Миразовтың мұнысы несі? Жемқорлықпен күрес пе? Әлде...

Oinet.kz 06-01-2012 924

Screenshot_1.png

--Екі жылдан бері әділдікке жете алмай келемін. Адамның құқығын қорғауға тиіс құзырлы органдар керісінше, ойларына келгенін істеп, адам тағдырын допша домалатып жатыр, --дейді «Рейтингтің» редакциясына келген Қайрат Умаров.

Қайрат Умаров облысымызға танымал, үлкен жүректі абзал азамат Манап Өтебаевтың ұлы. Ұзақ жыл білім саласында басшылық қызметтерді атқарған. 2005 жылдан бері Шымкенттегі №37 мектептің директоры болып істеген. 2010 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті оның үстінен қылмыстық іс қозғайды. Содан бергі аралықта оған нүкте қойылмай келеді. Қ.Умаровтың айтуынша, құзырлы органдар істің ақ-қарасын ажыратуға мүдделі емес.  Неге?

Мәселенің мән-жайы былай, 2010 жылдың 27 қаңтарында Қайрат Умаровтың кабинетіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кіріп, оның суыртпағынан қағазға ораулы ақша тапқан. Директор бұл ақшаның қайдан келгенін білмейді. Бөлмені қарау барасында тергеушілер күдіктінің алақандарын арнаулы құрылғылармен тексерген. Ешқандай айғақтық белгілер табылмаған.

Қ.Умаровтың айтуынша, бұл істі әлдебір топтар алдын ала әдейі ұйымдастырған. Ондағы мақсат мұны директорлық қызметтен кетіру екен.  Ұлттық қауіпсіздік кабинетінің ғимаратына алып келген соң оған бір тергеуші «парамен ұсталып отырсыз. Кем дегенде 10 жылға сотталасыз. Сондықтан өз еркіңізбен директорлықтан кеткеніңіз жөн» деп ескертіпті. Алайда өзінің ақ екеніне күмәні жоқ әрі әділдіктен үміт еткен директор бұл ұсыныстан бас тартқан.

Арада жеті күн өткен соң, 3 ақпанда оның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бір жарым айдан кейін Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеушілері істі қаржы полициясына өткізіп жіберген.

Құзырлы органдардың арасында қақпақылға айналған істің сағызша созылуы осылай басталады. Тергеу амалдарын бес ай жүргізген қаржы полицейлері істі Қылмыстық кодекстің 307-бабының 1-бөлімімен облыстық прокуратураға жолдаған. Алайда 2010 жылдың 18 тамызында облыс прокурорының бірінші орынбасары Ғ.Миразов істі қайта тергеуге қайтарады. Қаржы полициясының тергеушілері 25 қыркүйекте істі тоқтамға алады, 4 күннен кейін, яғни 29 қыркүйекте істі қайта жандандыру туралы қаулы қабылдайды, 30 қыркүйекте сотқа жолдау үшін облыстық прокуратураға жібереді.  10 қазанда Ғ.Миразов оны қайтадан екінші рет тергеуге қайтарады.

Өздерінің өндірістеріне қайта қабылдап алған тергеушілер бұл жолы да ешқандай тергеу амалдарын жүргізбестен, прокуратураға жолдайды. Ешқандай өзгерістің жоғына қарамастан Миразов айыптау қорытындысын бекітіп, сотқа жолдайды. Бірақ 2011 жылдың 11 ақпанында Еңбекші аудандық соты істі қайта тергеуге қайтарады.

Қаржы полициясы істі тағы да бес ай бойы тергеп, облыстық прокуратураға жолдайды. 28 шілдеде Миразов оны қайтадан тергеуге жібереді. Осыменен төртінші мәрте.

Тергеушілер бұл жолы істі 3 ай ұстап, қайтадан облыстық прокуатураға жіберген.  Миразов оны кезекті рет сотқа жолдайды. Бірақ сот істі енді қарай бастаған кезде Миразов оны қайтадан сұратып алып, тергеуге жіберген.

Сонда мұны қалай түсінуге болады? Қаржы полициясының тергеушілері мен прокурорлардың екі жыл бойы мәселенің ақ-қарасын ажырата алмады дегенге кім сенеді? Олар Қ.Умаровтың сотта ақталып кететінінен қорқады ма әлде «Әбір сыбайлас жемқорлық қылмыс міндетті түрде сотқа жетуі тиіс, болмаса жазықсыз жанды сорлатқан органдар бұл үшін жауап береді» деген президенттің пәрменінен қорқады ма?

Қайрат Умаров әділдік іздеп, облыс прокуроры Берік Құлтасовтың қабылдауына барған екен. Бірақ прокуор оны қабылдамай жіберіпті. Сондықтан ол облыс прокуроры Берік Сайлауұлына мына сауалдарды газет арқылы жолдағанды жөн санапты:

Біріншіден, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 196-бабының 1-бөлімінде «Алдын ала тергеу қылмыстық іс қозғалғаннан бастап екі ай мерзімнен кешіктірілмей аяқталауы тиіс» делінген. Осы баптың 4-бөлімінде «істің тек күрделілігіне байланысты мерзімі 6 айға дейін ғана ұзартылуы мүмкін» екені жазылған.  Осы заң талабының орындалмай, менің үстімнен қозғалған істің 2 жыл бойы сағызша созылғанына қалай түсіндіріп бере аласыз?

Екіншіден, 3 қараша 2011 жылы қылмыстық іс Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотына екінші  рет жолданды. 11 қарашада бірінші орынбасарыңыз оны белгісіз себептермен сұратып алды. Сонда Миразов істі оң қолымен сотқа жолдап, сол қолымен кері сұратып ала салып, кімді мазақ етіп отыр? Істі бұлайша сағызша соза беру оған не үшін керек?

Қайрат Умаров облыс прокуроры Берік Сайлауұлының талап-тілекті жерге тастамай, істің ақ-қарасын ажыратып береді деп үміттенеді. Ал, облыс прокуроры не жауап берер екен?

Б.ЕРНАЗАР



Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ
Берік Оспанов: «Ашуланар болсам басылуым қиын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу