«Жексұрын болмасам екен»: Қарттар үйін паналаған танымал актриса ауыр тағдыры туралы айтып берді

Oinet.kz 01-04-2023 1594

Айымторы Тайғаринова – кәсіби актриса. Өнер иесі кезінде театр сахнасында талай қойылымда басты рөлді сомдаған. Таяуда 85 жасқа толған кейуана соңғы 10 жылдан астам уақыт Алматыдағы қарттар үйінде тұрып жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Screenshot_8.jpg

Бұрын атақты актрисаның Алматыда өз баспанасы бар еді. Алайда, марқұм отағасы екеуі алаяқтың арбауына түсіп, пәтерінен айырылып қалған екен. 

"Жолдасым қатты ауырды. Содан кейін екеуміз үйге бір жігітті ақылы түрде тұрғыздық. Үйдің жартысын соған бердік. Ол ай сайын пәтер ақысы ретіне 30 000 теңге беріп тұрды. Сонда әріппен отыз мың деп жанына жазайын дегенде келіспей, қашқақтап жүруші еді. Менің өз ойым, сол 30 000 теңгенің соңына бірнеше нөлді қосып жүрген екен. Осылайша біздің үш жыл бойы әбден сілікпемізді шығарды. Ол өзі кәсіби адвокат екен. Оған біреулер: "Мына жерде бір жаман кемпір мен шал тұрады" деген. Сонымен ол үйді сатып жібереді. Сөйтсек, ол бұрын Қарағандыда аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сотталған адам екен. Біз адвокат жалдадық. Бізді соттан сотқа сүйреді. Кейін сол жігітті қонақ үйде біреулер өлтіріп, өз белдігіне асып кетіпті. Ол сол уақытқа дейін он адамды жылатқан екен", – деді актриса. 

Айымторы апа Ақмола облысының тумасы. Қаршадайында қалаға кеткен өнерге құштар қыз тағдыр жолында талай қиындықты бастан өткерген. Ағайыннан алшақтап, өз бетімен еңбектеніп, өмір сүрді. Жылдар жылжып, уақыт сырғыды. Қазіргі таңда бұл қарияның туған-туыстарымен қарым-қатынасы үзілген.

"Мен ерте кеттім, олар сол ауылда қалды. Сол жерде тұрып үйреніп қалған. Әке-шеше жоқ, бәрі қайтыс болды. Ал енді кейінгі балалар бірі таныса, біреуі танымайды. Бұрын әжеміз барда, үлкен әпкемнің көзі тірісінде барып тұратынмын. Енді олар мені шақырса да тұра алмаймын. Өйткені арамыз суып кетті", – деді қарттар үйіндегі кейуана. 

Айымторы Тайғаринова жас кезінде Алматыда білім алды, Қарағандыда маман ретінде тәжірибесін шыңдады. Содан кейін Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында көп жыл жемісті еңбек етсе, кейін Алатау баурайындағы қуыршақ театрында жұмыс істеді. Алайда, өнерді өмірім ұққан актрисаның өкініші де бар.

"Мен театрдан кеткеннен кейін ешкім болмай қалдым. Не актриса емеспін, не театрда істемеймін. Оның арасында зейнетке шықтым. Сондай бір түсініксіз жағдайлар болды. Ал бұрын театрдағы әріптестерім осы қарттар үйіне келгенде маған аянышты қарайтын сияқты көрінетін. Келген сайын сыйлықтар алып келетін. Мен қарттар үйіне келгенде 75 жастан асқан кезім еді", – деді Айымторы Тайғаринова. 

Айта кетейік, жуырда ғана Алматы әкімдігінің қолдауымен актриса Айымторы Тайғаринованың 85 жылдық мерейтойын өзі қызмет еткен қуыршақ театрында дүркіретіп атап өтіпті. Қарттар үйінде тұратын өнер иесінің меншікті мерекесіне орай ұйымдастырылған кештен алған әсері ерекше.

"Актриса Гүлжамал Қазақбаева "85 жас дәл осы ападай болса, онда қорқыныш жоқ екен" деп халықты бір күлдірді. Әрине, өте жыл сөздер болды. Қарттар үйіндегі қыздар да сондай бір сый-құрметке бөледі. Өмірдегі ендігі арманым – осы қарттар үйіндегі қыз-жігіттердің үмітін ақтап, жақсы қартайсам, жексұрын болмасам екен деймін", – деп сөзін түйіндеді егде жастағы актриса. 

Бензин мен дизель отынының қымбаттауы көп мәселенің бетін ашты – экономистер
"Аңсаған сәбимен" армандар орындалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу