Бейбіт Шүменов: «Осы жазда Майк Тайсонмен жолықтым»
Кезінде олимпиада алтынынан үміткерлердің арасында Бейбіт Шүменовтің есімі жиі аталатын. Бірақ, Бейбіт басқа жолды таңдады. Оның ендігі мақсаты – аты аңызға айналған Мұхамед Али, Майк Тайсон, Леннокс Льюис секілді кәсіпқой бокстың биігін бағындыру. Қазақтан олимпиада мен әлем чемпиондары шыққанымен, кәсіпқой бокста ірі жетістікке жеткен жерлесіміз жоқ.
Америкалықтар Бейбіттің кәсіпқой рингтегі алғашқы қадамдарынан-ақ сескене бастады. Бас-аяғы бір жылдың ішінде 6 кездесу өткізген Шүменов соның бесеуінде қарсыласын есінен тандырып, рингтің еденін иіскетіп, нокаутқа түсірді. Қазақ жігітінің тау қопарар қырқынына әлемнің екі дүркін чемпионы, атақты Монтелл Гриффин де еш тосқауыл қоя алмады. Мұхиттың арғы жағындағы мамандар «2009 жылы Бейбіт чемпион атанады» дегенді бір ауыздан айтып отыр. Ал Бейбіттің өзі не дейді?
- Афиныдағы сәтсіздікті жиі еске аласың ба?
- Афиныда әлсіз болғаным үшін емес, жарақат алғандықтан жүлдеге таласа алмадым. Алғашқы жекпе-жекте Польшаның өкілі-Сидней олимпиадасының күміс жүлдегерімен кездестім. Екінші раундта кезекті соққылардың бірінде қолымды сындырып алдым. Нұрғали Сафиуллинге айтқанымда, «білдірме, кездесудің соңына дейін шыда. Әйтпесе жарыстан шығарып тастайды» деп жігерлендірді. Сол жекпе-жекте бір қолыммен бокстасып жүріп ұттым. Келесі айналымда түркиялық қарсыласпен кездестім. Төреші түркиялық боксшыға қарай іш тартып тұрғанын бірден байқатты. Кейіннен естідім, «Евроспорт» телеарнасының комментаторы тікелей эфирде «Шүменов соққы беріп жатса да, ұпайды түркиялық боксшыға беріп жатыр» деп шыр-пыр болыпты. Қалай десек те, Афиныдағы жолым осылай кесілді.
- Дегенмен, 4 жылдан соң Бейжің олимпиадасы күтіп тұрған еді ғой. Кәсіпқой боксқа не үшін ауыстың?
- Әділетсіздіктің кесірінен. 2006 жылы Қытайдың Миньян қаласында әлем біріншілігі өтетін болды. Жаттықтырушым Нұрғали Сафиуллин мені осы жарысқа дайындай бастады. Алайда Үрімшіге жеткенімізде ұлттық құраманың бас бапкері алдап, орныма бұған дейін менен бірнеше мәрте жеңілген Ердос Жаңабергеновті негізігі құрамаға алды. Бұған наразы болған Сафиуллин қолын бір сілтеді де жаттықтырушылықты тастап, Қытай құрамасына ауысты. Мен де кеттім. Бағымды кәсіпқой бокста сынауға шешім қабылдадым. Америкада болғанымда түсінгенім, бұл елде тек кәсіпқой боксты ғана мойындайды екен. Әуесқойлардың арасында өтетін жарыстарға деген қызығушылық жоқтың қасы. Кәсіпқой бокс-нағыз шоу-бағдарлама. Мұндай кездесулер үлкен ойын-сауық кешендерінде, казиноларда өткізіледі. Телеараналар тікелей эфирден береді. Айналымдағы қаржы миллиондаған доллармен есептеледі. Мен мықтылығымды дәлелдеуім үшін осы бағытты таңдадым. Олимпиадада жеңіске жеткен спортшылар көп болғанымен кешегі Мұхамед Али, Майк Тайсондардың, бүгінгі Кличко мен Маскаевтердің орны бөлек.
- Бір жылда алты кездесу өткізіпсің Бұл аз ба, көп пе?
- Негізі кәсіпқой боксшы жылына екі, әрі кетсе үш кездесу өткізеді. Чемпиондық атаққа таласу үшін алдымен рейтингтік кездесулер өткізуге міндеттісің. Америкада ұпаймен жеңгеннің пайдасы шамалы. Өзгелердің назарын аударғың келсе, тек нокаутпен жеңіп отыруың қажет. Сонда ғана нәтиже шыға бастайды. Седрик Ховард, Шэннон Миллер, Доннел Вигинз, Лавел Фингерлерді алғашқы раундтарда-ақ жеңуімнің әсері байқалмай қалған жоқ. Алғашқы жекпе-жегімді өткізерден бұрын рейтинг бойынша 49-орында тұрғанмын. Қазір 18-орынға көтерілдім. Тағы екі-үш кездесуден соң чемпиондыққа таласамын деген үмітім бар.
- Атақты Монтелл Гриффинді айқын басымдылықпен тізе бүктірдің. Дегенмен осы кездесуге қатысты ел ішінде біраз әңгіме шыққан еді. Кейбіреулер айтып жатты: «Монтелл сатылып кетті» деп...
- Оның барлығы бос сөз. Монтелл Гриффин әйгілі кәсіпқойлар-Джеймс Туни мен Рой Джонсты жеңуі арқылы атын тарихта қалдырған. Әлемннің екі дүркін чемпионы, кәсіпқой бокстың жарық жұлдыздарының бірі. Ақшаға қызығып, жеңісті қолдан бере салатын жігіт емес. Оған өзінің имиджі мен атақ-абыройы әлдеқайда қымбат.
- Чемпион тәжісі үшін бәсекеде негізгі қарсыласың кім?
-Менің салмағымда Рой Джонс мықты деп саналады. Онымен келесі жылы шаршы алаңда кездесуге әрекет жасаудамын. Бірақ бұл оңайға соқпайды. Америкада қарсыласпен келіссөздер жүргізу керек. Кейде ол жарты жылға дейін созылып кетеді.
- Чемпиондық белбеуді тағатыныңа сенімдісің бе?
- Ия, сенімдімін. Басқаша болуы мүмкін емес. Күдіктенсем Америкаға аттанбайтын едім.
- Жалпы кәсіпқой бокстағы заңдылықтарды қазақстандық бокс жанкүйерлері түсіне бермейтіні жасырын емес.
- Кәсіпқой бокс мен үшін әзірше тек шығын әкелуде. Америкада боксшыны жекпе-жекке шақыруың үшін төлеу қажет. Сонда ғана келісімін беруі мүмкін. Бұл негізінен промоутерлердің жұмысы. Дегенмен, мені ақша қызықтырмайды. Мақсатым, әлемді мойындатып, еліміздің намысын қорғау.
- Промоутер демекші, естуімізше, өзіңнің жеке промоутерлік компания ашыпсың...
- Иә, бес кездесуімде нокаутпен жеңіске жеткен соң маған әртүрлі промоутерлер келе бастады. «Топ ранк» деген компания құны үш миллион долларды құрайтын келісім-шарт ұсынды. Одан бас тарттым. Кезінде Костя Цзюдің промоутерлері болған кісі де келіп, ұсыныс жасады. Оны да қабыл алмадым. Өйткені АҚШ-тың промоутерлері ақшаға құнығып кеткен. Ал ондайларға өз басым сенбеймін. Сондықтан, жеке компаниямды ашып, өз бетімше әрекет жасауға көштім. Қазір кезекті жекпе-жекке дайындық үстіндемін. - Кәсіпқой бокста ең үлкен табыстарға жеткен жерлесіміз Василиий Жировпен жолықтың ба?
- Жоқ, онымен хабарласқаным жоқ. Қазір оның дәурені өтті десе де болады. Қарқыны бұрынғыдай емес. Осы жазда Майк Тайсонмен жолықтым. Өзі іздеп келіпті. «Қазақстаннан Брюс Ли шығыпты. Соны өз көзіммен көріп, танысу үшін келдім» деп бастады әңгімесін. Жарты сағаттай сөйлестік. Қазіргі темір Тайсон бұрынғыдай емес, тым әбіржіп кеткен екен. Бетіне, денесіне сурет салып тастаған...
- Қазір қай қалада тұрасың?
- Лас-Вегасты таңдадым. Себебі, көптеген кездесулер негізінен осы қалада өтеді. Қаптаған казино мен түнгі клубтар. Барақ ешқайсысына бір рет те барған емеспін. Бар уақытымды жаттығуға жұмсаймын. Бес уақыт намазымды қаза қылмаймын. Міндетті түрде ораза тұтамын.
- Жеке өміріңде қандай өзгерістер бар? Жуық арада шаңырақ көтеру жоспарыңда бар ма?
- Бокстан басқа мақсат жоқ. Өзгесін кейін көре жатармыз.
-Әңгімеңізге рахмет. Елге чемпион болып оралуыңа тілектеспіз.