Бекзаттың ізбасарлары бақ сынасты
10-04-2025
Түркістан қаласындағы О.Жарылқапов атындағы стадионда футболдан 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жалауы көтерілді.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров спортшыларды құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Жасөспірім футболшылар арасындағы ел біріншілігіне республикадан 15 команда, 300-ден астам спортшы қатысуда. Талантты аяқдоп шеберлері қатысып жатқан жарыста еліміздің болашақ жарық жұлдыздары іріктеледі. Түркістан облысының 2010 жылы туған жасөспірімдер құрамасы бұған дейін еліміздің 4 дүркін жеңімпазы атанған. Енді осы чемпиондық атақты сақтап қалу үшін өз алаңдарында бар күш-жігерлерін көрсетеді.
Айта кетелік, Түркістанда жасөспірімдер арасында өтетін халықаралық «Turan Cup-2025» турнирінің 2-тур жеңімпаздары анықталды. Бұл додада 2011, 2013 және 2015 жылы туған жас футболшылар бақ сынап, жанкүйерлерге әсерлі ойын сыйлады. Жасыл алаңда 32 команда (536 жас футболшы) өз шеберліктерін көрсетті. 2011 жылға дейінгі жасөспірімдер арасында І орынды Түркістан қаласының №3 БЖСМ командасы жеңіп алса, ІІ орынды Алматы облысы құрамасы, ІІІ орынды «Қайрат F1» командасы (Алматы қаласы) иеленді. Ал 2013 жылға дейінгі жасөспірімдер арасында «Оңтүстік Академия» командасы (Шымкент қаласы) алдына жан салмады. ІІ орынды «Қайрат F1» командасы (Алматы қаласы), ІІІ орын «Aibyn» командасы (Астана қаласы) иеленді. Сондай-ақ 2015 жылға дейінгі жеткіншектер арасында І орынға Қонаев қаласының спортшылары көтерілсе, ІІ орынға Астана қаласының, ІІІ орынға Шымкент қаласының«Tarlan» командасы ие болды.