«Адам емдеп көрмеген Асылбеков» - Шымкенттің денсаулық саласында айқай-шу көбейді

Oinet.kz 12-07-2023 777

«Өмірінде бір адамды емдеп көрмеген, медицинаны түсінбейтін адам қалай Шымкент қаласының бас дәрігері болады?». Кешеден бері әлеуметтік желіде Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековке қатысты мәселе қызу талқыланып жатыр.

Жоғарыдағы пікірді Асылбековке тікелей бағынысты қызметкері, Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері, білікті хирург, трансплантолог Абылай Дөңбай өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялаған материалының астына жазды. 

Асылбековтың уақытысында ұзақ жылдары фармацевтика саласында қызмет еткені белгілі. Провизордың адам емдемейтіні айтпаса да түсінікті ғой. Десек те дәрі-дәрмек  маманының депсаулық сақтау басқармасының басшылығына келуіне кім, қалай қарайды?  Бұл мәселеге Дөңбайдан өзге бас дәрігерлер не дейді? Олар Асылбековтың білімін, мамандығын, біліктілігін, басшылық қасиетін қалай бағалайды, қандай пікір айтады? Өкінішке қарай, бұл мәселеге де дәл қазір кесімді пікір айту қиын.  

Бірақ Нұрлыбек Асылбеков  Шымкенттің бас дәрігері лауазымына отырған бір жылға жуық уақыттың ішінде айқай-шудың көбейіп тұрғаны рас. «Қарамағындағы қызметкерлерді қудалады, біреуге жұмыстан кету жөнінде мәжбүрлі түрде арыз жаздырды,  тіпті блогер жалдады» деген мағынадағы арыздардың алды президентке дейін жазылып жатыр. Кім біледі, бәлкім мұның бір ұшы расында да Асылбековтың бұған дейін денсаулық сақтау саласының қазанында «қайнамағанымен»  байланысты шығар. Не де болса кездейсоқ ештеңе жоқ. 

Осы жерге кішкене шегініс жасап, өткен-кеткен жайттарға тоқталсақ. Бұл Абылай Дөңбайдың бастығына қарсы алғашқы  дөңайбат көрсетуі емес. Естеріңізде болса,  былтыр күзде ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады. 

- Соңғы екі айдан бері қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков ізіме түсті. Екі айдан бері ота жасап, науқастарға кеңес беруге жұмыс істеуге мұрша бермей жатыр. Негізсіз арыз ұйымдастырды. Осы арыздар негізінде түрлі құқық қорғау органдары жиырмаға жуық тексеру жүргізді. Бірақ ешбірі дәлел таппады, – деді Дөңбай өзінің үндеуінде. 

Ол сонымен бірге Асылбековтің қабылдауында болғанын, оның ескерту, қатаң ескерту беріп, жұмыстан босататынын ашық айтқанын жеткізді. Алайда бұл істің соңы жылы жабылып қала берді. Кім біледі, бәлкім екі жақ өзара тіл табысқан шығар, өзара келісімге келген шығар. Бірақ Абылай Дөңбай мұнымен тоқтаған жоқ. Кешегі күні ол фейсбуктегі парақшасында тағы бір гәптің басын қылтитты.  

- Бүгін сұмдық бір оқиға болды, №1 қалалық аурухананың бөлім меңгерушілерін және аға медбикелерін Денсаулық сақтау басқармасына жинап, Дөңбай Абылайға қарсы жазыңдар деп денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева С.С және Нияз Кемал Айдарұлы осындай заңсыз әретке барып, өздерінің қызметтерін аса жоғары пайдалануда,- деген бас дәрігер өзі жетекшілік ететін аурухана ұжымының ҰҚК дан бастап құзырлы органдарға, Мемлекеттік қызмет істер агенттігіне жазған арызының көшірмесін тастады. 

Арызға қарағанда, жуырда Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиынның хаттамалық тапсырмасына сәйкес ауруханадағы ахуалды анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылған. Тексеру тобы біразы кемшіліктерді анықтаған. Шамасы аурухана ұжымы бұл кемшіліктермен келіспеген сияқты. Олар бұл туралы басқармаға түсініктеме хат берген. 3 шілдеде басқарма ауруханадағы бөлім меңгерушілерін жинап, «дәрі-дәрмектер, құрал жабдықтар тиімсіз пайдаланылады», «шамадан тыс дәрі-дәрмектер алынды» деген негіздермен бас дәрігер Абылай Дөңбайға қарсы түсініктеме беруді талап етеді. Талап етушілер  жоғарыда аты-жөндері аталған басқарма басшысының орынбасары С.Дүйсенбаева мен басқармадағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Нияз Кемал Айдарұлы көрінеді. 

Басқарма бөлім меңгерушілерін 4 шілде күні қайтадан жинап тағы да Дөңбайға қарсы арыз жазып беруді талап еткені рас па?  Жазбаған жағдайда жұмыстан кететінін айтқанға ұқсайды. Осыған байланысты аурухана ұжымы өздерінің құзырлы органдарға жазған хатында қызмет бабын асыра пайдалану, қысым көрсету бойынша тексеру жүргізуді талап еткен. Бұған құзырлы органдар, Шымкент қалалық әкімдігі қандай шара көреді?   Мұны уақыт көрсете жатар. 

Биыл сәуірде біз «Рейтинг» газетінде  Асылбековтен қысым көріп, қудалағау түскен Шымкенттегі №4 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Нұрбековаға қатысты мәселені жазған болатынбыз. Ол да уақтысында әлеуметтік желі арқылы Президенттен араша сұраған дәрігерлердің бірі. 

Г.Нұрбекова  былтыр сәуірде №4 емханаға бас дәрігердің міндетін атқарушы болып тағайындалған. Ол бас дәрігер лауазымына жарияланған конкурсқа қатысуға бел байлайды. Алайда оның бұл шешімі басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбековке  ұнамағанға ұқсайды.  Конкурс өткенге дейін ол басқарма басшысымен оның кабинетінде кездескен. Кездесуде Асылбеков №4 кемхананың бас дәрігері лауазымына басқа адамның тағайындалатынын ескерткен. Алайда Нұрбекова жоғарыдағылардың қарсылығына қарамастан бас дәрігердің орнына жарияланған конкурста бақ сынап көруге бел байлайды. 

Қарашада жарияланған конкурсқа үш үміткер құжат тапсырған. Оның бірі Г.Нұрбекова, бірі басқарма басшысының орынбасары А.Бекбауова. Айтса айтқандай,  желтоқсанда үш кандидаттың ішінен  емханадағы Байқау кеңесі отырысының хаттамасы негізінде басқарманың бұйрығымен бас дәрігер лауазымына Асылбековтың орынбасары Айгүл Бекбауова тағайындалған. Нұрбекованың айтуынша, конкурс әділетсіз өткен. Ол өзінің алғашқы бейнеүндеуін сол желтоқсанда жариялайды. Ақыр аяғында әділіктен үмітін үзген ол сотқа арызданады. Сот конкурстың  заңға сәйкес өтпегенін, тіпті конкурсты өткізу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталмағанын анықтап, талап арызды қанағаттандырады, басқарманың Бекбауованы бас дәрігер етіп тағайындаған бұйрықтың күшін жойған.

Осы кездері біз Асылбековпен хабарласып, осы мәселе бойынша түсінік сұраған болатынбыз. Ол сот шешіміне апелляциялық шағым берілетінін, барлық сұраққа жауап алу үшін ресми хат жолдау қажеттігін ескерткен еді.

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, басқарманың берген апелляциялық арызы бойынша Шымкент қаласы сотының апелляциялық алқасы жуырда қаулы шығарды. Алғашқы сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз заңды күшіне енді. Енді басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған талап-тәртіптерді сақтамаған қызметкерлер тиісті жауапқа тартыла ма? Әлде бәрі жабулы қазан жабулы күйінде қала бере ме? Бақылаушы орындар, Мемлекеттік қызмет істері департаменті бұған не дейді? Асылбеков келгелі Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасында неге заңсыздық, айқай-шу көбейіп кетті? Әр айқай-шудың артында адам тағдыры тұрғандықтан болар Асылбековке қатысты арызданушылар  «Рейтинг» газетінің редакциясына хабарласуы жиіледі.  Журналистік зерттеу жүргізуге крістік. 

P.S. Кешегі күні Шымкент қалалық  №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Дөңбай фейсбуктегі парақшасында

- Мен енді трансплантация жасамаймын деп шештім. Кезегін күтіп жүрген трансплантация жасатамын деген қарапайым қазақтың адамдарынан обал болды. Кешеден бастап мен бұл қалалық ауруханада жұмыс жасамаймын. Кезекте тұрған науқастарға айттым. Шетелге кетіп қалған дәрігерлерді енді түсіндім. Біздің медицинамыздың неге дамымайтынын да түсіндім, - деп жазды. 

Тоқаев Астанадағы құрылыс туралы: Басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы: «Балық емес, қармақ беру керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу