Әлжан Жармұхамедов: «Ел дегенде жүрегім езіледі»

Oinet.kz 04-03-2008 1449

201131_7ec22637834c90670bd10b4b1eebdea0.jpg

Қазан айында Алматыға қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы, даңқты баскетболшы Әлжан Жармұхамедов келді. Ол 1972 жылы Мюнхен олимпиадасында КСРО құрамасы сапында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған еді. Әлжан аға қазір Мәскеуде тұрады. Университеттің қыздар командасын жаттықтырады. Тағдыр жазуымен дәм-тұзы Ресей астанасынан бұйырып жүрген ардагер ұл өзінің Қазақстанға келгісі келетінін, өзін қазақ халқының төл перзенті санайтынын айтқан-ды. Сәті түсіп Әлжан Мүсірбекұлымен кеңірек әңгімелескен едік.

     - Әлжан аға, Алматыдан Мәскеуге қандай әсермен оралдыңыз?

    - Әсерім шексіз. Мәскеу әуежайынан Алматыға билет алып, ұшаққа отырғанымда, осының бәрі түсім емес, өңім екеніне әрең сендім. Алматыдағы баскетбол ардагерлерімен, жастармен, жанкүйерлермен кездесуім есімнен кетер емес. Осының бәрін зайыбыма, екі ұлыма айтып бергенімде, олар да үлкен әсерге бөленді. «Мәскеуде сені ешкім құрметтемес еді» деп түйді олар.

    - Жұрт біраз уақытқа дейін сізді өзбек деп келді.

    - Мен 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық ауданына қарасты «Табақсай» ауылында дүниеге келдім. 1950 жылдардың екінші жартысында Бостандық ауданы өзбекстанның қарамағына өтті. Содан ба көпшілік мені өзбек ұлтының өкілі деп ойлайтын. Менің ата-бабам Қызылорда өңірінде тіршілік кешкен. Ашаршылық кезінде әкем Мүсірбек Бостандық ауданына қоныс аударған. Шешем Просковья – запорожьу казагының қызы. Өңімнің ашаңдығы да шешемнен болар.

      - Балалық шағыңызды еске алсаңыз, көз алдыңызға алдымен қандай оқиға келеді?

     - Біз барақта тұратынбыз. Әкем бірде шағындау жер алды да, жалғыз өзі үй соға бастады. Әпкем Тамара екеуміз әкеме түстік ас алып барып беретінбіз. Ұмытпасам, 4 жасар кезім. Үйдің іргетасына шықтым да, ішіне көз жібердім. Үй маған өте биік болып көрінді. Табақсайдағы сол үйіміз әлі күнге дейін бар. Әкем оны түйе кірпіштен тұрғызып еді. Соғылғанына 60 жыл болса да, сүйегі мықты. Қазір кірсем, төбем тиіп қалады. Әкем сол аймақта салған үйлер әлі мызғымай тұр. Ата-анам өте жақсы кісілер еді. Олар төртеумізді - әпкелерім Тамара мен Райханды, мен және інім Ержанды өсіру үшін жан аямай еңбек етті. Ол бір қиын кездер еді, бәрібір біз бақытты болатынбыз.

         - Бала күніңізде қандай едіңіз? Тентектігіңіз болды ма?

     - Қазір ойласам, жүрегі жұмсақ, еңбекқор бала болған тәріздімін. Жалпы сол кездегі балалардың бәрі де сондай еді. Бәрі бау-бақшада қыбырлап, ата-анасына көмектесіп жүретін. Сәл өскен соң әкемнің құрылыс жұмыстарына көмектесе бастадым. Лай айдап, кірпіш құйып, қабырға қаладым. Әкеме көмекке жарағаныма қуанып жүретінмін.

     - Баскетболға келуіңіз де қызықты ғой.

