Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақстандық гимнастшы
Бейжіңдегі көшбасшы боксшы Серік Сәпиевтің жолы қалай кесілгені жайлы ақпарат құралдарында ұзақ уақытқа дейін жазылып жатты. Төрешілердің көпе-көрнеу әділетсіздік жасап, жеңісті тайландтық боксшыға беріп жібергенін есіне алғанда-ақ бокс жанашырларының қаны әлі күнге дейін қыз-қыз қайнайтыны рас. Алайда, Сәпиевпен қатар Қытай астанасындағы жүбірлі додаға жерлесіміз, қазақтың мақтанышына айналған гимнастшы Әлия Жүсіпованың да әділетсіздіктің құрбаны болғаны сриек айтылады. Әсілі, Әлия Бейжіңнен жүлдемен оралуы тиіс еді. 2004 жылы Афиныда 4-орыннан көрінген талантты гимнастшы Бейжің олимпиадасында топ жарады деп күтілді. Себебі, Ресейдің атақты гимнастшысы Алина Кабаева карьерасын аяқтағандықтан соң, Жүсіпованың мүмкіндігі анағұрлым өсті. Алайда...
Әлия 5-орынға тұрақтады. Көркем гимнастиканың өзіндік ерекшеліктері, сырт көзге білінбейтін заңдары бар. Спортшының тағдырын жеңіл атлетикадағыдай секундтар мен метрлер емес, қазылар алқасының жеке пікірі шешеді. Гимнастшы мың жерден мықты болғанымен, бағасын төмендетуге төрешілер толық құзырлы. Және оларға ешкімнің әмірі жүрмейді. Жүсіпованың да соңғы олимпиададағы жолы осылайша кесілді. Бессонова, Жукова мен Капрановалардың «арқа сүйер ағалары» мықты болғаннан ба, әлде жүлдені тек Ресей мен Украина бөліссін деген жазылмаған қағида қалыптасқан ба, әйтеуір, ресейлік гимнастшылар өрескел қателіктерге жол беріп жатса да әділқазылар алқасы көз жұма қараумен болды. Бұнысын тіпті орыстың спорт комментаторлары да мойындады. Олимпиада күндері «Советский спорт» газетінде жарық көрген мақаладан үзінді келтіре кетейік: «Украиналық Анна Бессонова, ресейлік Ольга Капранова мен Белоруссияның өкілі Инна Жукова да қателіктерге бой алдырды. Ал, қазақстандық Әлия Жүсіпова өзінің номерін өте жоғары деңгейде, қатесіз орындап шықты». Алайда, ресейлік және украиналық гимнастшыларға ең жоғары ұпай берілді.
Әлия спорт залына алғаш рет 6 жасында барды. Бұған әкесі Мақсұттың спортқа деген қызығушылығы септігін тигізді. «Әкем спорттың екі-ақ түрін мойындайды, - дейді Әлияның өзі. – Еркектер үшін бокс, қыздар үшін – көркем гимнастика. Қазір менің 19-жасар інім бокспен шұғылданып жүр. Рингтегі қадамдары жаман емес секілді. Әкемнің өзі де спорт шебері».
Әлияның алғашқы жаттықтырушысы наталья Рогожина қазір Америкада тұрады. Әлі күнге дейін Әлиямен хабарласып тұрады, халықаралық жарыстардағы жеңістеріне шын жүректен қуанады. Соңғы 8 жыл бойы Әлия жеке жаттықтырушысы Екатерина Панченконың бақылауында.
2001 жылдан бері Әлия Мәскеу облысындағы Новогорск қалашығындағы әлемдегі ең үздік гимнастикалық спорт кешенінде жаттығып жүр. Атақты жаттықтырушы Ирина Винер Ресей, Украина мен Әзірбайжанның ең мықты гимнастшыларын тәрбиелейді. Мінезі өте қатал. «Біз казармалық тәртіппен өмір сүреміз. Барлығы да кесте бойынша. Еркінсуге ешқандай мүмкіндігі жоқ. Шымкентке жылына екі-ақ рет келіп жүрмін. Онда да - әрі кетсе бір аптаға жібереді. Алғашқы екі жылы қатты қиналдым, бірақ, кейін бұған да үйреніп кеттім., - дейді Әлия.
Таңғы сағат 8.00-де салмақ өлшеу, 9.00-де хореография. Әр қарай - тынымсыз жаттығу. Әлияның еңбегі зая кеткен жоқ. Әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарында Әлияны жүлдегерлердің қатарына кіргізбеуге қанша тырысқанымен, Азия құрлығында алдына жан салмайды. 2006 жылы Индияда өткен Азия біріншілігінде қатарынан 6 алтын медаль жеңіп алған Әлияның жетістігін қайталау мүмкін шығар, бірақ, асыру ешкімнің қолынан келмейді.
Қазақстанда Әлия жаттыға алатын сапалы гимнастикалық зал мүлдем жоқ. Ең тәуірлері – Шымкент және Астана қалаларында. Алайда, оның өздері де талапқа сай келмейді. Афины олимпиадасынан соң елімізде, әсіресе Шымкентте көркем гимнастикаға деген қызығушылық анағұрлым өсе түсті. Гимнастика залдарына келушілердің көптігі соншалық, бос орын қалмады. Тіпті кейбір ата-аналар кішкентайларының болашақта Әлиядай болып өскенін қалап, 3 жасар баласын да сүйреп алып келеді екен. Әлияның өзі жаттығу жасауды 6 жастан бастау қажет деп есептейді.
Бейжің олимпиададағы әділетсіздік жайлы Әлияның өзі ашылып айтқысы келмейді. «Бұл - өткен күннің ісі ғой, оны ақтарудың қажеті қанша? Қазір бар ойым – алдағы уақытта күтіп тұрған жарыстарға дайындық. Лондон олимпиадасы өтетін жылы жасым 28-ге толады екен. Әлі де бағымды сынап көрсем деймін. Мәселен, Бейжің олимпиадасына 28 жасар испаниялық Альмудена Сид те қатысып, өзінің карьерасындағы ең жоғарғы жетістікке жетті. Демек, мен де үмітімді үзбеймін. Бірақ, ол үшін алдымен олимпиадалық лицензияны жеңіп алу керек», - дейді шымкенттік гимнастшы.
Әлия Жүсіпова биография:
1984 жылы 15 мамырда дүниеге келген.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
2006 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы. Әлем кубогы мен Гран-при ойындарының жүлдегері. Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақстандық гимнастшы.