«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
- Қарлығаш Лесқызы, әйел адамдардың арасында суретшілер сирек. Сізге ең алдымен әйел деп қарау қарау керек пе, әлде суретші ме?
- Әйел адамдардың суретші бола бермейтіні рас. Қазақстанда танымал екі әйел суретші бар. Олар Гүлфайруз Смайлова мен Айша Ғалымбаева. Мен де солар секілді қазақ сурет өнерінде өз қолтаңбамды қалдыруға ұмтылыс үстіндемін. Бірақ ешкімге еліктемеймін. Суретші ретінде басқалардан ерекшеленгім келеді. Әйел адамдардың қолынан шыққан туындылар бірден білініп тұрады. Олар көбінесе табиғат, гүл, құстар секілді жеңіл, нәзік тақырыптарды салады. Ал халық менің туындыларымды көргенде әйел адамдың каринасы екен деп айтпаса екен деймін. Сол себепті жеңіл тақырыптардан аулақ болып, әр картинама философиялық ой беруге тырысамын. Барлық замандағы қоғамда суретшілер көп болған. Бірақ оның санаулыларының ғана тарихта аты қалды. Өйткені олар ең бірінші болып сурет өнеріне жаңалық, өзгеріс енгізгендер, жаңа стильді ұстанғандар. Менің негізгі мақсатым тарихта ізім қалу үшін олардан да тың картиналар жасау. Туындыларымды көргенде Қарлығаштың суреті ғой деп бірден танитындай дүниелер жасауға жанталасамын. Яғни мені бірінші кезекте әйел деп емес суретші ретінде қарап, бағалаған дұрыс.
- Суретші нағыз шығармашылықтың адамы. Оның бойында қандай қасиеттер болу қажет?
- Талант болса да суретші болу оңай емес. Бір картинаны салудың өзі қаншама қажырлықты, төзімділікті, білімді, уақытты қажет етеді. Суретті салуды бастамас бұрын не салатыныңды, ол адам немесе зат туралы қаншалықты білетініңді ойланып алған жөн. Өз басым кітапты көп оқимын. Барлығын зерттеп, біліп алған соң барып жұмысыңды бастасаң, оны сезіне аласың, көз алдыңа елестете аласың, содан кейін барып картинаңа ой, жан беруге құдіретің жетеді. Біреулер табиғатқа шығып тау бөктерін фотоаппаратқа түсіріп алады да, дайын суретке қарап салады. Табиғат аясында отырып, қарап салса да картинасы ешқандай мағынасыз, бос болып шығатындар да бар. Өйткені ол суретшіде білім таяз, ой, мақсат жоқ. Көп суретші өзі өлген соң суреттерім қымбат бағаланып, үлкен сұранысқа ие болады деп ойлайды. Жасаған дүниең бағалы болу үшін, ойың, мақсатың да бағалы болу керек емес пе? Шығармашылық адамдар әрқашанда қоғамның ойынан озық жүреді. Жұрт әлі ойлай алмайтын, қабілеті жетпейтін нәрсені сен ойлап, түсініп, ойың, көзқарасың олардан бірнеше қадам алда болу қажет. Салған суреттеріңнің айтар ойы озық болса, міне сонда оны бағалы дүниеге жатқызуға болады. Мейлі өз заманында жұрт сені, картинаңды да түсініп те, бағаламай алмай-ақ та қойсын. Бірақ жиырма жыл, жарты ғасыр, мүмкін бір ғасырдан кейін барып, халықтың ой өрісі сенің картинаңды түсініп, қабілеттері жеткен кезде ғана қызығып, бағалауы мүмкін. Алаштың арысы Ахмет Байтұрсыновтың сөзі бар ғой: «Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын. Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп. Сол секілді бүгінгі күнді емес, болашақты ойлай алсаң, жалпы суретшілер емес ақын-жазушылардың да ең басты асыл қасиеттері деп білемін.
- Коллекцияларыңыздың біразын үкінің бейнесіне арнағаныңызды аңғардық. Үкінің музаңызға айналуының себебі неде?
- Менің нағыз суртеші ретінде алғаш зерттеп, айналысқан тақырыбым үкі болды. Колледжде кескіндеме өнерінің тарихы пәнінен дәріс беріп келемін. Сол өнердің дамуындағы сопылық кезең мені қатты қызықтырды. Сопылық дәуірдегі жырларға, аңыз, әңгімелерге үңіліп қарасаңыз, үкіні данышпан, ақылдың символы ретінде көрсеткен. Содан мен де үкі туралы кеңірек зерттеп, суреттерін сала бастадым. Ол туралы бір аңызды айтып берейін. Дүние жүзіндегі барлық құс атаулының тұмсықтарының екі жағында тесік болады. Тек үкіде ғана болмайды екен. Оның себебі мынада: Сүлеймен патша тоқалын өте жақсы көріп, қатты құрмет тұтады екен. Бір күні сұлу әйелі маған құстың сүйегінен сарай тұрғызып бер деп айтқан көрінеді.Сүйген жарының айтқанын екі етпейтін патша дереу бүкіл құстың сарайына жиналуын бұйырады. Содан бұйрықты естіген бүкіл құс сарайға жиналса, араларында үкі жоқ екен. Бұйрығына бас имеген үкіге қатты ашуланған патша оны тез арада тауып келуді тапсырады. Тәкаппар үкі патшаның алдына келеді. Патша: «Сен неге менің бұйрығыма бас имейсің»,- десе, үкі: «Мен тек патшаның бұйрығына ғана бағынамын, оның әйеліне емес» деген екен. Үкінің сөзіне риза болған патша оны босатып жібереді. Ал қалған құстардың барлығының тұмсықтарын тесіп шынжырға байлап қойған деседі. Міне содан үкінің тұмсығы бүтін қалған екен. Өз картиналарымда үкінің сабырлы, данышпан, данагөй қасиеттерін арқау етіп, бейнелеп, жеткізуді ойладым. Сол үкілеріме қарап, таныстарымның барлығы мені «үкілі қыз» деп атап, «өзің де сол үкіге ұқсап кеткенсің» деп қалжыңдайтын болды.
