Түлкібастық «суперполицейге» кім тапсырыс берді?
Оңтүстікте қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді деген полицейлердің керісінше, елді шулатуы кейінгі кездері әдетке айнала бастады. Тәртіп сақшыларының парамен ұсталуы, командирлердің қарамағындағы қызметкерлерінен ақша жинауы, инспекторлардың есірткі саудасына шатылып, алаяқтыққа баруы жиіледі. Әрине, айналып келгенде мұның бәрі полицияның абырой-беделіне, халықтың сеніміне әсер ететіні айдан анық.
Оңтүстікте осындай былық-шылықтың ішінде жүріп, өзінің «мінсіз қызметімен», «кір шалмаған тап-таза жұмысымен», «әділдікті ту еткен принципшілдігімен» елді таң қалдырып, әлеуметтік желінің жұлдызына айналған тәртіп сақшылары да жоқ емес. Солардың бірі һәм бірегейі, генералдың ұлы, атышулы Данияр Мейірханның басы тағы да дауға қалды. Бұған дейін шенеуніктердің қымбат көліктеріндегі тонировканы шешкізіп, заңның қараға да ханға да ортақ екендігін дәлелдеп жүрген, керемет мінсіздігі мен тазалығы үшін суперполицей атанған ол қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды.
Рас, дәл қазіргі уақытта Түлкібас аудандық Полиция бөліміне басшылық жасап жүрген Данияр Мейірхан кепілмен бостандыққа шығарылды. Соттың белгілеп берген 40 миллион теңге кепілге оның достары «Тойота Хайландер» көлігін қойған. Мұны Д.Мейірханның өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
-Мені ұстау, 10 тәулікке қамауға алу және менің изоляторда жатуым - бұл тек менің конституциялық құқықтарымды бұзу ғана емес, сондай-ақ ҚР Қылмыстық Процестік Кодексті де бұзу деп ойлаймын. Мен қылмыскер емеспін, алайда мені ұстау үшін 5 автокөлікке мінген бүтіндей топты жіберген. Мен олардың іс-әрекеті ҚР ҚПК-н бұзатынын айтқанмын. Олардан менің жазықсыз екендігімді дәлелдейтін, яғни бір-екі күнде шешуге болатын материалдарды жинап, оларға ұсынуым үшін бірнеше сағат сұрадым. Бірақ маған әділдікті басқа жерден іздеуім керектігін айтты. Бұл жағдайлар менің қамалуым біреуге өте қажет болған шығар деген ойға итермелейді,-деп жазыпты Түлкібастың бас полицейі. Аудандық полицияға басшылық жасап отырған азаматтың қамалып кетуіне кімдер мүдделі болуы мүмкін. Жұмбақ.
Алғашқыда Д.Мейірханның үстінен «өз бетінше билік ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол кейін кейін «алаяқтық» бабына ауыстырылған. Желідегі жазбасында бас полицей өзіне қатысты қылмыстық іске ешқандай түсінік бермепті. Тіпті бұл туралы жақ ашпапты. Неге?
Бұған дейін ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге, құжаттарға қарағанда, Данияр Мейірханға қатысты мән-жай 25 қаңтарда басталған. Осы күні ол Шымкенттегі автосалондардың біріне хабарласып, бірнеше жылдан бері сенімді танысы болып жүрген азаматқа көлікті несие арқылы алғысы келетінін, несиені үшінші тұлғаға рәсімдейтінін айтқан. Осы күні Д.Мейірхан салонға келіп, құны 21 миллион 990 мың теңге тұратын Kia Sorento көлігін ешқандай рәсімдеусіз, ауызша жасалған келісімге сәйкес алып кетеді. Арада бір ай өткенде, дәлірегі 28 ақпанда ол автосалонмен Мадиярова деген танысының атынан сату-сатып алу туралы келісім-шарт жасаған. Көлік құнының 3 миллион 978 мың теңгесін төлеген. Қалған 16 миллион 112 мың теңгені 4-5 күнде төлеуге уәде еткен. Осыдан кейін көлікті мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеген. 4 наурызда Д.Мейірхан су жаңа мәшинені Мадиярованың атынан шығарып алып, 5 наурызда өз атына рәсімдеген. Бірақ суперполицей қарызынан құтылуға асықпаған сияқты.
Уәде етілген ақша уақытында қайтарылмаған соң, әрине, автосалон иелері Мадиярова мен Мейірханнан қарыздан толық құтылуды талап еткен. Алайда Мадиярова бұл іске өзінің ешқандай қатысының жоқтығын мәлім етсе, Мейірхан автосалонға қарыз еместігін және көлікті де қайтармайтынын айтыпты. Тіпті, ол автосалонды жауып тастайтынын айтып қорқытқан көрінеді (шамасы, қылмыстық істің алғашқыда «өз бетінше билік ету» бабы бойынша қозғалуы осы қорқытуларға байланысты болса керек ). 22 сәуірде автосалон өкілінің арызы Шымкент қаласындағы өзіндік қауіпсіздік басқармасына тіркеледі.
Бұл әрине, тергеу жағының тұжырымы. Ал Данияр Мейірханның өзі және оны қорғаушылар мұндай айыптаулармен келіспейді. Әлеуметтік желіде көптеген белсенділер Түлкібастың бас полицейін ақтап алуға белсене кірісіп кетті. Қазір Данияр Мейірханның фейсбуктегі парақшасында бірқатар құжаттар, арыз-шағымдар, куәгерлердің жауаптары жарияланып жатыр. Осы құжаттардан мынандай бір қызықты жәйт байқалады:
Адвокаттың сотқа жазған шағымына қарағанда, Д.Мейірхан 22 сәуір күні сағат 15-00-де ұсталған. Сонымен бірге парақшаға жоғарыда аты аталған Мадиярова деген азаматшаның банк арқылы автосалонға 16 миллион 112 мың теңгені төлегені туралы түбіртектің көшірмесі де жүктелді. Осы түбіртекке қарағанда, ақша 22 сәуір күні 16-07-де, яғни Данияр Мейірханның ұсталуынан бір сағат өткеннен кейін төленген.
Данияр Мейірханның көлікті автосалоннан 25 қаңтарда алып кеткені белгілі. Суперполицейге қарызын осы уақыт аралығында, дәлірегі қамауға алынғанға дейін төлеп тастауына не кедергі болған? Егер көлік несиеге рәсімделген болса, Д.Мейірхан бұл туралы тиісті құжаттарды неге жарияламады? Бас полицейге қатысты істің осындай қалтарыс-бұлтарысының көптеу екендігі рас. Біраз күдікті жайттар бар.
Данияр Мейірханның үстінен қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлімімен қозғалған көрінеді. Бұл баппен кінәлі деп танылғандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда аталған қылмыстық іс бойынша біреу-міреу сотталып кетеді дегенге сену қиын. Неге десеңіз, қазірдің өзінде жәбірленушіге келтірілген шығын өтелді. Қылмыстық іс күні ертең жәбірленуші мен айыпталушының өзара татуласуына байланысты қысқарып кетуі әбден мүмкін. Яғни, Данияр Мейірханның жақын күндері бұл істен «судан таза, сүттен ақ» болып шығып кетуі әбден ықтимал.
Жалпы, Данияр Мейірханның жүрген жерінде дау-дамайға көп ілігетін полицей екендігі рас. Ол 2019 жылы Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған. Сол жылы желтоқсанда қаладағы мектептердің біріне ол реидпен шығып, дәретхананы күзетпегені үшін дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне дөрекі сөздер айтып, құжаттарын алып қойған. Осыдан кейін ұстаздың қолын қайырып, басқарма алып кеткен. Бұл оқиғаның соңы шуға ұласып, «шаш ал десе, бас алатын» полицейдің әрекетін көпшілік сынға алды. Тіпті білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те алаңдаушылық білдірді. Көп ұзамай Данияр Мейірхан Түлкібас аудандық Полиция бөлімінің басшысы қызметіне ауысты.
Ал мұның алдында, 2017 жылы сол кезде Шымкент қалалық жергілік полиция қызметінің бастығы болып жүрген Данияр Мейірхан тағы да дауға ілікті. Ол түнгі уақытта көшеде реидтке шығып, бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кеткен «Тойота» көлігін тоқтатады. Рульде облыстық прокуратураның қызметкері Нұржан Полатов болған. Прокурордың мас екендігі анықталады. Алғашқыда әкімшілік сот Полатовты мас күйінде рульге отырғаны үшін жауапқа тарту туралы қаулы шығарады. Бірақ кейінірек, сот қайта өтіп, хаттама толтырған полицейлердің әрекетінде заңсыздықтардың болғандығы анықталады. Бұл іс ұзаққа созылды. Бірақ ақыр соңында прокурор жауапқа тартылып, бұдан кейін қызметіне кетіп тынған.
Айтпақшы, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы қызметінде жүрген Данияр Мейірханның кейбір әрекеттерін сол кездегі облыс прокуроры Ибрахим Иманов сынаған болатын. Прокурор оны «нақты іспен емес, өз-өзін жарнамалаумен айналысады» деді.
Ал енді бұл жолы суперполицейдің ісі немен аяқталады? Болған жәйт Данияр Мейірханның қызметтік карьерасына қаншалықты әсер етеді? Оған расында да жала жабылып, жоғарыдан тапсырыс беріліп отыр ма? Бәрі тақсыр уақыттың төрелігінде.
Айта кетейік, Данияр Мейірхан бір кездері Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тергеу басқармасының бастығы болған, одан кейін Қазақстанның бірнеше өңірінің полициясын басқарған генерал Мейірхан Жаманбаевтың ұлы.
"Рейтинг" газеті, 5 мамыр, 2022 ж