«Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылсын»

Oinet.kz 24-07-2009 996

Screenshot_6.jpg

Халық сеніп сайлаған Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары  мен әкім Арман Жетпісбаев бір-бірін  қолдап жұмыс істеудің орнына  жиі шекісуінің ақыры «әкімнің  қызметіне сенімсіздік жариялау туралы» әңгіме қозғалуға дейін жеткенін «Рейтинг» газетінің өткен санында жазған едік.  Екі жақты ерегістің соңы қалалық мәслихаттың хатшысы Нүриддин Жарболовтың «өз еркімен арыз жазып қызметімен қош айтысуымен»  саяси спектакльдің шымылдығы жабылған болатын. Тек депутаттардың емес, сол депутаттарды сайлаған жұрттың да сынына ұшыраудан көз ашпай келе жатқан әкімді айыптаушылардың қатарына қоғамдық ұйымдар да қосылғаны « жығылған үстіне жұдырық» болып отыр. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» деген осы да. Тақырыпты тарқатып айтайық. 

   Сәйкестік пе, әлде алдын ала ойластырылып әдейі жасалған сценарий ме? Бұл жағын білмейміз. Әйтеуір бір білетініміз, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы қызметіне облысымыздағы Ауған соғысы ардагерлері ассоциациясының төрағасы Жангелді Мақашов сайлануы сол-ақ екен енді міне артынша-ақ басқа емес ең басына «Қарулас-Ауғанстан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есебалы Әлиев бастап оны өзгелері қоштап қол қойған үндеу бұрқ ете қалды. Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың атына тым ауыр сындар тағылған бұл үндеудің соңы «қызметінен босатылсын, талабымыз орындалмаса қол жинау акциясын бастаймыз» деп қорытындыланғанына қарағанда көздеген мақсаттарына жетпей көңілдері көншімейтін сыңайлы. Мұны үндеуге қол қойғандармен  тарнайы хабарласқанда да анық аңғардық. Әкімді отырған орынтағымен қоса аударып тастауға тастүйін бекінген топтарға Мақашовтың қаншалықты қатысы барын кім білсін, бірақ Жетпісбаевтың жанында кеңес беріп жүрген атышулы адамдар мен одан бар-жоғы бір саты төмен тұрған лауазымы жоғары қызу қанды шенеуніктерге дейін Шымқаланы басқаруға жаңа басшы келуі үшін жанталасқан әрекеттер жасап жатқаны жасырын емес. Бұл қала әкімі Арман Шәріпбайұлының тізгінді қолдан шығарып алғанын білдіретіні анық. Командасындағы кадрлерді игеруге ерік-жігері жетпеген әкім 1 миллионға жуық тұрғын тұратын облыс орталығын, Елбасының өзі Қазақстандағы үшінші үлкен қала болады деп баға берген Шымкенттің тіршілігін алға сүйрейді деу ақылға қона ма? Жетпісбаевтың «көтере алмас шоқпарды беліне байлап» көпшіліктің сенімін ақтамағанына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қашанғы кешіріммен қарайтыны түсініксіз. Бәлкім бұл түсініксіздіктің түкпірінде бізге беймәлім бір құпия сыр бар шығар. «Жетпісбаевты қызметке әкелген адамдар оны қызғыштай қорғап жүр» деген ел аузындағы әңгіме ойландыратын жағдай. 

  ҮНДЕУ 

   Соңғы қалалық мәслихат сессиясы қала өмірінде орын алған шиеленістердің  шыңы іспеттес болды. Әдетте әкімдердің айтқанына  көніп, айдауына жүретін депутаттар шеп құрып, азаматтық танытып, былтырғы бюджетті атқару туралы есепке әкім тарапынан кіріп кеткен өтірікті бекітуден бас тартты. Сөйтіп, басында қала тарихында болмаған принципшілдік көрсеткен депутаттар ақырында әкім ыңғайына көнгенімен, бұдан кейін шынжыр балақ шұбар төстердің белді басып, елді алдай беруіне де жол бермейтінін көрсетті. Расында, миллионға жуық халқы бар қаламыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете берер көкпардың лағы емес қой. Және, өмірінде бір күн де қоғамдық жұмыспен айналысып көрмеген, тек жабайы капитализмнің  бір тәсілін мықтап меңгеріп, ақша жасап алған жас жігіттерді әкім қоя салу үрдісі бізде мықты. «Жас қой, тәжірибесі жетер ме?» десең, «білмесе ертең үйренеді, істемесе қалай үйренеді?» - деп көрінген көк аттыны әкім қоя салатын болдық. Сонда біздің Шымкент ел басқаруды үйрететін эксперименттер алаңшасы да, шымкенттіктер тәжірибе қояндары ма еді? Үйреніп болғанша жүздеген мың азаматтың тағдырын күйретіп бітпей ме? Міне, жыл өтті. Кімнің кім екені көрінеді.  Кеше ғана облыстық теледидардан қала әкімінің Адырбеков көшесі дайын деп алдап, елбасымыз Н. Назарбаев іссапармен келгенде оған аталмыш көшенің лентасын қидырғанын, ал расында бітпегенін, бүгінгі күн жанталаса асығып бітіріп жатқанын көрсетті. Бізге ендігі қалғаны президентті алдау ма еді?  Осыны істеген адамды миллион халқы бар қаланың әкімі дейміз бе, әлде базардағы «алик-маликтің» шебері дейміз бе? Былтырғы салынған жолға биыл да ысырап боп жатқан ақшаның сұрауы кімде? Ал өтпеген тендерге қожалық еткенді не дейміз? Тумаған сиырдың уызы дейміз бе? Абай атындағы саябақта әлемдік стандарттағы теннис кортын саламыз дедік. Тендер әлі өткен жоқ. Ал әлдекімнің туысы ондаған техника, жүздеген жұмысшысын әкеліп, саябақтың талдарын түбімен қопарып жатты. Әлі қөтпеген дендерде өзі жеңіп шығатынын ол қайдан біліпті? Бұл не деген тас сенім? Сенім бе, әлде  сыбайластардың құпия келісімі ме?  Бүгінгі күні онда тал да, корт та жоқ. Ақша да жоқ.  Ал саябақта тал қопарғыштар да, оған рұқсат бергендер де алаңсыз жүр. 

     А. Мырзахметов облыс әкімі қызметіне тағайындалғанда қала әкімінің қала үшін жүрегі ауырмайтынын сезіп біраз шүйлігіп-ақ еді. Шүйлікпей қайтсін, кризистен қайтіп шығатын амалың бар деген сұраққа осыдан бас-аяғы он-он бес жыл бұрын ауыр өнеркәсіп ордасы болған, бүгін де Қазақстанның үшінші қаласы – алпауыт Шымкенттің басшысы «коммерциялық аялдамалар жасап сатамыз» деп тұрса. «Өзі жас, прогресшіл де әділетшіл» әкім бас болып жеткен биігіміз, деңгейіміз –аялдамаға  газды су будкасын салып, сату болса, жетіскен екенбіз! Осы күнге дейін «Нұр-Отан» партиясына кіруге арланып жүрген жас жігіттің өзінен арланатын күн жеткен жоқ па? Үндемейміз деп, осынша майдаландық. Енді жетер! Біз бүгін облыс әкіміне мынадай талаптар қоямыз:

1. Адырбеков көшесіндегі жөндеу жұмыстарын және Абай атындағы саябақта корт жасауды қандай мекемелер жүргізгенін, олардың шынайы иелері кім екенін ашық түрде, теледидар және газеттер арқылы жариялау. Кінәлі тұлғкаларға тиісті жаза қолдану.

2. Аталмыш мекемелердің өз кемшіліктерін өз есебінен жоюын қамтамасыз ету.

3. Қала әкімі орнынан алынсын. Ендігі эксперимент жасап, тәжірибесіз адамды әкім қоя салу үрдісіне тиым салуды үзілді-кесілді талап етеміз. Бұл жауапты орынға «коммерсант», «жас», «юрист», «экономист» емес, елмен жұмыс істеген, қоғамдық өмірден хабары бар, ақшасымен емес, ізгі істерімен белгілі болған сарабдал саясаткер тағайындалсын.

 Егер жоғарыдағы талаптар орындалмайтын болса қала көлемінде қала әкімінің орнынан кетуін талап етіп қол жинау акциясын бастайтынымызды мәлімдейміз. 

Есебалы Әлиев, 

 «Қарулас-Ауғанстан» қоғамдық 

бірлестігінің төрағасы.

Оңтүстік Қазақстан облыстық

Камлиддин  Дулатов,

 «Қазақ хандығы» қорының президенті

Е. Оспанов,

 «Азамат-Оңтүстік» қоғамдық саяси қозғалысының өкілі

Садриддин Қуат,

Республикалық «Халық дабылы» қоғамдық қозғалысының 

Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы


Асқар Мырзахметов: «Неплохо устроились!» Рахат! Бұлай болмайды
Мәлік Ырсымбетовтың «көкесі» кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу