеше өткен мәжіліс, мәслихат сайлауында қазақстандықтардың 75,7 пайызы өз таңдауларын жасады. Не деген белсенділік десеңізші! Мұндай мәліметті Орталық сайлау комиссиясының өзі таратып отырған соң, сенбеске амалымыз қайсы? Бірақ күмәніміз бар.
Қай сайлауда болсын дауыс беруде ауылда тұратын ағайынның үлесі басымдау түседі. Ресми ақпараттарға қарағанда, бұл жолы да солай. Алайда біздің әріптесіміз сайлау барысын бақылаған Ордабасы ауданы Темірлан елді мекеніндегі №941 сайлау учаскесінде кешкі сағат сегізге дейін келген дауыс берушілерді жалпы сайлаушылардың санымен салыстырып көріпті. Сөйтіп сайлаушылардың 56 пайызы ғана өз таңдауларын жасап үлгергенін есептеп шыққан (бұған дейінгі сайлауларда аталған сайлау учаскесінде сайлаушылардың 90 пайызы қатысып жүріпті). Бұл бір-бірімен қызу бәсекелескен кандидаттардың сайлаушыларды үй-үйінен көлікпен алып шығып, кешке дейін сайлау учаскесіне тасығандағы нәтиже. Олай болмаған жағдайда көрсеткіш бұдан да төмен болар еді. Сайлаушылардың дауыс беруі Шымкент қаласындағы кейбір учаскелерде 40 пайызды ғана құрады. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының «оңтүстікқазақстандық сайлаушылардың 78,76 пайызы өз дауыстарын берді» деген мәліметіне не сенерімізді, не сенбесімізді білмейміз. Сайлау учаскелерінде арбаның бесінші доңғалағындай болып жергілікті аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жүрді. Неге? Өздері айтқандай, сайлау кезінде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін бе, әлде жоғарыдан берілген «ерекше тапсырмаларды» орындау үшін бе?
«Рейтинг» газеті бұған дейін «Нұр Отанның» облыстағы басшылығы ел арасында беделі бар азаматтарды праймеризге әдейі қатыстырмау сияқты бұра тартушылыққа барғанын жан-жақты жазған еді. Тіпті партия мұндай белден басушылыққа көнбей, сайлауға өз-өздерін ұсынғандарды мүшеліктен айырды. Бірақ оның неге апарып соққанын сайлау нәтижесі көрсетіп берді. Сайлаушы дауысты мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттың қай партияның өкілі екендігіне қарап емес, бедел-абыройына қарап берді. Праймеризде ұтқан кандидатар шетінен омақаса құлады.
«Нұр Отанның» Ордабасы аудандық филиалының төрағасы, бұған дейінгі сайлауларды тымақпен ұрып алып, облыстық мәслихат депутаты атанып жүрген Мұрат Тағаевтың қарсыласы кәсіпкер Әділхан Исабаевтан ұтылып қалғаны ұяттау болды. Ол ол ма Тағаевтың, яғни төрағаның бірінші орынбасары болса аудандық мәслихаттың додасынан оңбай сүрінді. Төраға облыстық, орынбасары аудандық сайлаудың сынынан сүрінгені біраз жайтты аңғартпай ма? Осы Ордабасы аудандық мәслихатының мандатын иеленуден үміттенген, праймериз арқылы додаға қатысатын жолдама жеңіп алған «нұротандықтардың» тең жартысынан астамы қирай жеңілгені партияның бүгінгі беделіне берілген баға емес пе? Біз бір ғана аудандағы жағдайға тоқталдық. «Нұр Отанның» абыройын айрандай төккен мұндай жағдай өзге өңірлерде де жиі кездесті.
Сарыағаш ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары, «Нұр Отан» партиясының» аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әшірбек Тұрдалин қарсыласы Жаңабай Ағабековтен сайлауда жеңіліп қалды. Осы ауданнан түскен экс-нұротандық, додаға «Ақжол» партиясының атынан ат қосқан Амангелді Сопбеков бұрынғы партияласы Мұхамедғали Әшірбаевтан басым түссе, тағы бір «нұротандық» Әнипа Халбаеваны да халық қолдай қоймағаны бекер деймісіз. Сөйтіп Сарыағаш ауданы бойынша облыстық мәслихаттың мандатына таласқан «нұротандық» бесеудің үшеуі бірдей үмітті ақтамады.
