«Шаншар» театры жайлы не білеміз?

Oinet.kz 01-04-2019 4644

Screenshot_1.jpg

Оңтүстік - күлкі отаны деп бекер айтылмаса керек. Алғашқы әзіл-сықақ театрлары – «Тамаша» мен Бауыржан шоу» Алматыда ашылғанымен, кейінгі жылдарда осы  саланы шымкенттіктер жаулап алды десе де болады. Онда да «Бауыржан шоуды» құрған Бауыржан Ибрагимов Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының түлегі екені белгілі.  «Тақия мен мафия»болып жүрген Сәбит те қазығұрттық, ал Жанатбек Жетісайдың жігіті.  Бүгінде «Шаншар», «Шымкент шоу», «Шымшыма», «Алдараспан» секілді шығармашылық ұжымдардың қойылымдарына халық лек-легімен ағылып жатады. «Нысана» театрындағы жігіттердің барлығы дерлік шымкенттіктер.

Көпшілікті мойындата білген бірден-бір ұжым – «Шаншар» әзіл-сықақ театры екеніне ешкім таласа қоймас. Бұған дейінгі «Тамаша», Бауыржан шоу» секілді әзіл сықақ отауларының орнын басқан театр биыл 15 жылдығын дүркіретіп атап өтті.  15 жылдық мерейтойға арнап мерекелік концерт әзірленіп, оған Сәбит Әбдіхалықов, Жанатбек Бәйтеков, «Музарт» пен «Каспий» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Заттыбек Көпбосынұлы, Меруерт Түсіпбаева секілді өнер  адамдары қатысты.  Жас әртістер Аманғали мен Дәркен «Шаншардың» жетекшілері Уәлибек пен Жүсіптің бейнелерін сомдап, пародия жасаса,  әнші Мейрамбек Беспаев Қошанның ролін бейнелеуге барын салды.  Сондай-ақ, театрдың 15 альбомы жарық көрді, арнайы кітап басылып шықты.

Жалпы, «Шаншар» театрының іргетасы сонау 1994 жылы қаланған екен. Дегенмен, құжаттар толық рәсімделіп, ресми түрде іске кіріскен мерзімі  1995 жыл. Театрдың негізін қалаушылар – Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіпбек Ақшораев сахнада бірге сонау 1988 жылдан бері өнер  көрсетіп келе жатыр. Астарлы әзіл, ой саларлық қалжыңымен көрерменнің жүрегіне жол тартып, көпшіліктің  сүйіспеншілігіне бөленген «Шаншар» осы 15 жылда талай биіктерді бағындырды.  Театрда өнер көрсетіп жүрген бір топ талантты жас әртістердің есімі елге танылды. Жұбаныш Жексенұлы, Заттыбек Көпбосынұлы секілді әншілердің де танымалдығына «Шаншардың» қосқан үлесі мол. 

Әлбетте, былтыр «Шаншардан» бір топ жас әртістердің еншісін алып, өз алдына жеке театр ашуы танымал ұжымның шығармашылығына айтарлықтай соққы келтірген еді. Жұрт арасында осыған қатысты түрлі әңгіме-болжамдар тарап жатты. «Шаншар» бұрынғыдай емес, әлсіреп қалды» деген де пікірлерді құлағымыз естіді. Дегенмен, театрдың директоры Уәлибек Әбдірайымовтың айтуынша, «Шаншар» әрдайым «Шаншар» болып өз биігінде  қала бермек. Театрға жастар, жаңа таланттар келді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстікте  әзіл-сықақ және театры құрылып, оның жетекшілігі Уәлибек Әбдірайымовқа сеніп тапсырылған болатын Дегенмен, жуырда  бұл ұжымның басшылығына Марат Оразметов келді. Уәкеңнің өзі мұны «Сатира театрына директор боламын деп үш жылдан бері шығармашылығым тоқырау үстінде. Өйткені, басшылық қызмет өнер адамының алтын уақытын ұрлайды. Сондықтан, сол өнер ұжымында қатардағы актер болып-ақ, шығармашылықпен біржола айналысуды жөн көрдім» деп түсіндіреді. Ол да дұрыс  шығар.

Уәлибек пен Жүсіп көгілдір экраннан да  жиі көрініп жүр. Бұған дейін төрт  жыл бойы «Хабар» телеарнасындағы «Таңқалмаңыз» бағдарламасының «Дәм-Думанында»  тағам әзірлеп, көрермендерді «таңқалдырып» келді.  Енді, міне, жуырда «Хабар» арнасында қос әртіс «Әзіл КЕШ» атты жаңа бағдарламаның тұсауын кесті.  Бірден айтайық, бағдарлама бөлекше тың көзқараспен өзіне тән стилімен жарыққа шығады. Бастысы – жаңа жоба жеңіл күлкі емес, ойлы әңгімеге де арқау болады.  Мұнда әзілкештердің басы қосылып, әзілді сұхбат жүргізіледі, әзілдің астарымен көрерменді думанға бөлері сөзсіз. Сонымен бірге тұңғыш әзіл-сықақ театры «Тамашадан» бастап қазіргі күлкі отауларының мұрағатында сақтаулы қойылымдардан үзінді көрсетіледі. Бұның  да ерекше қадам болғаны рас.  Себебі бұрынғы жылдардың әзілдерін еске салу, танымал театр тарландарының өмірі жайлы да деректері көрермен қауымның үлкен қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Уәлибек Әбдірайымов бағдарламаның негізгі жүргізушісі болса Жүсіп Ақшора тақырыпқа байланысты  әртүрлі образдарды сомдап, келген қонақтарды астарлы әзілімен шымшып жүреді.  

Мұрағаттан, 13.10.2011 ж

Танымал тележүргізуші саясаткер Ж.Қуанышалинге «балаң өлсін» деп қарғыс айтты
Меруерт Түсіпбаева: «Қыз Жібек пен Төлеген үйленгенде, бір-бірінің көзіне шөп салар еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу