Дүниені еркіне қойғанда, саған бар игілік тартылады
Шри Шри Рави Шанкар — үнді гуруы, қоғам қайраткері, «Өмір өнері» деген халықаралық ұйымның негізін қалаушы. 2004 және 2006 жылы Нобель комитетімен Нобель сыйлығына ұсынылған. 2009 жылы Forbes India журналының зерттеуімен Үндістанның ең танымал адамдарының бестігіне енді. Жыл сайын Еуропа парламентінде өтетін «Бизнестегі әдеп» форумының рухани атасы.
1. Ешқайда асықпа. Жаның жай тапқан жерден табыл. Егер жайсыз жерге тап болсаң, орныңнан тұр да, жаның қалаған жерге кетіп қал. Табу үшін бір жерге бару шарт емес. Сен іздеген кілт үнемі қолыңда. Соны түсіну үшін мөлдір шектен атта.
2. Адам мен жағдайды бақылауда ұстап әуреленбе. Жоспарлама, күтпе, өкінбе, өзіңді қысып ұстама. Сабыр ет. Түк істемейтін мезетті тамашала. Адамдарға келуге рұқсат ет, жағдайдың орын алуына қарсылық танытпа. Бәрі де жайдан жай емес.
3. Өз-өзіңмен болуға еркіндік бер. Өзгелерге өзгеше болуына кедергі келтірме. Әркімнің өз жолы бар. Әркімнің өтетін өз сабағы бар. Жолың түйіссе — тамаша, жолайрыққа келсең – ол да жақсы, бәрі сенің игілігің үшін.
4. Бәріне бірден ие бола салуға ынтықпа. Түк жоқ сияқтанса да – әйтеуір бір нәрсе бар боп шығады, жетпей тұрғанын – достың, бауырдың, әпке-қарындастың, бейсауыт емес адамның қолымен береді. Әр нәрсеге қанағат қыл.
5. Бәрін де мейіріммен, күліп қарсы ал. Ешқашан ешкіммен қоштаспа. Ештеңенің ақыры жоқ. «Рақмет, келесі кездескенше» деп айтып үйрен.
6. Адамға, ғарышқа, Жаратқанға – құшағың ашық болсын. Өміріңдегі әр құбылыс сенің игілігің үшін болып жатыр. Соған сен. Тығырыққа тірелу де – сенің сабағың. Қайдан тауып, қайдан жоғалтарыңды ешқашан білмейсің.
7. Жаңа жейде кию үшін ескісін шешесің. Ескі догма мен ұстанымдарға сүйеніп жаңаны танымайсың, еш өзгере алмайсың. Санаңды иілгіш қыл.
Аударған Шынар Әбілдә