Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Қуғын, сүргіннің қара дауылы үріп тұрғанда, адамның қанын суша шашып ажал бүріп тұрғанда, сұм-сұрқия шала байып жорта күліп тұрғанда, ауылға салықшы келіп, екі жеңін түріп, қағаз қаламын баптап алды да:
–Жолдас Марған үкіметке салық төлеуден жалтарыпсың, былайша түтін салығы,аяғыңмен басып тұрған жер салығы, қол салығы, бас, көз, мұрын салығы, күн салығы, жүн, сүйек, тері салығын өтемегенсің, - деп кетік тісінен тілін жылтың еткізіп өзінше заңға бейімдеп борышты үйіп, төге бастады.
– Шырағым тым қуырып кеттің, үкімет тірі жүргеніме ақша бермей ме? Мына жалғыз ешкі асырап отырмын, одан басқа ештеңем жоқ, - деп салықшының бет әлпетінен есіп тұрған үрейге беріктік таныта алмайтынын байқатып сақалын сипады.
– Жүн жоқ дейсің, қара ормандай сақалың жүн емес пе? Көсемдерімізде сақал жоқ, үкіметке тапсырып жіберген. Қиқаңдамай, түрмеге кетпей тұрғанда бұлтақты қойып салықты төле?! Не басыңды ауыртайын бытық бет салықшы Марғанның жалғыз ешкісін де тартып әкетті. Содан ел аузында «ең ауыр салық – сақал салығы» деп ерлер сақал мұрт қоюдан бір жола безіп шығып еді. Діңкіл түрі, қиқу қасіретінен құтылып, сақал жоқ, мұрт жоқ, үкіметтен үміт көп деп мақалдайтын-ды. Одан жаман болған жоқ, аш, жалаңаш жүрседе кісілік келбетін сақтап, түрлі ауру, сырқаудан есен аман жүрді. Әйелдер қайрақтай әп-әдемі ұл, қыздарды өмірге әкелді.
– Е, даңғара кезең бір басқа, өтті, кетті, бүгінгі далбаң қағып жүргендердің кейбірінің өртке күйген ағаштай жүн бетіне қарауға жүрегің дауаламайды, жылтыраған көзінен бір зұлымдықты көргендей қорқасың. И-и, әйелдері ләззат алуға еріндерін таба алмай, найзадай қадалатын жүннен шошып бала тастап жүрген жоқ па? – деп Тымыр өздерінше дандайсыған барықсыздарға ызаланғандай болып еді.
– Бес жүз мыңдай түсік тастатқан әйелдер сақалдан шошыды деуің қисынға келмес, дегенмен, ерлі, зайыпты төсекте ерекше ынтазарлықпен табысқанда жақсы ұрпақ дүниеге келеді деседі. Нәзік сезімді әйел сақал түгелі жағымсыз иістен де жиркеншек келеді, – деп Қымыр көшелерден көп көретін жап-жас жігіттердің әп-әдемі бетін қылшық, қыбырмен айғыздаған ұсқынсыздығын жаратпайтынын білдірді. «Ей, ердің бетіне біткен сұлулықты түсінбейтіндерді баяғыдай салықта тоқтата алмас. Әлемде дүлей борандай соғып тұрған дінбұзарлар, зәлім терроршылардың паролі осы сақал сияқты көрінеді. «Біреу - қайқыны сүйеді, біреу - дүңкіні сұйеді» дегендей шет елден дүркіреп келіп жатқан жамандық аз ба?
– Бәрінен бұрын ойлаймын, әйелдерге обал, тәтті еріннен шырын дәм тата алмай мұңданып жүре ме деп.
– Е, төсекте ләззат ала алмаған ертедегі аналарымыздан қалған сөзде: «Көңілсізден көтсіз бала туады» депті. Бүгінде үш жүз мыңдай белсіз ұрпақ, тіпті әлемдегі әйелге әйел, еркекке еркек үйленудің масқарсы қара ормандай сақалдан үрейленіп төсектен шошуы емес пе? – деп Қымыр: «Сәкен сықылды сұлу келбетке расында қара мұрт жарасады. Бірақ, біздің қазақ сақал қоюды жасы алпыстан асып, айбары әлсіреген кезде қойған ғой. Демек, сақалды үрейге жорыған сыңайлы, кәртайғанда сый, құрметі әлсірей бастағанда есерлер кездессе «сақалымды сыйламайсың ба?» деуі соған мысал тәрізді. Үйде де, түзде де сақалын үрейдей сезініп тұнжырап тынатын сықылды. Дәуірлеген жастық дәуренімен үнсіз қоштасу кезеңін білдіреді. «Ақсақалда ақыл бар» дегізіп о дүниеге жақындаудың белгісіндей көрінеді ме екен?.
– Бүгінгі жастар немене анасының құрсағынан қартайып сақалымен туылды ма?. Құрыш білекті, отты жүректі, ерлік айбары жеткілікті болып тұрғанда сақал қойып алжығандай болуын жұрт қалай көрсе, олай көрсін, өзім жөнсіз деп білемін. Ең қауіптісі ұйысқан сақалдың әр талында нетүрлі шаң, тозаң, лас, қоқым қанша тазартсаңда кете қоймас. Қазақ: «албастының бәрі ауыздан кіреді» дегенді түсінбей әйеліне, бала, шағасына сүйісу арқылы нетүрлі дерт тауып бермей ме? Сүйіскенде елу мыңдай микробты бір - біріне жұқтырады дегенді медицина да жоққа шығармас. Қазақтың жырларында да ауыз сүйісуі кездеспесе, үнді киноларында да махаббаты қызғандардың да сүйіскенін көрмейсің, – деді Тымыр құбақан жүзіне арқаның аязы көрік бергендей сезініп.
– Бұл ойыңды тән саулығына қатысты деп қойыңыз. Әлемде дауасыз дерт, сөнуі қиын өртке айналған дінбұзарлардың нетүрлі зұлымдығы, сойқандығы сақалдылардан басталғанына күмән көп. Қазақтың біразының қара шаңырағын арақ ойрандап еді. Содан зәрәзәп болған ата-аналар кеңес үкіметі тыраң етіп құлағасын ер жеткен ұлдарын дін жолына бағыштап Әбсаттар қажының тұсында Араб елдеріне оқуға жіберді. Олардың көбі исламның даңғыл жолынан адасып, дінбұзудың түрлі зұлымдық даярлығына жетіліп, қобыраған сақалдарын сүйретіп мешіттерге кіріп дәйек таппай жат пиғылдарын өзгелерге үйретіп,соңына еріте бастады. Түрлі,түсті сақалдылар Ақтөбеде, Атырауда сойқандығын көрсетсе, қағынан жеріген құлан қаңғырып өлер деп, Серия жаққа қаншама сақалдыларымыз дерексіз діннің зардабын шегіп, ата-анасын, туыс-туғанын ел алдында қара бет атандырып отыр. Әбсаттар қажы шет елден білім алғандардың тірлігін, адамдық қарым-қатынасын бірден бақылауға алғанда зұлымдыққа дәмелінің қадамын тиып тастауға болатын еді. Аңсыздықтан біраз адамның обалына қалдық, – деп Қымыр тірліктің сұлулығына елігетін сезімін жариялап: – Кейбір пенде қызық, бедені бұзылмаған сұлулығын өзіне көпсіне ме екен? Көркін алатын сақал қойып. Кейде ойлаймын, үсті-үстіне айырылысып жатқан жастардың жанұяны тұрақты құра алмауына сақалдың зияны тиіп тұрған жоқ па? Төсектен ләззат ала алмаса безе қашпай ма? Әлде вахабист болып кетеді деп әйелі қорқа ма? Қорықпай қайтеді, әлемде бесік табы белінен шықпаған бала дейсің бе, жар сүйіп жар қызығын, бала сүйіп бала қызығын көрмеген қыз дейсің бе, беліне, қойны, қонышына жарылғыш толтырып көпшіліктің ортасына кіріп өзін де, өзгені деп ажал құштырып лаңдатып жатыр. Терроршылық үшінші дүниежүзілік соғыс талай жазықсыздың өмірін ойрандады. Оны әлемдік кейбір көсемдер біліп, қайрансыздық танытса, үреймен жұмыр жерді басқарудың тәсілі ме деп қаласың. Дер уақытында елең етпеудің кесірі аз емес. Кейбір сақалды дінбұзарлар: «Біреудің жанын қинамаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі барлық адамды өлтірумен тең, – дейді қасиетті Құранда, – дегенді бой тұмардай сақтай ала ма? Ай, қайдам. Бірдің емес, ондардың, әлемде мыңдардың жанының жарасы бар. Пендеміз бәрімізде, өмір сүреміз әлімізше. Жүрген жолым даңғыл ма, әлде қасіреті қалың бұралаң, өзгелер емес, өзім ғана оны ұға аламын. Өзгертуге әлемді күшім сірә келмейді, қос қарашықта тұрған дүние, қызығын неге қантөгіссіз көрмеймін. Сақалды болып зәлім атанғанша, сақалсыз боп өлейін, – деп ана жылы «Кеңқияқта» дінбұзарларды құрықтау кезінде дүкеннен келе жатқан бүлдіршіннің оққа ұшқанының қайғысы ұмытылар ма? Дінбұзарлар түтіктерді тесіп мұнайын сорғызып автокөліктермен Ауғанстанға дейін асырып қылмыс жасағаны және бар. Шет елдің терроршы, вахабист тобырларымен байланысып күндіз мешітке барып, түнде ел байлығын тонауды айтасың, сойқынды содырлар өлген адамды тездетіп көміп, моласын тегістеп тастауға дейін күштеп әрекет етуге бар, өктемдікпен бет қаратар түрі жоқ, – деп Жанай Токов зарын шағатын еді. Ел тынышын кетірген кейбір сақалдылардың әлегіне басқа да мысалдар жетерлік. Қайдағыбір шет елден келген зұлымдық елес емес, шындық. Терроршылардың әлемдегі қан қақсатып жатқан зұлымдығын айтып түгесе алмассың. Ертеде базардағы байдың сақалы өртеніп жатқанда, жанына делдалшы жетіп келіп қолымды жылытып алайын депті деседі. Сол айтқандай зұлымдықтың делдалшылары есепті дінбұзарлардың оңазаланған зұлымдығынан сақтансаң сақталарсың. Сонымен түрлі, түсті сақалдылардың көзіне оқтын-оқтын тіке қарап, мініскердей жіті бақылайтын кезең келіп тұр. Қазақ: «қотыр қолдан, таз тақиядан жұғады» дегеніндей шет елдік терроршы сақалдылардан бір жамандық жұғып жүрмесін деп қара шаңырағымыздың, еліміздің амандығына жаппай тілекші болудың басты амалы жан-жағымыздағыларға өте сергектікпен қарауымыз артық болмас, – деп Қымыр да, Тымыр да, толып жүрген көше тазалаушылар желтоқсан айының онкүндігінде қалың түскен қарды тазартып, таза ауаны қомағайлана жұтып тағат таппай рахаттанып жүрді. Қазақи мінезімізде ықыласты көзден, мейірді көңілден (сақалдан емес) күтетін кеңшілдігімізге жат көздің сұғы өтпегей... – дей берді де Қымыр ойын өткірлеп Жанайдың сөзін тірлітіп: «Сұрапыл соғыс жылдарында Бөжен деген ауылдасымыз бұрқыратып сақал өсіріпті. Әкесі сегіз өрме қамшысын қолына ұстап: «Оу, сақалыңды сонша өсіріп қарттықты шақырып көзіңе жын көрінді ме?»демей ме? Сонда ұлы қабырдан шыққандай сазарып: «Соғыс ажал, барғым келмейді, шалды алмайды дейді ғой қорқақтық шикі ойын білдіреді. Сол сәтте әкесі қамшысын үйіріп: «Не деп сандырақтайсың жарымес неме, ел қатарлы соғысқа бар, пәленшенің баласы соғыстан қашып жүр деген сөзді естігенше тірідей қабіріме түсейін. Жарымес неме сақалыңды талдап жұлмастан бұрын өзің алып, жігітке ұқсап майданға аттан! - деп әмір етпей ме? Әкесінен қорыққаннан кейін Бәжен әскери комисариятқа барғанда саңыраулық ролді қатырып ойнайды. Дәрігерде байқампаз болса керек саңыраусыған Бәженге. «Кете бер, армияға жарамайсың» - депті. Бәжен сыртқы есіккке жақындай бергенде дәрігер: - Ақшаң түсіп қалды, дегенде Бәжен жалт қарапты. Сөйтіп қулығының жолы болмаған Бәжен қан майданға кете барған-ды... Қорқақтықпен сақал қойып, саңырау болып жаман ырым бастаған Бәжен шолақ қол боп елге оралды. Жұрт: «Фашистер оқ жаудырып жатқанда қолын окоптан шығарып жараланған шығар, деп өлгенінше мысқылдап жүрді. Осындай да сақал қойғандар болған еді... Абайша айтқанда: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» десе – кейбіреулер бетінің ұсқынын бұзып жүр. Сонымен айналамызда түрлі-түсті сақал бар, жаратпасаң да сұқтанып қарап қал?..
Табыл Құлияс, жазушы