Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
«Мен оның алғашқы түскен фильмін көрдім. Ол кезде әйелдерге біртүрлі шаш үлгісін жасатып, көздерін быттитып боятқызатын. Рекха дәл сондай кейіпте болды. Сол кезде мен оған соншалықты мән бермеппін. Бұл толық қыздың қолынан не келеді деп ойладым». Ия ұсқынсыз жасөспірім қыз туралы алғашқыда продюссер Шаши Капур ғана осылай ойлаған жоқ. Тіпті ешкім оның жұлдыз болатынына сенген жоқ. Алайда бақ тәңірден ғана беріледі. Болливудтың кино әлеміне Рекха есімімен танылған актриса Бханурекха Ганешан бүгінде әлемге әйгілі, аты аңызға айналған актрисалардың бірі. Оның тұңғиықтан жаралған көздері үнемі бір сырды жасыратындай. Дәл солай. Үндістанның жақұты бүгінде сыры ашылмаған жұмбақ жандардың қатарында. Ол өз өмірі туралы ашылып айта бермейді. Дегенмен оның ақ пен қара жолағы қатарласқан өмір жолына үңіліп көрейік.
Бханурекха 1954 жылы Мадрас қаласында дүниеге келеді. Ата-анасы әртістер болған. Ерлі-зайыптылардың заңды некесі болмағандықтан Рекханың әкесі отбасын тастап кетеді. Бала-шағасын асырау үшін қыздың анасы түсірілім алаңында көп уақытын өткізеді. Стюардесса болуды армандаған болашақ актриса анасының қалауымен жастайынан киноға түсе бастайды. Болашақ жұлдыз алғаш рет экранға 12 жасында «Рангула Ратхам» фильмі арқылы көрінеді. Осылайша Рекха мектепті тастап, нәпақа тауып, отбасының асыраушысының біріне айналады. Түсірілім алаңы оның екінші үйіне айналды. Өзге балалар секілді ойнауға, саябақ аралауға уақыты болмаған ол өзін бақытсыз сезінді. «Бомбей мен үшін адасып жүрген джунгли секілді болды. Қара орманның ішінде өзімді сондай қорғансыз сезіндім. Ол уақыт қорқынышты болғаны соншалық айналамда не болып жатқанын түсіне алмадым. Мен мектепке баруым керек болатын. Балмұздақ жеп, достармен көңіл-көтерудің орнына олар мені студиядан студияға сүйреледі. Ұнатқан тағамымды бермегендері үшін жылайтынмын. Ал костюмдер мен әшекейлер аллергиямды шығарып жіберетін. Ағам нашақор болды. Ал әкем жиі ішкілікке салынатын. Анам қант диабетімен ауырды. Отбасымда береке болды деп айта алмаймын. Осы жағдайдың барлығын көріп өскен мен аузыма тіпті шампан ұрттамадым. Салауатты өмір салтын ұстануым қажет екенін ұғындым»,- дейді Рекха бақытсыз балалығы туралы естелігінде.
Рекха хинди тілін үйренген кезде оған Болливудттың кино әлемінде жаңа есік ашылғандай болды. Бала күнінде актриса толық әрі сүйкімсіз еді. Сондықтан оған үнемі екінші пландағы рольдер бұйыратын. Алайда бойжеткеннің өмірі кейіннен түбегейлі өзгерді. Өйткені оның өмірінде Амитабх Баччан пайда болды. Амитабх - 80 жылдары атағы дүркіреген жас актер еді. Бірге киноға түскен Рекха оған естүссіз ғашық болып қалады. Актердің әйелі мен балаларының барына қарамастан әріптесі сол үшін диета ұстап, иогамен айналысып, көпшілік ортада өзін-өзі ұстауды үйренеді. Ұсқынсыз үйректен сұлу аққуға айналған Рекхаға режиссерлар сол сәттен бастап басты рольдерді ұсына бастайды. Алғашқы фильм сәтті шыққан соң ол Амитабхпен бірге жиырма шақты фильмге түседі. Көрермендер оларды жарасымды жұптардың қатарына жатқызды. Экранның арғы жағындағы махаббат шынайы өмірде жалғасып тапты. Сол кезде Үндістанның басылымдары Амитабх пен Рекханың махаббат хикаялары жайлы жарыса жазып жатты. Актриса бұл қарым-қатынастың баянсыз екенін сезсе де ғашығын өзгеге қимады. 