«Намыс» намысты жырта ала ма?

Oinet.kz 20-02-2009 1263

Screenshot_1.jpg

«Оңтүстік футболында төңкеріс орын алғалы жатыр. Біз барлығын да жыртамыз (сөзбе-сөз аударма – порвем)». Облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің «PROспорт» басылымына берген сұхбатынан ұққанымыз осы. Нұрекең футбол тіліне көшіп, «жыртамыз» деген сөзді жиі пайдаланыпты. Соған қарағанда, шын мәнінде де жырту үшін «Намыс» корпорациясын құру идеясы пайда болғанға ұқсайды. 

- Биылғы чемпионатта ең кемі 4-орынды жеңіп, УЕФА-ға жолдама алуымыз керек. Бұл біздің қолымыздан келеді, - деп желпінпті облыс әкімі. Соңғы рет облысты басқарған әкімдердің дәл мұндай батыл мәлімдемені қашан жасағанын қанша күшенсек те есімізге түсіре алмадық.  Дегенмен, болжам бір басқа да, жасыл алаңдағы шынайы өмір бір басқа. Мына тенденцияны байқадық: чемпионаттың алғашқы 10 турында «Ордабасының» ойынын тамашалауға  жанкүйерлер көбірек жиналса, чемпионаттың соңғы бөлігін ойыншылар бос стадионда өткізеді. Себебі, сүреңсіз ойынды тамашалау жүйкеге ауыр тиетіні бар. Соңғы жылдарда «Ордабасының» бар өнері осыған саяды. 

  Осының барлығы облыстық футбол федерациясының президенті  Нұрғали Әшімовтің жүйкесіне тиген болуы керек, қатардағы өзгеріс емес, бірден төңкеріс жасауға әрекет етті. Негізгі жаңалық -  елмізде  бұрын-соңды болмаған «Намыс» корпорациясының құрылуы. Осының арқасында жас  әрі талантты ойыншыларды тәрбиелеп, ең мықтыларын іріктеу арқылы  бас команданы күшейту. Әшімовтің айтуынша, «Намыстың құрамына «Ордабасы» клубымен қатар бірінші лигада ойнап жүрген «Түркістан» және «Айжарық» командалары, сондай-ақ үш облыстық футбол мектептері енеді.  Осылайша, облыстағы  футбол саласының тізгіні толықтай аталған корпорацияға беріледі. 

Бұл жобаны ойластырғанда шенеуніктердің ұшқыр қиялы әлемнің түкпір-түкпірін шарлап шыққанына қалайша риза болмайсың? Әдетте Калифорнияны аузынан тастамайтын Әшімов бұл жолы Германия мен Португалияны тілге тиек етіпті. «Осы елдердегі футболшыларды даярлау жүйелерін назарға алып, жан-жақты зерттедік. Одан соң біздің менталитетке сай өзгертіп, өзіміз де осы тектес жүйе қалыптастыруға көштік», - дейді Нұрғали Сәдуақасұлы. Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Сержан Тұрсынбековтің есіл-дерті Англияда. «Осы елде көптеген футбол академиялары бар. Жұмыс істеу тәсілі тұп-тура біздің «Намыс» корпорациясына ұқсайды. Біз де осындай жүйе енгізсек, жақсы жетістіктерге жетеміз» - деп, Сержан Тұрсынбеков «Намысқа» мол үміт артатынын жасырмады. 

Осынау «ұлы» жобалар тұрғанда «Ордабасының» қазірден-ақ чемпиондық атақты жеңіп алатынына сене жаздадық.  Бірақ, дәме  бар-ау, пәрмен қалай? Осы жағын ойланып көрейікші. 

«Намыс» корпорациясын құрудағы негізгі мақсат не? Нақтылы атқаратын жоспары қандай? Жұмысын неден бастайды? Жаңа құрылымның жылдық бюджеті қанша болмақ?  Сананы сансыратқан сан сауалдың жауабын алу үшін корпорацияның президенті әрі әзірше жалғыз қызметкері Құрбанәлі Боповпен хабарласып көрдік. «Рейтинг»газетінен едік» дей бергенімізде-ақ «кейін-кейін айтамын», деп телефонын сөндіруге асықты. «Құрекеңнің мұнысы қалай?» - деп таңырқап қалдық. Облыс әкімі ағынан жарылып, республикалық ақпарат құралдарында көл-көсір сұхбат беріп жатқанда, «Намыстың» президенті сұрағымызға жауап беруге неге «намыстанды» екен? Әлде, бұл жобаның біз білмейтін құпиясы бар ма?  

Әрі бері ойланған соң, мынадай қорытындыға келдік. Президент деген дардай атағы болмаса, Құрбанәлі Боповтың қызметкерлері түгілі әлі жеке кеңсесі де жоқ.  Оның үстіне, Құрбанәліні фтубол маманы деп айтуға ауыз бармайды. Бұған дейін комсомолда, одан соң әкімшілікте жұмыс істеп келген  шенеуніктің аяқ астында спорт саласына топ ете түскенін  бапкерлер мен спорт жанашырлары жақтырмады. Тым құрығанда, білікті мамандардан тұратын директорлар кеңесі  құрылса, ол да біраз мәселені шешер еді деген дәмеміз де ақталмады. Кеңестің құрамына қалалық мәслихатың депутаты, облыстық қаржы департаменті директорының орынбасары және отставкадағы ардагер-полковник  бар. Кеңестің тағы бір мүшесі - дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Сержан Тұрсынбеков. «Намыс» жайлы аз-кем мағлұматты содан білдік.  

-«Намыстың  бюджеті әлі белгісіз, - деп бастады әңгімесін Сержан Тұрсынбеков. – Бұл мәселе әлі облыстық мәслихаттың сессиясында талқыға түседі. Корпорацияның құрамына Қажымұқан атындағы орталық стадион да өтеді. Барлық мекемелер бұрынғыдай өз жұмысын жалғастыра береді, бірақ, корпорацияға бағынады. 

-Таңдау неге Құрбанәлі Боповтың кандидатурасына түсті? 

-Ол жағын білмедім. Бізге осы жігітті жіберді. Жалпы, бұрын комсомол кезінде  футбол командасында ойнаған адам ғой. Қалалық әкімшілікте істеген кезінде де спортпен айналысты.  Спортты жақсы біледі. 

-Корпорацияда қанша қызметкер болады?

- Ол енді жұмыс барысында анықталады. Әзірше, бір вице-президент болатыны мәлім. Ол стадионның директоры Құрал Өкшебаев.  Мүмкін, болашақта тағы бір вице-президентті қосармыз.  «Намыс» корпорациясы Қажымұқан атындағы стадионның базасында жұмыс істейтін  болады.   

-Корпорация не үшін  тек футболға арнап құрылды? Басқа да спорт түрлері бар емес пе? Мәселен, бокс?

-Бокстың жеке федерациясы бар. 

-Футбол федерациясы да бар емес пе? 

-Енді, бокстың бұрыннан беделі бар ғой. Ал, футболды дамыту керек. 

-Сіз басқарып отырған басқарманың жылдық  бюджеті қанша?

-Оны қайтесің?

-Құпия емес шығар?

-Жоқ, құпия емес. 

-Бюджетіңізден  58 миллион теңге қаржы қайтып алынатын болды дегенді естіп қалдық. 

-Негізі, ол сөздің  жаны бар. Бюджетіміз қысқаруы мүмкін. 

Футболдың көсегесін «дилетанттар» көгерте алатына сену қиын-ақ. Осы тұрғыда обылстық олимпиада резервтерін даярлау балалар спорт мектебінің директоры Ермек Дәрменовтің пікірін тыңдадық.  

-Жалпы, «намыс» корпорациясын құру – дұрыс идея. Бірақ, оның керек  жағы да, керек емес жағы да бар.  Бір жағынан, бізге жұмыс істеуге қолайлы. Яғни, жас футболшылармен келісім-шарт негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз. Дегенмен, жобаның күмән туғызатын тұстары да жетерлік. Мәселен, орталық стадионның корпорацияның  балансына өтуі.  Теріс пиғылдағылар осыны пайдалануы мүмкін. Корпорацияға кіріп кеткен нысандарды жекешелендіру оңай. Бұл, әрине, алаңдатады. 

-Қазір облысымызда  футбол саласын жақсы білетін мамандарды атап бере аласыз ба?

-Футбол деген кең ұғым ғой. Инфрақұрылым жөнінен Орталық стадионның директоры Құралбек Өкшебаев мықты. Балалар футболында Мұрат Динаевты,  кәсіби мамандар  ретінде Әли Сүймағамбетов пен Бауыржан Баймұхамедовты ұсынар едім. Және, міндетті түрде білікті ардагерді енгізу қажет. Меніңше, Әбихан Әшірбеков секілді азаматтардың айтар ақыл-кеңесі мол. Жалпы, футболдың қыр-сыры көп қой. Әсіресе, балалар тәрбиесіне айрықша назар аудару қажет. 

Маманның пікірі осы. Ал, корпорация басшылығына келген «дилетанттардың» футболдың көсегесін көгертетініне сену қиын-ақ. 

Әлгінде жазғанымыздай, дене шынықтыру және спорт басқармасының бюджеті жыл басында-ақ қомақты қаржыға қысқарғалы тұр. Дағдарыс кезінде корпорация құрып, әлек болудың не қажеті барын түсіне алмады. 

Ол аздай, бұл жоба онсыз да күнін әрең көріп отырған орталық стадионға қосымша салмақ болатын түрі бар. Себебі, стадионды жалға беруден түсетін кішігірім табыстың есебінен корпорация қызметкерлеріне жалақы беруге тура келеді. Оның үстіне, салықтың салмағы да ауырлай түседі. Мемлекеттік қазыналық кәсіпорын үшін қаралған жеңілдіктерден айырылған соң, төленетін салықтың мөлшері он есе өсе түсетін түрі бар.  Ол кезде стадион түгілі футболдың жағдайы қиындай түсері анық.

Чемпионат басталмай жатып-ақ жанкүйерлер дүдәмал күй кешуде.  7 наурызда елдің кезекті чемпионаты басталады. «Ордабасы» Қостанайдың азулы командасы «Тобылды» қабылдайды. Ал, облыс футболын басқарады деген «Намыс» корпорациясы. 

Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақстандық гимнастшы
Есімі – Жайна, лақап аты - «Тайсон»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу