Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Майя Плисецкая: Жақсы адамдар – әрдайым ерекше ғажайып, Көктің сыйы
Менің солақай екенімді, бәрін сол қолмен істейтінімді ме? Өмір-бақи ұйқысыздықпен алысқанымды? Әрқашан мінезді болғанымды ма? Көбіне тектен-тек текетіреске баратынымды? Адамды ойсыздықпен, әділетсіз ренжіте салатынымды ма? Соңынан сол үшін қатты қиналатынымды ма?
Менің бойымда екі түрлі полюс бар – мен шектен шыға сараң әрі ысырапшыл, батыл әрі қорқақ, патшайым әрі қарапайым бола алам. Мен бетке жағатын жақпамайларды қатты жақсы көрдім, бетіме қалың ғып жағып, асүйде пасьянс ойнайтынмын. Футболдың жанкүйері болдым. Майшабақты жақсы көрдім. Ешқашан темекі тартпадым. Темекі тартатындарды да ұнатпайтынмын. Бір бокал шараптан басым ауыратын. Шектен шыға аңқау әрі төзімсіз болдым. Ешқашан күткенді білмедім. Дөрекі әрі албырт болдым. Өмір бойы Щедринді жақсы көрдім, пір тұттым...
Әлде өзімнің балеттегі кәсіби әдеттерім туралы айтсам ба екен? Әр класс сайын, қойылым алдында балет туфлиіме жылы су құйып қоятынмын. Өкшең құйып қойғандай болу үшін... Бәрінен де сахнаға шықпас бұрын айнаға қарайтыным ше? Ернім дұрыс боялған ба, көзім дұрыс сызылған ба – елдің алдына шыққанда сүреңсіз күйе көбектей боп қалмайын деп уайымдайтынмын...
Осының бәрі не – ұсақ-түйек, майда-шүйде ме? Әлде ұсақ-түйектер менің болмысымды әсірелей ме? Өткен өмірден не түсіндім? Не түйдім? Ең қарапайым нәрсені түсіндім. Қарапайым шындық – бір шыныаяқ судай, кеуде кере дем алғандай. Адамдар тапқа, нәсілге, мемлекеттік жүйеге бөлінбейді. Адамдар тек жақсы мен жаманға бөлінеді. Өте жақсылар мен өте жамандарға. Солай ғана.
Жаман адамдардың орнына жақсы адамдар келеді деп өтірік соққан қанішер революционерлер – алдапты. Қай ғасырда да жамандар көп болған. Жақсылар әрдайым маңдайға біткен ерекше ғажайып, Көктің сыйы екен.
Христос, Будда, Конфуций, Аввакумнан бергі замандарда қаншама ақылды сөздер айтылды десейші... Соны түсінген адам бар ма? Содан ғой қан төгіліп, тағдырлар талқандалып, өмір күйреп, үміттер өшіп жатқаны. Бұдан кейін де солай бола береді. Оған күмәнім жоқ. Бұл адамның болмысы болса керек. Көреалмаушылық, дүниеқоңыздық, залымдық, опасыздық, қатыгездік, разы болмау... Осыларға қарсы – елгезектік, бауырмалдық, ниеттестік, адамгершілік, өзін құрбан қылу қалай шыдап-төзбек? Бұл күштер тең емес.
Әр заманда, жердің әр бұрышында, Құдай ұмытып кеткен бір ит өлген жерде еш мойымастан Жақсы адамдар ғұмыр кешіп жатады. Жер беті солардың арқасында күн кешетіндей. Орыстар айтады ғой: әулиесіз ауыл ауыл емес деп. Бар қиындығың мен күресіңді қарғыс атқыр КСРО жүйесіне тіреп қою – жеңілтектік. Бәрі болды, әрине. Қиыдық та, қорқыныш та. Алайда тоқ заманның күйбеңі де, қызғанышы да, кеудемсоқтық, менмендігі де, жаласы да, ғайбаты да қатты шаршататын.
Бәрінен ауыр тигені – еркіндігім болды. Бұл шын мәнінде – құны жоқ байлық еді. Мазасыз адамдар үнемі өзінің топтарына тығып тастауға ұмтыла берді. Ол топтар басқа бір мүсәпір тулардың астына тықпақ болды. Біздің қатардан табылса деді. Күнәм көп шығар, бірақ солардың қатарынан табылмадым. Мен – тәуелсіз адам болдым. Әрдайым осы қалпымды сақтауға тырыстым. Биліктегілерден ешбір жақсылық көрмедім. Ештеңе дәметпедім. Мемлекеттік пәтер де алмадым. Саяжай да бермеді. Бәрін өзімнің маңдай теріммен таптым.
Маған тиесілі «кремльдік үлесті» мәскеулік базарлардан сатып алатынмын. Өз бетіңше өмір сүр! Мен солай өмір сүрдім. Өзіме – адал өмір сүрдім деп айта аламын. Баланы, қарияны, жан-жануарды да ренжітпедім. Достарымды сатып кетпедім. Қарыз алсам, қайтардым. Жақсылықты есте сақтауға тырыстым, әлі де есімде. Ешкімге қызғаныш білдірмедім. Өз ісіммен тыныстадым. Балет деп өмір кештім. Өмірде басқа ештеңені де қарық қылмаппын... Жасағаным аз, әрине. Бұдан да зорын жасауым керек еді. Дегенмен, осыған да шүкір. Бәріне шыдап, төзіп, сынып кетпей, беріспеген болмысыма рахмет.
Майя Плисецкая
«Мен, Майя Плисецкаямын» кітабынан
Аударған Шынар Әбілдә