Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«Откат» талай шенеуніктің түбіне жетті. Бірақ одан сабақ алып жатқан атқамінерлерді көрмедік. Тендер арқылы бөлінген ақшаның 10-20 пайызын дәметкен басшылар сотталып жатыр. Ал Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен осы бөлімнің бас маманы, дәлірегі бухгалтері Бексұлтан Айдағараев қоғамдық ұйымның басшысынан тендерге бөлінген 886 мың теңгенің 697 мың теңгесін алды деген күдікпен ұсталды. Сонда бұл қанша пайызды құрайды?
Бұл туралы «Рейтинг» газетінде біз осыдан бір жыл бұрын, былтыр тамызда жазған едік. Тақырыпқа қайта айналып соққандағы себебіміз, өткен аптада бөлім басшысы мен бас маманға сот үкімі шығып, екеуі де жемқорлық қылмысы бойынша кінәлі деп танылды.
Жасыратыны жоқ, былтыр газетке «Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі О.Назаровтың жанайқайын жариялаған кезде біраз белсенді әлеуметтік желіде бөлім басшысын қызғыштай қорғап, арызданушы О.Назаровты, оның тағдырына араша түскен бізді жалақор, бәлеқор етіп көрсеткісі келген еді. Алайда «Рейтингтің» біреуде «бес бересі, алты аласы» жоқ. Барлық мәселенің негізбен жазылғанын, арызданушының босқа шырылдамағанын сот үкімі де растап отыр.
Соныменен қазынаның қаржысын жетісайша жымқырудың мән-жайына тоқталайық. Жоғарыда аталған бірлестік былтыр Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің жариялаған тендеріне қатысып, терроризмге, экстермизмге, теріс ағымдарға қарсы шараларды өткізу бойынша лоттың жеңімпазы атанған. Мердігер тендерді орындауға кірісіп жатқан кезде бөлім басшысы мен бухгалтерден «тың» ұсыныс түскен.
Екі шенеунік О.Назаровқа бірлестікпен арадағы шартқа сәйкес 486 000 теңгеге 10 дана дін тақырыбында билбордтар шығару, көпшілік орындарға ілу және 400 000 теңгеге 5 бейнеролик дайындау жұмыстарын орындамаса да қабылдап алатынын айтқан. Бөлім басшысы мен бас маманның құрған қылмыстық жоспары бойынша Назаров оларға осы жұмыстарды орындағаны үшін түскен 886 мың теңгенің 697 мың теңгесін әкеліп беріп, қалғанын өзі алуы тиіс болған.
Осыдан кейін бірлестік төрағасы О.Назаров 886 мың теңгеге жұмыстардың орындалғаны жөніндегі құжаттарды дайындап, оны бөлімге ұсынған. Есенбеков пен Айдағараев бұл бойынша ешқандай жұмыстардың атқарылмағанын біле тұра, құжаттарды қабылдап алып, оған қол қойып, мөр басқан. О.Назаровтың «ертең өзім жауап беріп жүрмеймін бе?»,- деген сұрағына Б.М.Айдағараев «атқарылған жұмыстарды қабылдайтын өзіміз, сондықтан уайымдамаңыз»- деп жауап беріпті.
Аталған қабылдау актілдерінің негізінде бірлестіктің шотына 886 мың теңге қаражат аударылған. Келісім бойынша Назаров 2 тамызда ақшаның 697 мың теңгесін әкімдіктің ғимаратындағы Есенбековтың қызметтік бөлмесіне әкеліп берген. Артынша Есенбеков пен Айдағараевты антикордың қызметкерлері ұстаған. Себебі Назаров шенеуніктердің заңсыз тірлігі бойынша алдын ала құзырлы органға арызданып қойған болып шықты.
Осы жерде сот үкімінен тыс біраз мәселеге тоқтала кетсек. Назаровтың бізге бұған дейін айтқанындай, 2 тамызда ұсталған қос шенеунік сол күні босатылған. Олар тіпті ертеңіне жұмыстарына келіп, қызметтерін одан әрі жалғастыра берген. Назаров осы жөнінде елордаға барып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арызданады. Есенбеков пен Айдағараев екі айдан кейін былтыр қазан айында қамауға алынып, кейін бас шаралары үйқамаққа ауыстырылған. Істі созбалаңға салу антикорға не үшін қажет, бұл жағдай немен байланысты? Ең бастысы, бұл кімге тиімді болды?
Сот үкімімен Есенбеков пен Айдағараев Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі, яғни қызмет бабын пайдалана отырып бөтеннің мүлкін жымқыру айыбымен 8 миллион 855 мың теңге көлемінде айыппұл салуға сотталды. Айта кетері, сот барысында екі шенеунік кінәларын мойындамаған. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Ендігі мәселе-сот үкімі күшіне енген соң бөлім басшысы О.Есенбековтың жемқорлық әрекеті үшін кім отставкіге арыз жазады?
Жетісай ауданының қазіргі әкімі Серік Мамытов бұл орынға биыл қаңтарда тағайындалған болатын. Сондықтан оның өзіне дейінгі мәселеге жауап бермейтіні айтпаса да түсінікті. Ал Жетісай ауданының оған дейін басқарған, қылмыстық оқиға орын алған кездегі әкім, Есенбековтың тікелей бастығы болған Мұрат Қадырбектің биыл қаңтарда өткен сайлауда Сенат депутаты болып сайланып кеткені белгілі. Яғни, Қадырбек те отставкіден құтылып кетті деген сөз.
Айналып келгенде істі сағызша созудың кімге тиімді болғанын осыдан кейін өзіңіз сараптап көріңіз.