    -  Орта мектепті бітірген соң екі жылға жуық Шыршық қаласындағы «Өзбекхиммаш» зауытында тегістеуші болып жұмыс істедім. Зауыттың спорт секторы Роман Салетдинов мені сыртымнан байқар жүреді екен. Қоймай үгіттеп. Ақыры спортзалға әкеп тынды. Күні бойы зауытта тік тұрып жұмыс істеймін де, кешкісін залда баскетболмен айналысамын. Шынымды айтсам, ол кезде үлкен спортшы болуды армандаған жоқпын. Оның үстіне, жұмыс кезінде оң қолымның екі саусағының басын станокқа кестіріп алған едім. Сол Романың ақылымен 1963 жылы Дене тәрбиесі институтына түстім. Бапкерлер дене тұрқымның баскетболға сай екенін, алайда көп уақытты бос өткізіп алғанымды айтты. Жанымды салып жаттыға бастадым. Тіпті шектен тыс тырысып қойсам керек, бапкерім мені бір жолы санаторийге жіберуге мәжбүр болды. Жүрегіме күш түсіпті, бұдан әрі дәл сондай қарқынмен жаттыға берсем, ауруға ұшырағандей екенмін.

     - КСРО құрамасына қалай алындыңыз?

    - Кәсіпқой баскетболшы ретінде ең алғаш «СКА-Ташкент» командасының сапында ойнадым. 1967 жылы әйгілі бапкер А.Гомельскийдің ЦСКА командасына шақыруын қабыл алмағандықтан, 1968 жылғы олимпиада алдында құрама тізімінде тұрып, аяқ асты сызылып тасталдым. Бәрібір Гомельский қапысын тауып, мені әскери борышты адам ретінде ЦСКА-ға алдырды. Баскетболдағы ірі табыстарымның басым бөлігіне осы команда құрамында жеттім.

      - 1972 жылғы Мюнхен олимпиадасының финалы туралы әңгіме әлі күнге дейін аңызға бергісіз. Есіңізге түсіріңізші. 

     - Мюнхен додасы  қарсаңында КСРО құрамасына күмәнсіз алындым. Бұл кезде әжептәуір танымал, беделді спортшы едім. Жұрт мені «темір Жар» деп атай бастаған шақ. Олимпиадаға күміс медаль алуды жоспарлап барғанбыз. Өйткені АҚШ құрамасы өте күшті еді. Финалда америкалықтармен тоқайластық. Ең қызығы, біз өте жақсы ойнадық, ойын барысында үнемі есеп бойынша алда тұрдық. Алайда ойын бітуге аз уақыт қалғанда америкалықтар екі айып добын соғуға мүмкіндік алды да, Коллинз екеуін де дәл енгізді. Есеп 49:50. Бұл кезде төрешінің соңғы ысқырығына небары 3 секунд қалған еді. Бас бапкер Кондрашин үзіліс (тайм-аут) алып, ақыл-кеңесін берді. Шынымызды айтсақ, біз іштей алтын жүлдемен қоштасып қойғанбыз. Мені алмастырған Иван Едешко допты күтпеген жерден, бүкіл алаңды көктете Александр Беловқа лақтырды. Белов екі америкалықтан сытылып өтіп, допты шеңберге дәл түсірді. Ысқырық! 51:50, біз жеңдік! Бірақ америкалықтар қарсылық хатын жазғандықтан, жеңісіміздің ресми мойындалуын келесі күнге дейін күттік.

      - Қазір сол шақты көбірек есіңізге аласыз ба?

      - Сол шақты ғана емес, сол кездесуде бірге ойнаған командаластарымды да есіме аламын. Өкінішке қарай, олардың біразы өмірден өтіп кетті.

      - Әлжан аға, Алматыға, елге оралғыңыз келе ме?

    - Алматыға тұрақтау – менің 40 жыл бойғы арманым. Алматыны алғаш 1967 жылы көрдім де, қатты ұнатып қалдым. Бір-екі рет Алатаудың баурайындағы қалаға орнығудың мүмкіндігі болған-ды. Бірақ тағдыр мені, не себепті екенін білмеймін, екі ретте де алыстатып жіберді. Осы жолы Алматыға келерде жарым Ларисаға: «Егер ел-жұртым «қал» деп қолқалап жатса, қалып қалуым мүмкін», - деп қалжыңдағанмын. Жарыма да, балаларым Владислав пен    Сергейге де Алматы қатты ұнайды. Дәм бұйырса, елге келу ойымда бар. Басқаны білмеймін, өзімнің туған жер, ата-жұрт дегенде жүрегім езіліп тұрады.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Таңат Нөсербаев «Ордабасыға» оралды
Бейбіт Шүменов: «Осы жазда Майк Тайсонмен жолықтым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу