Жасындай жарқ еткен...
– Айым-күнім жақындап, мен перзентханаға орналастым. Сонда күнделікті туған-туыстарым келіп тұрды. Бір күні медбике көзі алақтап: «сізге біреулер келіп тұр» дейді. Терезеден қарап едім, ұзын ырғасы 20 шақты бала тұр. Өз оқушыларым. «Апай, қалайсыз?!.», «Денсаулығығыз қалай?» бәрі құрақ ұшуда. Оқушыларымның бірауыздан жиналып кеп, жағдайымды сұрағанына көңілім босап кетті. Кейін білсем, осының бәрін шәкіртім Шерхан Егізбаев ұйымдастырыпты. Дегенмен, ол мұны бізге мүлдем айпады. Ол мақтанғанды жек көретін. Өмірден білдірмеген күйі өте шықты. Бұны мен жақында ғана естідім, - дейді информатика пәнінің мұғалімі һәм сынып жетекшісі Алтыншаш Төрешова оқушысын сағына еске алып.
Егер арамызда жүргенде Шерхан 12 қыркүйек күні 28 жасқа толар еді. Сұм тағдыр «өмір сүргім келеді» деп тебіренген жауынгер жазушы Баубек Бұлқышевты 28 жасында о дүниеге алып кетсе, Шерханды 26 жасында өзімен бірге ертті. Әттең Шерханның жүрек соғысы тоқтамағанда артында бүгінгіден де көп, бұрынғыдан да анық із қалдырар еді...
Сәрсенбі күні қаладағы 8-ші мектеп-гимназиясында Шерханды еске алу кеші жарыс форматында өтті. Жарысқа қаладағы мектеп қабырғасындағы жас экономистер қатысып, бір-бірімен бақ сынасты. Неге экономистер? Себебі, Шерхан экономист еді. Аталған мектепті тәмәмдаған соң, Шерхан Алматыдағы КИМЭП-ке оқуға түседі. Мұнда ол «Қаржы» мамандығы бойынша «Бухгалтерлік есеп және әкімшілік іскері» бакалавры дәрежесін иеленіп, 2011-2012 жылдары аралығында Ұлыбританияда Эссекс университетінің «Экономика» мамандығы бойынша магистратурада білімін жетілдірді. «Америка құрама штаттарынан Азия елдеріне шетел инвестицияларының тікелей ағымдағы детерминанты» тақырыбы бойынша диссертация қорғап, «Қаржы экономика» магистрі атағын алды.
Шерхан – спорт десе жүрегін жұлып беруге даяр еді. Ол КИМЭП-те оқып жүргенде боулингте алдына жан салмай, университет ұйымдастырған барлық турнирде алдына жан салмай, теңдессіз жеңімпаз атанып жүрді. Ол боулинг ойнағанда қанаттанып, жаны жадырап сала беретін. Ол жарысқа қатысқанда жұрт демдерін іштеріне тартып, қимылы әбжіл жайдары жас жігітке қарап қалатын. Тек, боулинг емес, футболға да жаны құштар-тұғын. Сөзі мен ісі бір-бірімен қабысқандықтан өз ортасында өте абыройлы болған Шерхан футболдан университет командасының сапында ойнап, ешкімге ұқсамайтын ойын өрнегімен жарыстарда қарсыластарын әбден састырған. Жора-жолдастары оның спортты сүйетін қасиеті үшін «біздің чемпион» деп атайтын. Жүзінде жылылық табы есіп тұратын Шерхан бұл сөзге сәл-пәл жымия бас изейтін-ді.
Арманы асқақ Шерхан 2012 жылдан бастап, демі үзілгенше ҚР инвестициялар және даму министрлігінің инвестиция комитеті Индустриялық-инновациялық жобалар басқармасының бас сарапшысы болып қызмет атқарды.
Ол дүниеден қайтқанда онымен аралас-құралас болған дос-жарандары Шерханды қия алмай, көз жастарына ерік берген болатын. «Өте сыпайы, ақылды, иманды жігіт еді» деп оның жүріп өткен жолына көз жүгірткен достары енді бұл өмірде Шерхандай асыл достарының жоқ екеніне сене алмай, есеңгіреп тұрды. КИМЭП-тің әлеуметтік желідегі парақшасында достары Шерханды ешқашан ұмытпайтындарын бірінен соң бірі жарыса жазып жатты.
– Шерхан мектепте үздік оқып қана қоймай, ол түрлі спорттық жарыстарға қатысып жүріпті. Өкінішке қарай, мен Шерхан оқыған тұста өзге жерде жұмыс істейтінмін. Әйтсе де, оның көзін көргендерді тыңдай отырып, Шерхан Мұханұлының мектепте көшбасшы болғанын аңғарғандаймын. Ол сыныптастарын шырқ үйіріп, мектеп оқушысының ойына келе бермейтін небір ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру арқылы мұғалімдерін дән-разы қылған. Жалындап тұрған Шерхан гимназия мұғалімдерінің ең сүйікті оқушыларының біріне айналды. Ол табандылығының арқасында шет елде білім алып, Отанына оралды. Себебі, білімді, ұлтжанды жігіт өз елінің экономикасын дамытуды армандайтын еді. Елімізде Шерхандай асыл азаматтар көп болса, болашағымыз жарқын- деп гимназия директоры Айнұр Сахова ағынан жарылды. Сонымен қатар, осы кеште сөз сөйлеген мұғалімдер Шерханның аса мейірімді оқушы болғанын жасыра алмады. Шерхан сыныбындағы бір жетім балаға ешкімге айтпай жыл сайын қалам, дәптер, кітап секілді бүкіл оқу құралын сатып алып береді екен. Әрі мұны ешкімге білдірмейтін көрінеді. Ол әлгі баланың көпшілік алдында қысылғанын мүлдем қаламапты. Бәлкім, оның бұл дүниеде өзгелерге жасаған жақсылығы шаш-етектен шығар? Біз оны білмеуіміз мүмкін. Себебі, ол істеген ісін жер-көкке жария қылмай ұмытып кететін. Осыдан-ақ оның ата-әжесінің тәрбиесін көрген текті ұл екенін бағамдауға болады.
Еске алу кешінде Шерханның атасы Кеңесбек Егізбаев сөз тізгінін алып, немересімен мақтанып келгенін жеткізді, жарысқа қатысушыларға, гимназия оқушыларына сәттілік және бақытты ғұмыр тіледі. Ал, Шерхан Мұханұлындай биік белестерді бағындыруды алдарына мақсат етіп қойған оқушылар бәсеке көрігін қыздырып кеп жіберді.
Бұл кезде қабырғадағы қысқа болса да мәнді һәм сәнді өмір сүрген Шерханның жарқын бейнесі жас экономистерге күлімсірей қарап тұрды.