«Тастан түлкі табылар аңдығанда...»

Oinet.kz 30-09-2019 1864

 Screenshot_9.jpg                                    

            «Атан өлсе сойылар, атам өлсе қойылар, жыл айналып бір келген қансонар қайдан табылар?» деп ата-бабамыз айтып кеткен аңшылық өнер бүгінде жалғасын тауып келеді. Сонау палеолит дәуірінен қалыптасқан аңшылық алғашқыда адамдардың күн көріс қамы болса, бертін келе кәсіпке айналды. Ат үстіне қонып, жанына тазы, қолына бүркітін қондырған қазақтар үшін аңшылық қанға сіңген қасиет болса керек. Саятшылық өнерді бүгінде жалғастырушылар көп болмаса да Оңтүстік өңірінен кездестіруге болады. Солардың бірі Сайрам ауданының тұрғыны – Жәнібек Балданбаев. Тау мен тасты аңдып, ұшқан құс пен жүгірген аңды мүлт жібермейтін әуесқой аңшы бұл өнерді марқұм әкесінен үйренген екен. 

       «Әкем кәсіби аңшы болатын. Нақтырақ айтқанда саятшы. Аңшылық маусымы бастала салысымен атқа қонып, сенімді серіктері бүркіті мен тазыларын ертіп шығып кететін. Қанға сіңген қасиет бойға қонбай тынбайды екен ғой. Он бес-он алты жасымнан бастап мен де әкеммен қосылып аңға шыға бастадым. Қауіп-қатерге толы, қырағылықты қажет ететін осы бір кәсіптің қыр-сырын алғаш рет ол кісіден үйрендім. Жүгірген аңға бірге қыран салып, тазы жүгірттік. Олжалы қайтатынбыз. Нағыз аңшылық, саятшылық деп сол кезеңдерді айтар едім. Ал қазір адамдар жеңіл дүниеге бейім келеді ғой. Бұрынғыдай ат үстінде аң ауламасам да оларды мылтықпен олжалап жүрген жайым бар. Қазақы тазым жоқ, есесіне атқан аң-құстарды алып келуге жәрдемші болып жүретін аңшылыққа арналған орыс спаниелі деп аталатын итім бар»,- дейді ол.

       Жәнібектің айтуынша Оңтүстіктің биылғы ауа-райы аңшылыққа өте қолайлы болыпты. «Биыл аңшылық маусымы қыркүйек айынан қаңтарға дейін созылды. Ауа-райы біз үшін өте қолайлы болды. Қажетті мөлшерде қар жауғанымен қатты суық болған жоқ және жылынып та кеткен жоқ. Маусым көбінесе құстардың келуіне байланысты болады. Қазір аңшыларға құстардан үйрек, қаз, кекілік, шіл, қырғауыл ал аңдардан қоян, түлкі, борсық секілді жануарларды атуға рұқсат етілген. Әр жорықта әйтеуір құр алақан қайтқан жоқпыз»,- дейді аңшы.  Алғашқы жетістік пен табыс қай маманның болсын есінде қалары анық. Әкесінің өнегесін көрген ұл алғаш рет аңшылыққа ұстазсыз шыққанда қанжығасына түлкіні байлапты. «Аңшылар жомарт болып келеді. Көбінесе олжамыздың терісін үлкендерге байлап жібереміз. Тапқаныңның бәрін үйіңе әкете бермейсің. Олжа көп болса бөлісіп аламыз дегендей бәрінің өз жөн-жоралғысы»,- дейді ол.  