-Адамның салған суретіне қарап оның мінезін, психологиясын білуге бола ма?
- Әрине. Әр суреттен жұмыстың мақсатын көруге болады. Мына суретші өзіне мынадай мақсат қойған, оның айтар ойы мынадай болған, мына нәрсені жақсы көреді, мынаны жек көреді деген сияқты. Өйткені суретшінің ішкі жан тебіренісі, қуанышы, күйзелісі, арманы сыртқа сурет арқылы шығады. Мысалы атақты суретші Винсент Ван Гогтың жұмыстарын көрсеңіз тұрмысы нашар, аш құрсақ жүргені байқалады. Ал 16 ғасырда өмір сүрген немістің суретшісі Альбрехт Дюрер мен Сальвадор Далидің кариналарын алсаңыз, кедейшілік көріністен гөрі байлық, молшылықтың бейнелерін көруге болады. Әр туындыларын асықпай, өте ұқыптылықпен салғандарын байқауға болады. Бірақ мұның барлығын қарапайым адамдардан гөрі суретшілер көбірек сезіне алады. Суретшілерді психолог деп атауға да болады. Өз басым портреттерді енді салып жүргенімде, қоғамдық жерлерде, автобуста адамдардың жүздеріне қарап қалатын әдетім бар еді. Көзі дөңгелек екен, мұрны ұзын екен, шашы бұйра деп әр деталына қарайсың, бір нәрсені уайымдап тұрғаны, қорқып немесе терең ойға беріліп тұрғаны, жұмсақ, қатал адам екенін ажыратып, сол сәтте келбетін қаламмен емес ойша салып тұрасың. Мен кез-келген картинаны көргенде суретші бұл туынды арқылы не айтқысы келгенін, салған кезде оның көңіл-күйі қандай болғанын білуге құмартып тұрамын.
- Қазақстанның сурет өнерінде бүгінде нендей өзгерістер байқадыңыз?
- Кез-келген саланың басталуы, өрлеуі, құлдырауы болады. Бірақ сурет өнері ешқашан өлмейді. Қазір Қазақстанда бұрынғы жылдармен салыстырғанда даму бәсеңдеу. Себебі көп суретшілер қазір мемлекетке жұмыс істегісі келмейді. Тіршіліктің күйбеңіне түсіп кеткен. «Мен осы суретті салсам және сатсам». Яғни шығармашылықтан гөрі бизнеске жақындау. Бірақ бұған суретшілерді де кінәлауға болмайды. Өмірдің өзі соған итермелеп отыр. Тек өнерді ғана ойлайтындар да бар, әрине. Бірақ өте аз. Одан кейін олар заманауи әдістерге көшуде. Бояумен картина салмай компьютер арқылы қысқа метражды сюжеттер, инсталляция, перформия жасайтындар көбейіп кетті. Оның барлығы бір күндік дүниелер. Олар ертең сақталмайды. Дегенмен Оңтүстіктің суретшілерін өзге аймақтармен салыстырғанда белсенді деп айта аламын.
Бірақ академия, колледждерде сабақ беру жүйесіндегі бір кемшілікті айтайын. Қазір шетелдік тәжірибеге сүйеніп, дәрістердің сағаттарын азайтып жатыр. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Әсіресе өнер саласындағы мамандықтарға. Бұрындары бес-алты сағат отырып, дәрісті тыңдай отырып, сурет салатын едік. Ал қазір екі-ақ сағат. Айналдырған екі сағатта олар не үйренеді, бір сызықты сызамын дегенше өтіп кетеді. Соның әсерінен олардың да сурет салуға құлықтары азайып барады. Жалпы қазіргі жастарды түсіну қиын. Кезінде мен Республикалық Суретшілер Одағы жастар бірлестігінің төрайымы болдым. Сол кездегі студенттар, жастар қандай белсенді еді. Мен де, олар да күндіз-түні еңбектеніп, ізденіп, қөрмелерді көптеп ұйымдасыратынбыз. Олар көрмеге туындыларын ілу үшін асығып, картиналарын қайта-қайта өңдеп жүретін. Бүгінгі студенттер ондай емес. Кітапқа үңілетіндері де сирек. Баланың ойы бос болса, оның жұмысы да бос болады. Кітап оқымаған адам пісіп, жетілмейді. Соны түсінетін жастардың болмай отырғаны өкінішті.
- Алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Мен 10 жылдай жеке көрмемді Республиканың көптеген қалаларында ұйымдастырып келемін. Маған енді ол қызық емес. Сондықтан басқа тың нәрсе ұйымдастырғым келеді. Бірақ әзірге не екенінің шешімін тапқан жоқпын.
- Сұхбатыңызға рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз.