«Қарттар үйінде» жатып, ұлының бақытын тілеген әке
«Қариясы бар ел қазыналы» дейтін қазақтың жерінде бүгінде «Қарттар үйі» көп. Әрбір адамға өз әке-шешесінен жақын адам жоқ. Өкінішке қарай, өзін мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтімен емізіп, төрт ұйқысын төрт бөліп, сәбиін тербетіп, таң атқызған анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының бақыты, игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін ұмытып, қартайған шағында өмір тәлкегіне лақтырып кеткен қатыгез балалар да арамызда жетерлік. Безбүйрек балаларының қалауымен осы қарттар үйінде талай қазақтың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары өмір сүріп жатыр.
Шымкенттегі іргетасы 1965 жылы қаланған «Қарттар үйінде» 300-ге тарта қариялар тіршілік кешуде. Жақында редакциямызға сол «мемлекеттік баспанадан» Сынатулла атты ақсақал назын айта келді. Қартайған шағында бала-шаға, немерелерінің қызығын көрмей үкіметтің нанын жеп, суын ішіп жүрген ақсақалды мазалаған туған ұлының жайы екен. «Әділдік іздеп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады, ендігі бар үмітім баспасөзде» дейді ол. «Қарттар үйін» бірнеше жылдан бері мекен етіп келемін. Туған перзенттерімнің ортасында шалқып-тасып жүрмесем де мұнда жағдайымыз жаман емес. Тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін. Шындығын айтқанда төрт мезгіл асты өз үйімде де ішпеуші едім. Балтырың сыздап, ауырып қалсаң медбикелер сырқатыңды жазып береді. Әрдайым медициналық тексерулерден өткізіп тұрады. Қарттар жабырқамасын деп жиі-жиі концерттер өткізіледі. Сыр тарқатып, шер айтатын замандастарым да бар жанымда. Бірақ қарның тоқ болғанымен туған-туыстан жырақта жүргесін көңілің тоқ болмайды екен. Әке болғасын перзенттерімнің жағдайын үнемі ойлап уайымдап жүремін. Мені осында жетелеп келген де сол ұлымның проблемасы. Ұлым Аманбек құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Өзінің екі-үш адамнан құралған кішігірім бригадасы бар. Онымен бірде жолыққанымда Шымкенттегі алпауыт бір компанияның маңдай терімен тапқан жалақысын бермей жүргенін жеткізіп, өкпесін айтқан еді. Отбасын асырап отырған төрт бірдей жігіттің еңбекақысын бермеуге кімнің ақысы бар екен?! Содан өзіне тиесілі ақшасын ала алмай жүрген ұлыма көмектесуге бел байладым» ,- дейді ақсақал.
Өзегінен тепсе де ұлына алаңдаған Сынатулла қарттың айтып отырған компаниясы «Шымкент автоматика» ЖШС. Оның сөзіне қарағанда дәл осы компания қаладағы «Нұрсәт» шағын ауданы Арғынбеков көшесінің бойындағы 5 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуді мойнына алып, құрылысшылар ретінде Аманбек бастаған топты жалдаған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң компания басшысы жұмысшыларға тиесілі 1 миллион 497200 теңгенің небәрі 400 000 мың теңгесін беріп, шығарып салған. «Ұлым жалақысын толық сұрағанда компания басшысы «мен ақшаны толық өтедім» деп жалған сөзбен өзіне ешкімді жолатпай қойған. Істің ақ қарасын білген соң оған мен де барып жолықтым. Ол менің ақ сақалымды да, жасымды да сыйламай ауыр сөздер айтып, «қолдарыңнан ештеңе келмейді, білгендеріңді істеңдер» деген сыңайлы сөздер айтты. Содан соң заңға жүгініп Оңтүстік Қазақстан облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына жағдайды баяндап, хат жолдадым. Бәрібір нәтиже шықпады. Амалым құрыған соң адвокат жалдап едім. Одан да түк бітіре алмадым. Өзгелерден қайран болмаған соң халықтың көзі, құлағы баспасөзге үміт артып келдім. Ұлымның күндіз-түні тер төгіп, еңбектеніп тапқан ақшасын алса екен деймін. Оның қиналып жүргенін көру мен үшін ауыр»,- дейді Сынатулла қарт.
Бейнетінің зейнетін көрер шақта әкесін мемлекетке жаутаңдатып қойған ұл әкенің осылайша шырылдауына лайықты ма? Перзенттік борыышын өтемеген ұл басына қиындық түскенде әкесін іздегені қалай? «Ұлыңыз қайда, неге келмеді?» деген сұрағымызға ол «ұлым жұмыста ғой, ары-бері жүруге уақытысы бола бермейді» деп қысқа қайырды. Үйінің төрінен орын бермеген перзент асқар тауы аяулы әкесін қартайғанда әр есікті сығалатып жүруге мәжбүрлегеніне қарап басыңды шайқамасқа амалың жоқ.
«Қарттар үйіндегі» әрбір ақсақалдың тағдыры әр қилы. Бірі жанашырынан айырылып, қамқорлыққа алар перзенті, туысы болмағасын қарттар үйін мекен етсе, енді бірі қатыгез ұл-қызының мейірімсіздігінен жат баспанада күн санап жүр. «Қарттар үйінің» қызметкерлерінің сөзіне қарағанда кейбір ақсақалдар мен апалардың мұндай күйге түсуіне өздерінің кінәлары бар дейді. Яғни шатақ мінезін қартайғанда да қоя алмағандар бала-шаға, келін, немерелерімен сыйыспай, үкіметтің үйіне паналайтын көрінеді. Солайы солай шығар. Дегенмен, қазақта «әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген қанатты сөз бар. Сені өмірге әкелген ата-анаң қандай болса да оған құрмет көрсетіп, борышыңды өтеуің бұл өмірдегі басты парыздарыңның бірі емес пе? «Қарттар үйінде» тұрып жатса да тамырында қаны ағып тұрған ұл-қызының жайын ойлап, Алладан бақытын тілеген Сынатулла секілді қарттардың талайы іштен тынып жүрген шығар.