1982 жылы сері жігіт түсірілім кезінде қатты жарақат алып, ауруханаға түсіп қалады. Бірнеше күн комада жатқан ол есін жиған соң сүйіктісімен қош айтысуға бел буып, отбасына оралады. Мұндай шешім актрисаға ауыр соққы болып тигенімен, өз-өзін тастамады. Тілшілер Рекхаға осы күнге дейін ғашығы туралы сұрақ жаудыртуды қойған емес. Сұхбаттардың бірінде жиырма жыл бұрынғы әріптесін ол былай сипаттады: «Амитабх екеуміз табынушыларымыз үшін жарасымды жұп болдық. Көрермен біздің ортақ фильмдерімізді қатты ұнатты. Халық қалағанымен біз бірге бола алмайтынымызды түсіндік. Ия, ол керемет актер. Амитабх өз дикциясын басқара алатын және әріптесіне не қажет екенін айтқызбай түсінетін ғажап маман». Махаббаттан жолы болмаған актриса бар уақытын жұмысына арнап, кино әлемінің шыңын бағындыра бастады. Үндістанның кино саласындағы ең атақты жүлдесі Filmfare Award номинациясын бір емес үш рет жеңіп алады. Атақ-абырой, мансап, ақша Рекхада мұның бәрі болды. Актрисаға тек отбасы жылуы жетпеді. Жалғыздықтан шаршаған ол 1990 жыл Мукеш Агарвали деген бизнесменге тұрмысқа шығады. Күйеуінің суицидке бейімі болатын. 1991 жылы Рекха АҚШ-та іс-сапарлап жүргенде Агарвал «Ешкімді кінәлама» деген бір жапырақ қағаз жазады да өз-өзіне қол жұмсайды. Жолдасының өлімі актрисаға оңайға соқан жоқ. Себебі Мукештің өліміне бәрі әйелін кінәлады. «Біздің некеміздің баянсыз болатынын сезген едім. Өйткені менде Мукешті балаларымның әкесі болады және осы адаммен қалған өмірімді бірге өткіземін деген ой ешқашан болған емес. Солай болды да. Күйеуім бақилық болғанда жақындарымнан, «дос», «әріптес» деп атап жүргендерден қолдау емес теперіш көрдім. Олардың барлығы маған қылмыскер ретінде қарады»,- деп ауыр күндерді еске алады ол. Жанына батқан қазадан кейін Рекха қайтып күйеуге шыққан жоқ.
Тірі адам тіршілігін жасау керек. Еңсесін тез тіктеп алған жұлдыз бар уақытын қайтадан жұмысына арнады. Ол режиссерлар ұсынған рөлдердің ешқайсысынан бас тартқан жоқ. Үлкен, кіші деп бөліп-жарып қараған жоқ. «Фильмнің бір ғана кадріне түссем де тұтас киноға түссем де кәсіби тұрғыдан алып шығамын. Мен үшін кинода ойнау – ауа жұтқанмен бірдей. Құдай маған талант берген соң оны жақсы жағынан қолдана білуім керек. Алайда осы уақыт ішінде маған ерекше әсер еткен рөл болған жоқ. Мен әлі көңілімнен шыққан, үздік кейіпкерімді сомдаған жоқпын. Болашақта сондай кейіпкер бұйырып қалар»,- дейді Рекха. Кино әлеміне аяқ басқан уақыттан бері Бханурекха 180-нен астам фильмге түсіпті. Бүгінде оның талантына Болливуд ғана емес бүкіл әлем бас иеді десек артық айтқандық емес. Рекханың дарыны жайлы доктор Деват Паттанаик былай дейді: «Жиырма бес жылдан бері оның карьерасы тұрақты және белсенді өсіп келеді. Рекханың өзгелерден ерекшелігі ол бір мезетте жезөкше мен мейірімді ана мен әйелдің кейпін сомдай алатын жалғыз актриса». Карьерасына, жер шарына жайылған атағына қарап Рекханың не арманы бар дерсіз. Жүзден аса фильмге түсті, көрермен қошеметіне бөленді, қызыл кілемнің үстінен талай мәрте жүріп өтті, байлыққа қол жеткізді. Расымен де оны бақытты актриса деуге болады, ал әйел тұрғысынан ше?
Бүгінде Болливудттың киножұлдызы Мумбайда ізін жалғастырып жүрген жиені Навид және сенімді хатшысы Фарзанмен бірге тұрады. Ол жалғыз қалғанын және әйел ретінде бақытсыз екенін мойындаған адам. «Мен бақытсызбын. Осы үйді сатып алғанда бауырларыммен бірге тұрамын деп ойлаған едім. Алайда мен жалғыз қалдым. Аға-әпкелерімнің барлығы отбасын құрып, өз жолдарымен кетіп қалды. Мен ғана өз теңімді әлі таба алмадым»,- деп тағдырына өкініш білдіреді. Жалғыз басты әйелге бала асырап алу немесе некесіз ұлды болуды ұсынғандар болған екен. Мұндайларға Рекханың жауабы мынау болды: «Мен өзімшіл емеспін. Некесіз туылған баланың болашағына алаңдаймын. Мен әке махаббатын толық сезіне алмадым. Балалы болу үшін алдымен отбасы институты болуы керек. Дегенмен бала асырап алуыма болар еді. Бірақ қазір менің оған уақытым да күшім де жоқ». Жалғыздыққа мойымаған Рекханың қазір бір ғана арманы бар. Ол тым болмағанда арғы өмірде бақытты болармын деген үмітте. Бақытсыз Рекха!