Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы: «Балық емес, қармақ беру керек»

Oinet.kz 12-07-2023 658

Мәжіліс спикері, «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысына жасаған сапарында өңірдегі әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен партиялық жобалардың іске асырылу барысын талқылады.

Screenshot_10.jpg

Палата спикері сапарын Сайрам ауданындағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын «AYKAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аралаудан бастады. Мұнда «Ауыл аманаты» партиялық жобасына атсалысқан шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды. Аталған жоба ауыл-аймақта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

–  «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл азаматтары үшін табысын арттыруға зор мүмкіндік. Бұл, әсіресе, тұрғындарының көбі ауылда тұратын Түркістан облысы сияқты халқы тығыз өңір үшін өзекті. Биыл осы бағдарлама бойынша бөлінетін барлық қаражаттың бестен бір бөлігі дәл осында бағытталады. Бұл – шамамен 20 миллиард теңге. 3,5 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді Ерлан Қошанов. 

Облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша оған қатысушылардың орташа айлық табысын 1,5 есе, сүт өнімдерін өндіруді 40,6 пайызға, етті 63,2 пайызға, жылыжай өнімдерін 30 пайызға ұлғайту жоспарланған. Жалпы биыл жоба аясында еліміз бойынша 17 мың адамды қамту көзделіп отыр. 

Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде. Бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтерілді.

– Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып отыр. Екі айда еліміздің бірқатар өңірінде 20 мыңнан астам адам оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бүкіл ел бойынша 80 мыңға жеткізіледі. Тренерлер халыққа қаржыны дұрыс игеруді, отбасылық бюджетті жоспарлауды, несиені дұрыс алуды үйретеді,– деді Мәжіліс төрағасы. Жалпы Палата спикері Президенттің саясаты мен «AMANAT» партиясының жобалары арқасында бүгінде ауылдағы белсенді азаматтар үшін жаңа әрі үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті. 

– Партияның жобалары халыққа заң шеңберінде қарыздан құтылуға, қаржылық сауаттылықты үйренуге, өз ісін жүргізу үшін мемлекеттен тиімді несие алуға көмектеседі. Сонымен қатар біраз ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олар да халықтың игілігіне беріледі. Ендігі кезекте ең бастысы – белсенділік танытып, осы мүмкіндіктерді пайдалану. Біздің міндетіміз – халыққа балық емес, қармақ беру. Адамдардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндіктер жасасақ, сонда жұмыс істеп, өздерін лайықты түрде қамтамасыз ете алады, – деді Мәжіліс төрағасы. 

«Адам емдеп көрмеген Асылбеков» - Шымкенттің денсаулық саласында айқай-шу көбейді
Қожабаевты қандай жаза күтіп тұр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу