Мәлік Ырсымбетовтың «көкесі» кім?

Oinet.kz 24-07-2009 840

Screenshot_7.jpg

Сотқа берді... Бүгінде бұл сөзді екінің бірінен естуге болады.  Өзінің тапталған құқығын қорғау үшін қазір кім сот билігіне жүгінбейді дейсіз?! Бірақ, мәселе кімді кім сотқа бергендігінде болса керек. Жуырда Мақтаарал аудандық білім беру бөлімінің бастығы Мәлік Ырсымбетов Мақтаарал ауданының әкімі Қ.Хаметовты, дәлірегі оның өзіне қатысты шығарған шешімін сотқа берді. Не үшін дейсіз бе? Сәл шегініс жасап, бұл жөнінде кеңірек түсінік бере кетейік.

Мамыр айында облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысында облыстық прокуратураның мемлекеттік органдары қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары М.Сматов облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысқан жиында мектеп басшылары мен білім бөлімінің меңгерушілерінің заң талабын өрескел бұзып, жеке және заңды тұлғаларға заңда белгіленбеген артықшылықтар көрсету арқылы  сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бергенін баяндаған. Мәселен....

3 қаңтар 2008 жылы Мақтаарал аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі М.Ырсымбетов заң талабын қолданбай 29 ақпан 2008 жылға дейінгі мерзімге  «Білім мекемелерінде жаңа технологияларды ендіру орталығы» МКҚМ-мен 420 тыңдаушыны компьютерлік сауаттылыққа оқыту туралы 1 932 000 теңгеге келісім-шарт жасасады. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, 3 наурызда М.Ырсымбетов қайтадан жалпы сомасы 16 587 000 теңгені құрайтын 2970 тыңдаушыны компьютерлік сауаттылыққа оқыту туралы 10 келісім-шарт түзіп, жеке кәсіпкерлерге заңсыз артықшылықтар көрсеткен. 

Осыдан кейін облыс прокуоры Марат Ахметжанов заң бұзушылықтарды жою жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовке ұсыныс жолдайды. Ұсыныста «Мелекеттік сатып алу туралы» заң талаптарының бұрмалағаны үшін М.Ырсымбетовтің тәртіптік жауапкершілігін шешу жөнінде мәселені қояды. 

Осы ұсынысты және облыс әкімі аппаратының басшысы Б.Жылқышиевтің хатын негізге алған Мақтаарал ауданының әкімі Қ.Хаметов өзінің өкімімен М.Ырсымбетовке «Сыбайлас жемқолыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабының және «Мелекеттік қызмет туралы» Заңның 28-бабының талаптарын сақтамағаны үшін ескерту түрінде тәртіптік жаза береді. М.Ырсымбетовтың оңай құтылып кеткенін прокуратура да сезсе керек. Арада біраз уақыт өткенде облыс прокуроры  М.Ахметжанов М.Ырсымбетовке қолданылған жазаның тым жеңіл екендігін айтып, облыс әкіміне тағы хат жолдайды. Ондағылар бұл мәселені аудан әкіміне қайта қарауға берген. Бірақ Қ.Хаметов өзінің өкімін өзгеріссіз қалдырады. Қысқасы, онсыз да қылдың ұшында жүрген М.Ырсымбетов ескертумен құтылып тынады. 

Алайда өзге жұрт солай түсінгенімен М.Ырсымбетовтың ішкі есебі басқа  болып шықты. Ол дереу аудандық сотқа талап арыз түсіріп, өзінің жазықсыз жазаға тартылғанын алға тартады. Оның талап арызына қарағанда, заң бұзушылықтарға мүлдем қатысы жоқ екен. Тендерге қатысты мәселемен оның орынбасарлары, бас маман және бас есепші айналысқан көрінеді. Бірақ М.Ырсымбетовтың сүттен ақ, судан тазамын деуіне әділдіктің төрешілері сене қояр ма екен?!

Айтқандай,  М.Ырсымбетовтың  қылдың ұшында жүрген деуіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені Мақтаарал халқының саны жағынан кішігірім облыстармен теңесетін аудан. 118 мектебі бар. Бұл дегеніңіз 3-4 ауданға татиды емес пе (мәселен көршілес Шардара ауданындағы мектептердің саны бар-жоғы 30-ға да жетпейді). Тығыз қоныстанған білім ұяларында кейінгі кезде былық көп. Ұстаздардың осы былық-шылықтан араша сұрап, аудан, облыс әкімдігіне, құқық қорғау органдарына жазған арыз-шағымдарына  қарағанда, білім ұяларында ата-аналардан, мұғалімдерден ақша жинау белең алған. Кейбір мектептердегі директор мен ұстаздар арасындағы текетірес тым ушығып кеткен. Мұның бәрі әрине, білім сапасына , шәкірттердің тәрбиесіне кері әсер етпейді ешкім айта алмас. 

Сөзімізді нақты бір мысалмен айғақтайық. Жуырда облыс құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде Мақтаарал ауданындағы 11-сыныпта оқитын қыздың аяғы ауырлап, босанғаннан кейін шаранасын өлтіріп, әжетханаға тастағаны туралы деректің жария етілуі көпшіліктің жағасын ұстатқан. Осындай жантүршігерлік жайттардан кейін таяқтың бір ұшының кімге барып тірелетіні белгілі емес пе? 

Күн санап насырға шауып келе жатқан  мәселеге аудандық мәслихаттың депутаттары араласып, білім бөлімнің бастығы М.Ырсымбетовке сенімсіздік жариялаған. Бірақ М.Ырсымбетовке осы уақытқа дейін ешкімнің тісі батпады. Оның неге екенін басқасы басқа сенімсіздік жариялау туралы мәселені көтеріп жүрген халық қалауларының өздерінеде мәлім болса керек. Рас-өтірігін кім білсін, билікте жүрген шенеуніктердің түп-тұқиясына шейін ақтарып, кімнің кіммен ілік шатысы барын, кімнің кіммен көңілі түзу екенін  түгендеп жүретін аңғарымпаз азаматтардың айтуына қарағанда М.Ырсымбетов Жоғарғы соттың төрағасы қызметін атқарған, қазір республиканың Бас прокуроры лауазымында отырған бір дөкеймен жегжаттық байланысы бар болып шықты. Міне, гәп қайда?  М.Ырсымбетов асау тайдай тулауының сыры енді түсінген шығарсыз. Қарап тұрсаңыз, заңдылықты қадағалаушы органның ұшар басында тұрған азаматпен жегжат болу кез-келген басшының қызығып та, қызғанып та қарайтын дәреже емес пе?! 

Осылайша Мақтааралда бұрын-соңды болып көрмеген сот процесі жүріп жатыр. Екіарадағы дауға соңғы нүктені қоятын әрине, сот. Дегенмен арызданушының кіммен жегжат екенін білетін судьяның  соңғы нүктені қоярда қолы қалтырап кетпесе деңіз.

"Рейтинг" газеті, 2009 ж

«Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылсын»
Жетпісбаевтың жалған уәдесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу