Болатбек Әлиев елді тағы шулатып жатыр

Oinet.kz 21-06-2023 1825

Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиевтің өзі  туралы әлеуметтік желіде пост жазған азаматты сотқа беріп, бірақ жеңіліп қалғаны туралы ақпараттың арты шуға айналып бара жатыр.

Screenshot_4.jpg

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 7 маусымдағы қаулысына қарағанда,  шымкенттік белсенді Нүркен Айнабеков Болатбек Әлиевтің сыбайлас қылмыс жасап, сотталып шыққаны туралы пост жазған. Мұның соңы Әлиевтің әкімшілік сотқа арыздануына алып келген. Бірақ сот Айнабеков заң бұзбаған деп тапты.

«Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотының 8 мамыр 2001 жылғы үкіміне сай Алиев Болатбек Нажметдинұлы кәзіргі таңда (Нажметдинұлы Болатбек) Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 308-бабының 1-бөлігімен және Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 324-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып түпкілікті 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 18 наурыз 2003 жылғы қаулысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық сотының 8 мамыр 2001 жылғы үкімі күшінде қалдырылған. Атап айтқанда Н.Айнабековпен «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жарияланған мақаласында сот үкімімен анықталған мән жайларды жазған болатын, яғни Н.Айнабековтің жариялаған мақаласында Б.Нажметдинұлының ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер анықталмады»,– деп жазылған сот қаулысында.

Ал бұған Болатбек Нәжметдинұлының өзі не дейді? Жуырда ол фейсбуктегі парақшасында осыған қатысты орыс тілінде пост жариялады. Оның жазуынша, қазір оның қалайша депутат болып сайланып кеткеніне шымкенттік бір журналист зерттеу жүргізіп, Мәжіліске сауал жолдаған көрінеді. Осыдан кейін Нәжметдинұлы 2007 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін, 2009 жылы облыс әкімінің орынбасары болғанын, мұндай жоғары лауазымды қызметке тағайындалатын адамның Президент Әкімшілігінің қатаң сүзгісінен өтетінін алға тартады. Осыдан кейін  2001 жылы Сарыағаш аудандық сотының шешімімен жазадан босатылғанын, ал жазадан босатылған адамның соттылығы жоқ деп танылатынын мәлімдепті. Олай болса, әкімшілік сот Мәжіліс депутатын жазықсыз қаралап отыр ма?

2008 жылы сол кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық көлік департаментінің басшысы қызметін атқарып жүрген Болатбек Әлиевтің өткен-кеткеніне «Рейтинг» газеті де біраз журналистік зерттеу жүргізген болатын. Осы зерттеулерімізге сүйенсек, кеденде жұмыс істеп жүрген Болатбек Әлиевті 2001 жылы Сарыағаш аудандық соты   контрабандаға қатысты айыптармен кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырған. Бірақ ол «Рақымшылық жасау туралы» заңның 3-бабына сәйкес жазадан босатылады. Яғни Мәжіліс депутаты жаза өтеуден «кінәсіз» болғаны үшін емес,  рақымшылық арқылы босатылған.

Одан әрі не болған дейсіздер ғой. Әлиевті басшылар «сыбайлас жемқорлықпен байланысты себептермен» жұмыстан босатады. 2007 жылы көлік департаментінің басшысы қызметіне тағайындалған Әлиев Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотына арызданып, баяғы кеден басшыларының «сыбайлас жемқорлыққа байланысты себептермен» деген бұйрығының күшін жойғызған. Яғни Әлиев өзінің алды-артын осылайша «тазалап» қойған.

Осыдан кейін елді шатастырып отырған сот па, әлде Әлиев пе, оны өзіңіз салмақтап көріңіз.

"Рейтинг" ақпаратттық-сараптамалық газеті,

№24-25, 21 маусым 2023

Шөкеевке жәбір көрсеткен кім? - Отставкіге кеткен экс-әкім сотта жүр
Министр Сүлейменова Мырзахметовтен әулие ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу