Баянды махаббат тек үлкен қателіктен соң туады
Ең нашар махаббат - үмітімізді үкілеп, ынта-жігерімізді дым қалдырмай жұмсап, ақырында соның бәрі зая екенін түсінгендегі сезім. Жүрек миллион бөлшекке уатылып, шашылып қалады. Неге махаббат сонша қатал екен дейміз... Неге түк шықпады деп қайғырамыз.
Иә, рас, адам баласы махаббатта көп қателеседі.
Жанымыз түсінуі тиіс сабақтарды сіңіру үшін сүйетін адамдарды жүрек таңдап береді. Адам тез өзгере алмайды.Миын ашып, керек жерін түзей салуға болмайды. Адам өкінішті бастан кешкен кезде ғана өзгереді.
Бәлкім, бұл қателік те емес шығар. Тек өзіңнің кім екеніңді, қалай сүйе білетініңді, махаббаттан не күтетініңді түсіну ғана болар. Кейде қайтарып алғың келетін махаббат та болады. Оның бір кезде жүрекке жара салғаны да түк емес.
Бізді өмірлік жолда баянды болатын махаббатқа жолықтыру үшін үлкен қателік керек. Адам дымы қалмай шашылып қалады да, содан кейін барып қандай болып қайта "құралғысы" келетінін шешеді.
Көбіне сол үлкен қателік - бастамауға тиіс қарым-қатынас боп шығады. Әлде ертерек кетіп қалуың керек болған байланыс. Бірақ олай ету қолымыздан келмеді. Дәл сол махаббат тағдырымыз болмаса да, үздік-создық байланыс үзілмей келді. Бірақ сол қиын байланыс болмағанда шын махаббаттың қадірін түсіне алмас ек.
Адамдарда қалыптасқан қарым-қатынаста қала беру мүмкіндігі бар. Тіпті күнделікті мінез бен идеалдар қақтығысы тоқтамаса да. Бір күні тоқтар леген үмітті үзбей жүре бергіміз келеді, бәрі басқаша бітер деп дәмеленеміз. Тағдырға көндім дейміз.
Әдетте мұндай қателіктің арты қайғылы бітеді. Оның мақсаты - біздің күл-паршамызды шығарып, махаббат туралы түсінігімізді түбегейлі өзгерту.
Неге бәрі бұлай боп кетті, сонда махаббат деген не деп бас қатырамыз. Мұның бәрі бір түнде бола салмайды. Шындықты түйсініп, одан басты алып қашуды доғарғанда ғана мүмкін.
Біреуге бар махаббатымызды сыйлай алатын немесе бұдан да артығын таба алам деп көзге ілмей кетіп қалатын бір хәл.
Себебі, біздің өмірлік махаббатымыз күтіп тұр. Оны жолықтырғанда неге бұрын жолымыз болмағанына бас қатырмаймыз, өзімізді сұрақтың астына алмаймыз.
Баянды махаббат өзімізді қалағанымызға лайық сезінгенде келеді. Ол мүлде басқаша болады. Себебі, қайғының дәмін татқан өзіміз де махаббатқа басқаша көзқараста боламыз.
Біз құмарлық пен от-алауды аңсамаймыз, тыныштық пен бейбітшілікті іздейміз. Әлпетіне қарап сын айтпаймыз, біздің өмірімізге сыйлайтын көңіл күйіне мән береміз.
Ақырындап бұл адамның кім екені маңызды емесін түсінеміз. Маңыздысы ол адам біздің бойымыздан кімді оятатыны. Сол жүрегімізде оянған рух бізді жақсартса, нұр үстіне нұр. Сол рух бізді шабыттандырып, өмірге құлшындыруы тиіс.
Сонда ғана өміріміздегі ең үлкен қателік баянды махаббатқа бастаған Темірқазық болғанын түсінеміз.
Аударған @shinarabelda