Чемпиондық атақты сақтап қала ала ма?
10-04-2025
Дзюдодан 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Елдос Сметов 25-28 сәуір күндері Таиланд астанасы Бангкокта өтетін Азия чемпионатына қатыспайды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұл жөнінде дзюдодан Қазақстан ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе Kazinform тілшісіне айтты.
- Елдос Сметов Олимпиададан кейін жоспарлы қалпына келу кезеңінен өтіп жатыр. Ол жаттығу жұмыстарына және оқу-жаттығу жиынына әлем чемпионатынан кейін қосылады, - деді ол.
Сондай-ақ Роберт Мшвидобадзе ұлттық құрама тізімінде Әбиба Әбужақынованың неге жоқ екенін түсіндірді.
- Ал Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатына дайындыққа кірісті. Аталған дүбірлі дода биылғы маусымдағы ең маңызды жарыстың бірі ретінде бағаланады. Қазір Қазақстан құрамасының көшбасшыларын қоса алғанда, барлық жетекші спортшы осы турнирге жоспарлы түрде дайындалып жатқанын айта кеткеніміз жөн, - деді ол.
Құрлықтық біріншілікте ел намысын 17 татами шебері қорғайды. Қазір ұлттық құрама Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2017 жылғы Азия чемпионы Ерасыл Қажыбаев бастаған ерлер құрамасында Нұрәділ Әлжан (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ержан Еренқайыпов (66 келі), Есет Қуанов (73 келі), Мәди Амангелді (81 келі), Азат Күмісбай (81 келі) және Ермахан Әнуарбеков (90 келі), Максим Мейірлан (90 келі) бар.
Ал әйелдер құрамасында сегіз балуанға сенім артамыз. Олардың қатарында 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ғалия Тынбаева (48 келі) және Диана Буркеева (48 келі), Толғанай Әбеуова (52 келі), Бақыт Құсақбаева (57 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі), Кристина Сотникова (70 келі), Назгүл Маратова (78 келіден жоғары), Ақерке Рамазанова (78 келіден жоғары) татами төрінде тайталасқа түседі.
Қосалқы құрамға Талғат Орынбасар (60 келі), Ердәулет Бозша (66 келі), Бақытжан Абдурахманов (73 келі), Марат Байқамұров (100 келіден жоғары) іріктеліп алынған.
Азия чемпионатына 30 елден 300 дзюдошы қатысады деп жоспарланған.
Қазірге дейін Қазақстан ұлттық құрамасы құрлықтық додада барлығы 115 медаль еншіледі. Олардың 14-і алтын, 24-і күміс, 77-і қола медаль.