Бекзаттың ізбасарлары бақ сынасты

Oinet.kz 10-04-2025 85

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің тұңғыш иегері, түркістандық талантты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған 2007-2008 жылы туған жастар арасындағы халықаралық турнир өтті. 

Screenshot_34.jpg

Бокс додасына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзребайжан, Қытай, Египет, Сауд Арабиясы, Кувейт елдерімен қатар Қазақстанның барлық аймағынан 300-ден астам боксшылар келіп, апта бойында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Айтулы сайыста Халықаралық бокс қауымдастығының ережесіне сай ұлдар 13 салмақта жұдырықтасса, қыздар 6 салмақ дәрежесінде рингке көтерілді. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірде чемпионның атын ұлықтау мақсатында дәстүрлі турнир тұрақты өтіп келе жатқанын атап өтті. «Былтыр Бекзаттың атындағы жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Сиднейде алтын медаль алған саңлақтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында спорт саласына қолдау көрсетіліп келеді. Былтыр облыста 73 спорт нысаныны пайдалануға берілді. Елді мекендерде заманауи спорт кешендерінің саны артуда», – деді Ертай Кенжебекұлы. 20 жасында жасындай жарқылдап, Сидней олимпиадасының шыңын бағындырған Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнирге анасы Сырлыкүл Саттарханова, Сидней олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов пен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков қатысып, құттықтау сөзінде спортшыларға сәттілік тіледі. Дәстүрлі бокс турнирі жыл сайын қаншама талантты жастың шеберлігін шыңдауда.

Тартысқа толы өткен жарыста Түркістан облысының боксшылары барлық салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шықты. Жекпе-жекте қола жүлдеге қол жеткізген түркістандықтар қатарында 71 келіде Абылай Дәулетов, 75 келіде Ихтияр Алиддинов, 86 келіде Төлебай Ерубай, 92 келіде Ярослав Маслеев сынды дарынды боксшылар бар. Ал 63,5 келіде күш сынаған Ерәділ Ұзақбай күміс медальді иеленді. Осындай жетістіктер легін толықтырған түркістандық сайыпқырандар қатарында 67 келіде қарсылас шақ келтірмеген Сұлтан Тұрдалы мен 54 келіде ринг көркін қыздырған Адияр Бахадур сынды таланты өрендер өңір мерейін асқақтатты. Осылайша Түркістан облысының ұлдар құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медальға қол жеткізді. 

Қыздар арасында Түркістан облысының арулары – 63 келіде Тоғжан Ыстыбай мен 50 келіде Айым Танкибаева қола медаль олжаласа, 57 келіде Лия Абдуллаева мен 60 келіде Нұрай Күнгейбай күміске қол созды. Сондай-ақ жекпе-жекте қарсылас шыдатпаған 66 келідегі дарынды боксшы Айсұлу Мұхит алтыннан алқа тақты. Қорытындысында түркістандық қыздар 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді қанжығалады. Жалпы түркістандық ұл-қыздар 12 медальді иеленді.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдар мен дипломдар және чемпиондарға арналған белбеулермен марапатталды. 

«Барлық титулды алмайынша, тоқтамаймын» - Жәнібек Әлімханұлы
Чемпиондық атақты сақтап қала ала ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу