Кандидатқа оқ атылды
Осы аптаның жексенбісінде сайлау өтетіні белігілі. Көше-көшеде суреттері ілініп, өткен-кеткенге күліп қарап тұрған жылы жүзді кандидаттардың қайсыларының асығы алшы тұрып, қайсыларының тауы шағылатынына уақыт өз төрелігін айтады. Жан алысып, жан берісіп, ақ тер, көк тер болып жасаған жұмысқа жұрт бағасын береді. Жеңіс тойын кімдер тойлайды, кімдер сан соғып қалады? Жымиған кандидаттардың қайсысы сайлаудан кейін де жымиған қалпы мәслихатқа барады, қайсысы бет аузын тыжырайтып, «бүйткен сайлауы бар болсын» деп, қол сілтейді? Оны білетін уақыт енді аз қалды.
Редакцияға хабарласып сайлауға қатысты ақпарат айтушылар аз емес. «Кезінде бір емес бірнеше рет шалыс қадам басып, құқық қорғау органдарының құрығына іліккен, қазір «Южполиметалл» корпорациясының вице-президенті қызметін атқаратын Тимур Асамбаев қалайша Шымкент қалалық мәслихатына үміткер болып бақ сынай алады?» дейді солардың бірі мән-жайды ұзақ-сонар егжей-тегжейлі баяндағанымен аты-жөнін айтпай тасадан тас атып. Мұндайлар қоңырау шалса болғаны қолды оңды-солды сілтеп бас-көзге қарамай мақала жаза жөнелер жайымыз жоқ. Сенімді ақпарат көздері арқылы анықтағанымыз Тимур Асамбаев шынында да жастықпен шалыс қадам басқаны рас болғанымен артынан жәбірленуші жақтармен тіл табысып, өзара татуласқандарын білдік. Әлдекімдер әлдебір әңгімені қоздатқан мұндай арандатушы ақпараттар тасқыны аз емес.
Осы аптада Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер А.Ниязовтың сенімді өкілі Ш.Жиенова Шымкент қаласы Абай ауданының прокурорына, қалалық №5 аумақтық сайлау округінің, облыстық сайлау комисиясының және Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағаларына арыз жолдап, үміткер Ғани Сүлейменнің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барасында бірқатар заңсыздықтарға жол бергенін мәлім етіп шағымданыпты. Таратыңқырап айтсақ, «Сайлау туралы» Заң бойынша барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, оның қайда басылғаны мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Алайда сайлауға үміткер ретінде қалалық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының атынан түсіп жатқан Ғани Сүлеймен үгіт-насихат парақшаларында мұндай мәліметтерді көрсетпей, оны №5 сайлау окурігінің аумағына ілгеніне байланысты арыз түсірген. Ал арыздың анық-қанығын тексеру «Рейтинг» газетінің емес, құрығы ұзын мекемелердің құзырында.
Мәслихат депутаттығына үміткер боп тіркелген бірнеше кандидатқа өзбегі қалың аудандарда үгіт-насихат парақтары мен тақтайшаларын өзбек тілінде жазып қойғаны үшін шара қолданылмақ. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытовтың айтуынша сайлау кезіндегі үгіт-насихат материалдары тек қазақ-орыс тілінде жазылуы тиіс екен. Ал өзге тілде жазылуы заңға қайша келеді.
Үміткерлердің ойламаған жерден сайлаудан шығып қалуы дауыс беруге бір-екі күн қалғанда үдеп кетуші еді. Дәл қазір «пәлен кандидаттың декларациясынан шикілік шығыпты, бүгін-ертең кандидатурасын алып тастайды екен» деген әңгімелер гулеп тұр. Оның қаншалықты рас боларын кім білсін? Бірақ сайлау сайын қолданылатын осындай озық әдіс бары рас. Өйткені биліктегілер қолайсыз кандидаттарға сотқа шағымданатындай уақыт қалдырмас үшін әдейі көкейдегі тірлігін үгіт-насихат науқандарының соңғы күндерінде жүзеге асыратыны ет өліп, көз үйренген құбылыс.
«Түлкібаста аудандық мәслихат депутаттығына кандидат бір азаматты атып кетіпті» деген де суыт хабар алдық. Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бұл оқиғаны дабырайтқысы келмей, оны жасырып, жабуға тырысып сыртқа ақпарат шығармауға жанталасулары түсініксіз. Дегенмен де біз оқиға орын алған Састөбе ауылының тұрғындарымен хабарласып, мәселенің мән-жайын білген едік. Олардың айтуынша, аудандық мәслихатқа бір округтен үш үміткер тіркелген. Солардың бірін «Джиппен» келген, бетперде киген әлдебіреулер аяғынан тапаншамен атып жаралап кеткен. Қару кезенгендер кандидаттың өміріне қастандық жасамақ болды ма, әлде бұл жай ғана қорқыту ма? Оқиғаның сайлауға қатысы бар ма, әлде ол жеке бас араздықтан туындады ма? Қазіргі уақытта оны анықтаумен тергеушілер айналысып жатыр. Ауыл тұрғындары жәбірленушінің қарсыласы өзінің сыныптасы екенін, одан келер күдік жоқтығын, ал бір күн бұрын бюджет қаржысын талан-таражға салғаныңды жұртқа жаямын деп бір мемлекеттік қызметкермен ерегісіп қалғанын, сондықтан оқыс оқиғадан саяси астар іздеу дұрыс еместігін елден естідік.
Депутаттықтан дәмелі кандидатқа қарсы оқ атылып жатуы қайбір жақсылық? Әйтеуір, сайлаудан кейін де өмір барын қарсыластар естен шығарып алмаса екен дейміз.
Жәнібек Тархан,
"Рейтинг" газеті №2, 11 қаңтар 2012 жыл