Берік Оспанов: «Ашуланар болсам басылуым қиын»
Ұлу жылы-тыныштықтың, молшылықтың жылы. Дала философиясының даналығына жүгінсек қысқаша осылай дәріптеуге болады. Ал Ұлу жылында туылған адамдардың мінезінен қандай ерекшеліктерді байқауға болады? Бұл жылы туылғандар маңғаздау, тұйық мінезді, байсалды, қайырымды, ұқыпты келеді екен. Сыр сақтауға келгенде өте берік. Қолынан көп іс келетін олардан мол нәтиже де күтуге болады. Өйткені, қандай істе болмасын асығыстыққа жол бермей, ақыл мен сабырды ең сенімді серігіне айналдыра алатын қасиетке ие. Жұлдыз жорамалшылар осындай болжам айтады. Ал шынайы өмірде қандай? Егер ырымға сенер болсақ, бұл жылы туылғандардың арасында елге танымал, әлемге әйгілі тұлғалар аз емес. Сарабдал саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлу жылында дүниеге келгенінің өзі не тұрады? Владимир Путин де осы жылдың түлегі. Айта берсек, тізім де осылай жалғаса бермек?
Біз Ұлу жылы туылған бірнеше танымал азаматтан төмендегі үш сауал бойынша пікір сұраған болатынбыз:
1. Мінезіңіз қандай?
2. Жұлдыз-жорамалға сенесіз бе?
3. Мүшел жасқа қаншалықты мән бересіз?
Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
Ашуланар болсам басылуым қиын»
1. Мінезім бірқалыпты. Жеңілтек емеспін. Сабырсызданып, әрі-бері секеңдей бермеймін. Шешім қабылдар алдында жан-жақты өлшеп, көп ойланамын. Былайша айтқанда «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегенге дөп келеді. Мұның бәрі Ұлу жылы туылғандардың мінезімен сәйкес келетін жұлдыз-жорамал. Ал қабылдаған шешімімнің дұрыс екендігіне көз жеткізсем, оны еш уақытта өзгертпеймін. Ашулануым қиын, ал ашуланар болсам, басылуым қиын. Кейде ондай да болып тұрады.
2. Шынымды айтсам, мен осы жасыма дейін жұлдыз-жорамалды бір-ақ рет оқығанмын. Онда да жорамал жоққа шықты. Оған ұдайы көңіл бөліп, соған сәйкес іс-әрекет етсек, өмірімізді өзіміз қиындатып алатын сияқтымыз. Басымды босқа қатырғым келмейді. Оған алтын уақытымды бөлгім жоқ. Сенемін деп те айта алмаймын.
3. Ұлу жылы маған жаман әсер еткен емес. Апатқа ұшырап, немесе басқа да қиындықтарға тап болған кезім жоқ. Әйтеуір тұрақты, бірқалыпты өтіп жатыр. Мүшел жасқа мән беремін. Тиісті ырымдарды жасауға тырысамын. Ескермеуге болмайды, ол ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан наным-сенім, дәстүріміз ғой.
Әбдез Рахманұлы, «Хабар» агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі:
«Жаманның айтқаны емес сандырағы келеді.
1. Ұлу жылы туылғаныммен мінезім жібектей деп айта алмаймын. Көңілімдегідей болмаса, тез ашуланып шыға келетінім бар. Бірақ, тез басыламын. Кек сақтамаймын. Мүмкіндігінше ешкімнің көңілін қалдырмауға, кішіпейіл болуға тырысамын. Елден соны күтемін. Бұрыннан балажанмын, Сапотайым, Санжар дейтін немерем дүниеге келгелі тіптен өзгердім.
2. Жұлдыз-жорамалға «жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» деген тұрғыдан қараймын. Кейде дөп басып, дәл айтылатын сияқты. Көңілді отырған бір күні жорамалды оқи қалсаң, «сен ит қапқандай қатулы боласың» деп жазылып тұрады. Бұл қалай сонда? «Жолыңыз болғалы тұр» дегеніне ғана сенгім келеді, қалғандарының барлығы далбаса.
3.Жүрегің қалаған, көңілің сенген нәрсе орындалатын сияқты. Ал «мүшел жаста анадай болады, мынадайға ұшырайсың» дегенге сенбеймін. Бұл - өткеніңді екшеп, алдағыны ақылға салатын межелі тұс шығар. Дәл осындай ойға Наурызды тойлағанда да, Тәуелсіздікті мерекелегенде де, туған күнгі қуанышыңды бөліскен достарыңды шығарып салғаннан кейін де келемін десең, ешкім бөгет жасамасы анық. Өзіңе өзің есеп беріп отыру өте жақсы қасиет.
Мұхит Әлі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
«Жұлдызнама кейде сәйкес келіп жатады»
1. Қиын әрі қызық сұрақ екен. Ұлу жылы туылғандығыма байланысты осы кезге дейін бұл жайында тереңірек ойланып көрмеппін. Сол себепті бірдестен нақты жауап айту қиын болып тұр. Кім өзін жаман дейді?
2. Жұлдыз- жорамалды кей-кейде оқып тұрамын. Бәлкім кездейсоқ болар, бәлкім шын ба, әйтеуір жұлдызнамада жазылған жайттар кейде сәйкес келетін тұстары кездеседі. Сондықтан жұлдызнамаға имандай сенбесем де, бір уақыт көңіл аударатыным рас.
3. Мүшел жасқа онша мән бермейді екенмін.
Амангелді Сопбеков, облыстық мәслихаттың депутаты, Политехникалық колледждің директоры:
«Алғырмын, талапшылмын»
1. Ұлу жылғыларға қандай мінездеме жазылғандығынан толық біле бермейді екенмін, білетінім мінезім бір сыдырғы. Ешкімнің ала жібін аттап, жамандық жасағым келмейді. Бірақ, маған жамандық ойлаған адамға аяушылықпен қарай алмаймын. Алғырмын, талапшылмын.
2. Жұлдыз -жорамалға сенбеймін, оқымаймын.
3. Мүшел жас дегенге сенемін, ырымның жөн-жоралғыларын жасап тұрамын.
Мұхтархан Ділдәбеков, даңқты боксшы, Олимпиада ізбасарларын даярлайтын арнайы мамандандырылған облыстық спорт мектебінің директоры:
«Рингте қатал, өмірде жұмсақ»
1. Біз сияқты Ұлу жылғылардікі ит мінез ғой. (Күлді). Қалжыңға бұрмай расын айтсам, біздікі «спортивный» мінез. Дәлірегі рингте қатал, өмірде жұмсақ. Айналамдағы адамдардың айтуынша тым ақкөңіл екенмін. Жалпы адамның өз-өзіне мінездеме беруі қиын ғой.
2. Жұлдыз-жорамалға сенбеймін. Сол себепті онда не жазыпты екен деп қызықпаймын да, оқымаймын да.
3. Мүшел жас дегеннің орны бөлек, оған сенемін, мән беремін. Ырымға қатысты істелуі тиіс шарттардың бәрін орындауға ұмтыламын. Ауылда өстік, мүшел жастан өзге де ырымдарға сеніп, жөн-жоралғыларын жасауды әлі жалғастырып келе жатырмын. Бірақ, осы кезге дейінгі мүшел жастарымның қалай өтіп кеткенін аңғармай да қалыппын. Спорттың соңында жүріп...
Сауалнаманы жүргізген Шадияр Молдабек