Қалай десек те облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттығына кандидат болып тіркелгендердің жан алып жан беріскен талас-тартысынан кейінгі сайлау қорытындысы «Нұр Отанның» праймеризді қаншалықты пендешілікпен өткізгенінің, кімдерге қолдау танытатын жолдама сыйға тартқандарының бетін ашып берді. Шымкент қаласы бойынша облыстық мәслихаттың мандатымен мәселе шешпек болған «нұротандық» 4 бірдей кандидат топалаң асты. Экс-нұротандық қарсыласы, «ERNUR» корпорациясы» ЖШС президенті Ерлан Нұрмахановтан масқарасы шығып ұтылған су жаңа «нұротандық» кандидат Сайфулладжан Юсуповты сайлауға қатыстырып сайқымазақты қолдан ұйымдастырғандар кімдер?
Ал облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, іскерлік басшылығын, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін ел бас бармақпен бағалайтын Мұқан Егізбаев №11 сайлау округінен облыстық мәслихат депутаттығына кандидат болып тіркелген еді. Облыстық мәслихатқа бірнеше дүркін депутат болып озық тәжірибе жинақтаған оны бастапқыда праймеризге түсірмей шеттетті. Одан кейін өз бағын сынап көруге белін бекем буғанын кінәлап «Нұр Отан» партиясының қатарынан шығарды. Мұнымен шектелмей қарсыласы, «Нұр Отанның» атынан жеңілдіктерді пайдалану құқығын иеленген қалталы кәсіпкер Әнуар Төлендиев сайлауда айқын басымдылықпен ұтылса да таза жеңісті мойындамай талас-тартысты жалғастыру, жанжалдың жалынын тұтату «қолдан келіп, қоныштан басудың» нақ өзі болды. Сайлау аяқталған соң толтырылған хаттамалардың қорытындысына қарамастан Егізбаевқа қалайда есе жібермеуді көздегендер арада екі күн өткенде жеңілген жақтың арыз жазғанын алға тартып, қайта дауыс санау жүргізгені қайран қалдырды. Шындығында арыз-шағым жазылмаған сайлау учаскелері аз ба еді? Бірақ түске қарай бастап түн ортасына дейін дәл Егізбаевқа сайлауда берілген дауыс қайта саналғанымен бәрібір Төлендиев жақтың жүні жығылып қайтты. «Аққа құдай жақ». Егізбаевтың сайлауда таза жеңіске жеткені екінші мәрте даусыз дәлелденді. Бұл ұтылған кандидатқа қана емес оны қолдағандарға да ауыр соққы болғаны анық. Қайта дауыс санауға тек Төлендиевтің жақтастары қатысып, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытов ұсынған рұқсат қағаз бар екендігіне Мұқан Егізбаевтың сенімді өкілі ішке жіберілмей әбден әуре-сарсаңға салуын шектен шыққан әділетсіздік демей нер дерсің? Жеңілгенін мойындағысы келмей арызды бұрқыратып жаза беруден арланбаған қарсыласқа да қарнымыздың ашқаны жасырын емес. Осы орайда ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің «Бәйге берем жығылған балуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса...» деген жақұт жыр жолдары еріксіз еске түсті. Қысқасы сайлау өткеніне үш күн толғанда барып Егізбаевтың жеңімпаз болғаны ресми түрде жария етілді.
Су жаңа «нұротандық» кандидаттар праймериздің жолдамасынсыз додада бақ сынаймын деп партиядан қуылған «экс-нұротандықтармен» мандат үшін айқаста ең болмаса иық тірестіруге, тізгін қағыстыруға шамалары келмей әлдеқайда әлсіз түскені, мүлдем шаң қауып қалғаны қайран қалдырады. Сонда мықты кандидатты әлсізбен алмастыру, «Нұр Отанның» атын қайтсек оздырамыз деп дау-дамай туындату, айқай-шу өрбіту кімге керек еді? Мықтыны әлсізге жеңдіруді ойластыру ненің құдіреті, нендей құпия? «Нұр Отанды» жерге қаратпайтын, жеңіске жетелейтін кандидаттарға неге дұрыс таңдау жасалмады? Ендігі сайлауда жекелеген адамдардың амбициясымен, ат төбеліндей топтың бақай есебі салдарынан жіберілген мұндай өрескел қателік ескеріле ме, әлде естен шығып кете ме? Осындай қадау-қадау сүбелі сауалдардың жауабын іздеу, журналистік зерттеу жүргізу оқырмандар тарапынан туындаған сұраныс, алдағы уақытта бөлек қозғалатын тақырып.
Ғалымжан Елшібай