      «Аңшылықтың үміт, қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл - салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз-түніндей ыстық сезім өмір. Өйткені бір минуттың ішінде қуантатын да, жүдететін де сәттерді басынан кешіреді». Бұл ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың аңшылық, аңшы туралы тауып айтқан сөзі деуге болады. Тау мен тастың арасы, қыраттарда қанатты мен төрт аяқтыларды аңдыған аңшылардың әр минуты қызықсыз әрі қауіпсіз өтпейтіні анық. Бұл туралы аңшының өзі баяндасын. «Қай жылы екені нақты есімде жоқ. Кекілік аулаға шыққанмын. Жердің бетін әжептәуір қар басқан. Нысанамды көздеп тұрғанда кенеттен  тура алдымнан  қасқыр шыға келді. Өзі аш, кәрі екені көрініп тұр. «Іздегенге сұраған» деді ме мені көре сала атылды. Құдай оңдағанда әйтеуір арамызда бес алты қадам қашықтық бар еді. Басында сақалақтап қалдым. Кейіннен жылдам есімді жидым да қашып жүріп қасқырды ата бастадым. Сөйтіп жыртыштың шабуылынан аман қалдым. Естуімше, қасқырлар «басшыларын» қартайғанда өздері талап жеп қояды екен. Бөрілерден құтылғаны қашып кетеді немесе соларға жем болады екен. Бәлкім мен көрген қасқыр үйірінен қуылған болуы керек»,- дейді Жәнібек Бегалыұлы. Қасқырлар мен шибөрілердің қыс мезгілінде жақын маңдағы ауылдарға кіріп қорадағы малға шабуыл жасайтын кездері аз емес. Қорғансыз халық мұндай жағдайда аңшылардан көмек сұрайды. «Қасқырлардың жалғыз жүрмейтіні белгілі. Олар ауылдарға көбінесе топтасып келеді. Сондықтан қасқырларды бірнеше аңшы аңдиды. Жыртқыштарды бірнеше жерден қоршап алмасаң өміріңе қауіп төндіреді»,- деген аңшы мұндай жағдайға бірнеше рет тап болғанын айтады. 

        Әр кәсіптің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Аңшыларға оңай жерде олжа жоқ. Тау-тасқа тығылған аң мен құстарға оқты дөп тигізу оңай шаруа емес. Бұған асқан қырағылық пен ептілік қажет. Аңшыларға қасқыр немесе түлкі емес қарапайым жабайы қазды ату қиынырақ екен. Себебі қаз өте сезімтал келеді. Айналасындағы түстерге қатты мән беретін көрінеді. Сондықтан аңшылар қамыстың арасына тығылып, қаздың назары аумас үшін топырақ түстес киім киюге тура келеді. Егер оқыс қимыл жасасаң сақ жатқан құсты үркітіп аулың мүмкің. 

Screenshot_10.jpg

     Тау етегінде аңшы құрал-саймансыз аңшы емес. Бабалардан мұра болып қалған кәсіптің өзіне тән құрал-жабдықтары бар.  Бүгінгі кейіпкеріміз жорыққа ең қажетті саймандар мыналар дейді.  «Ежелгі аңыз бойынша, ер жігіттің жеті қазынасы болған – ақылды жары, жүйрік сәйгүлігі, аңшы бүркіті, адал иті, мылтығы, қақпаны мен қазаны. Осы байлықтың барлығы «Жетi қазына» деп аталған. Жеті қазынаның алтауы ертеректе аңшылыққа пайдаланылған. Аңшының ең сенімді серігі жүйрік аты, одан кейін адал иті. Әкем үйде жеті-сегіз тазы ұстайтын. Тазының бір қасиеті – иесінің бұйрығынсыз еш әрекет жасамайды. Тіпті алдына құйған асты да бұйрық бермесең жемейді. Тек қана таза асты жейді. Бірақ олар суыққа төзімді бола бермейді. Сондықтан қысқы мезгілде тазыны ұзақ уақыт ертіп жүруге болмайды. Ерекше күтімді қажет ететін иттің жататын орны жылы болған жөн. Қыран бүркіт – аңшылықтың символы десек болады. Қансонардың бүркітсіз ажары кірмесі анық.   Аңшының келесі ажырамас атрибуты - пышақ. Қарбаласта суырылып түсіп қалмауы үшін пышақты бүлдіргімен байлап қояды. Оған қоса аңның сирағын шығару, пұшпағын алуға қолайлы түрлі өткір кездік, бәкі қоса алып жүреді. Одан кейін қазіргі аңшылыққа таптырмас құрал әрине мылтық. Бағзы аңшылар аңшылыққа мылтығын иығына салып жүре берсе, ал қазір оны қолдануға арнайы рұқсат керек. Мылтығымызды дабыл орнатылған сейфте сақтаймыз.  Сондай-ақ рюкзакқа ішетін су, оқ секілді ұсақ-түйек заттарды салып аламыз. «Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға» деп Абай атамыз айтқандай аңшының киімі ыңғайлы болуы керек. Тым қалың киінуге болмайды»,- дейді Жәнібек Бегалыұлы. 

       Бүгінгі таңда аңшылықтың ұлттық сипаттан алшақтап бара жатқаны рас. Атқа мініп, қолында қыраны, жанында тазысы бар аңшыларды қазақ даласынан сирек көретін болдық. Қазақтың қанына сіңген дәстүр бүгінде неліктен әлсіреп барады? «Қазір аңщылыққа қолайлы мекендердің көбісі мемлекеттік қорықтардың аумағына кіріп кетті. Бұрынғыдай саятшылық құрып жүре алмайсың. Төлеби мен Бәйдібек аудандарының тауларына шығып жүрміз. Оның үстіне біраз аң-құстар Қызыл кітапқа еніп кетті. Егер осылай жалғаса берсе аңшылық жойылып кете ме деген қауіпім де бар. Алайда бұл шектеулерге жақсы жағынан қарауға да болады. Байқағаным қазір екінің бірі мылтық сатып алып, өзін «аңшымын» деп аумақтарға барып бейберекет оқ атып, аң-құстарды үркітуде. Солардың кесірінен маған кейде   тау-бөктердің бауырына тығылған аңдар мен құстар басқа жаққа ауып бара жатқан секілді көрінеді. Мемлекет те аңшылыққа жәйдан-жәй тыйым салып жатқан жоқ шығар. Егер «аңшысымақтар» осылай фауна әлемін жоя берсе, болашақ ұрпаққа не қалады? Жеке бастың құмарлығы үшін ертеңгі ұрпақты ұмыт қалдыруға болмайды»,- дейді ағынан жарылған Жәнібек. 

     Аңшылықты хоббиім дейтін Жәнібек Балданбаев бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған әке. Бір қызығы тазы жүгіртіп, мылтық ұстауды әкесінен үйреген ұлдың перзентінің де аңсары тауға ауып тұрады екен. «Кезінде әкем менің аңшылыққа шығуыма қарсы болған еді. Қанша тыйым салғанымен оны тыңдамай тауға шығып жүрдім. Мектепке биыл аяқ басқан ұлым қазірден аңшылыққа қызығады. Қанда бар нәрсе бәрібір қылаң берей қоймайды екен. Бірақ оның мылтық ұстағанын қаламаймын. Қанша дегенмен суық қару ғой»,- дейді ол.      

       Аңшылық -  дертке шипа, бойға қуат беретін өнер, әрі спорт. Талай қазақ құмартып, талай ақын жырға қосқан, ұлтымыздың ажырамас бөлігіне айналған  өнердің жоғалып кеткенін әсте біз де қаламаймыз. 

         Сандар сөйлейді: Бүгінде Қазақстан аумағында шамамен 690 аңшылық шаруашылық тіркелген. Қорықшылар саны 2600 адамды құрайды. Жануарлар дүниесін қорғауға 2200 автокөлік жұмылдырылған. Аңшылық алқаптардың жалпы ауданы 228 млн га оның 120,4 млн га аңшылық шаруашылықтарына тиесілі. Елімізде бүгінде мылтық қолдануға рұқсат алған 130 мыңнан астам әуесқой және кәсіпқой аңшы бар.  

        Мұрағаттан, 2017 ж

Бақытсыз Бханурекха Ганешан (Рехка)
Балаңыз киберспортшы болса таңқалмаңыз...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу