Қожа Ахмет Яссауидың әруағының арқасында перзентті болды

Oinet.kz 03-11-2023 12489

Студент кезімде бір жігітпен бір  жатақханада тұрып едік. Оның туған  қарындасы да студент болатын. Қарындасы ағасының  бөлмесіне жиі келіп тұратын. Осылайша таныс, біліс, туыс болып кеттік. Обалы не керек, шешесі қызына қазақы тәрбиені аямай-ақ берген. 

1698676040_otpen-oynama-balaay.jpg

Ілім-білімге құштар қыз еді. Оқымаған әдебиеті жоқ. Үйлі-баранды болып,  жұмыс істеп жүрген кезімде де оны ара-тұра кездестіріп тұрдым. Оқуын  озат бітіріп, ұстаз боп жұмысқа тұрыпты. Көрген сайын жағдайымды, отбасымды, бала-шағамды сұрап ілтипатын білдіріп жататын. Осыдан он жыл бұрын бағы ашылып,  тұрмысқа шығып, басқа қалада отбасылық өмірін ел қатарлы сүріп жатты. ФБ-да доспыз. Бәрін бақылап, оқып  отырады. Бір күні хабарласып отбасылық өмірінің бір мұңын айтты. Айтысынша қайын жұрты да, күйеуі де керемет кісілер.  Тек Тәңірім  бір перзентке зар қылыпты.  Шаңырақ көтергелі он жылдан асса да баладан белгі болмапты. Соған орай отағасының көңіл күйі пәс тартыпты. Үй ішін көңілсіз атмосфера жайлап алғанға ұқсайды.  Ем-домның бәрін жасаған. Қаралмаған дәрігерлі қалмапты. Медицинаның соңғы жетістігін түгел қолданған. Нәтижесі нөл! Дәрігерлер «Бағыңды сынап көретін  ең соңғы бір жылың қалды. Жасың өтіп барады. Қалай да бөпелі болуың керек. Биылдан кеш қалсаң бала бақытының қақпасы мәңгілікке жабылады» дейді.  Бұл қаралы хабар екеуінің сағын сындырып жіберуге шақ қалады. Былтыр көктемде телефон толғап:

- Аға, енді Тәңірім бір  керемет көрсетпесе адамның қолынан келетін барлық құдіретті сынап  біттік. Жаманды, жақсылы «ярый зикрист» деген атыңыз бар. Бір амалын тапсаңызшы. Биылдан соң болды, үмітім біржола үзіледі. Не ақыл бересіз? - деді. Мен:

- Ойлануға уақыт бер. Кешке хабарлас, - дедім. Кешке тағы да телефон толғап:

- Не айтасыз? - деді. Мен:

-  Енді әулие бір керемет жасамаса, тірілер мен дәрілерден  қайран жоқ сияқты, - дедім.

- Рас айтасыз. Тірілерді түгел түгендеп болған сияқтымын, - деді ол таусылып.

- Ендеше соңғы амал мынау:  Былтыр 2016-шы жылды  ЮНЕСКО «Яссауи жылы» деп жариялаған. Бірақ Қазақстан тарапы оны тойламады. Үкімет жағы жұмған аузын ашпады. Әзірет Сұлтанның ілімі  насихатсыз кетті. Оқу орындары оның есімін ендігі ұмытып та қалған шығар. Діни орталықтар бұл жылдың барынша елеусіз өтіп кеткенін Құдайдан тілеп, Қожа Ахметтің атын атауға қорқып:  «Иә, Алла, бұл жылды жылдам өткізе көр!» деп түнімен дұғада отырған сияқты. Осылайша Әзірет Сұлтанның әруағынан ұят болды. Сен енді былай ет, - дедім.

- Не істейін? - деді аптығып.

- Сен студенттерге әдебиеттен сабақ бересің ғой, солай ма?

- Иә.

- Яссауи жылына орай бір үлкен семинар өткіз. Яссауидің хикметтеріне жаңаша талдау жаса. Әзірет Сұлтанның ерлігін паш ет. Қожа Ахмет атаң риза болып, жатқан жерінде бір аунап түссін. Әулие разы болса, бір кереметін көрсетіп, Тәңірсінен бір бала сұрап алып берер. «Ұлық Құдай нығметтерін құлдарына сатып бермейді, сылтауға береді» деген. Ұлық Алла  семинарды сылтау қылып бір ұлды сыйға тартып жіберсе кәнекей, - дедім тура бір тылсыммен тілдесетін тақуадай.

- Олай болса ғажап болар еді, аға. Бірақ  мен хикметтерді сіздер сияқты талдай алмаймын ғой. Университетте  оны «Орта ғасырдағы сопылық әдебиет» деп желдіртіп өте шығады. Сондықтан өзім де терең ұқпаймын.

- Сен енді желдіртіп өте шықпа.  Хикметтердің ішкі мәніне  барынша терең бойла. Мағынасын түбінен тарат. Рухани болмыстың сипаттарына онтологиялық сараптама жаса. Студенттерге символика тілін үйрет.

- Оны қалай түсіндіремін? Менде ондай тәжірибе жоқ қой.

- Оны былай түсіндіресің, - дедім де Яссауидің «Аманат алу» оқиғасынан  бері қарай тарата бастадым. Ол қолына қалам алып асығыс жазып алып жатыр. Түсінбеген тұсын қайта сұрайды. Тәптіштеп айтып мен тұрмын. Бір кезде телефоным пеш сияқты ысып, құлағымды күйдіріп бара жатты. Сөйтсем бір сағаттан аса лекция оқып тастаппын. Аккумоляторы қатты қызғаннан қолфоным жанып кетуге шақ тұр екен. Сонымен әңгіме бітті.

- Ой, рақмет аға, ертең сабаққа бара сала семинарды қолға аламын, - деп қоштасты. Үш күннен соң  тағы толғап:

- Ой, аға, бүгінгі семинар керемет болды. Шынымен де қазіргі буын Әзірет Сұлтанды ұмыта бастапты. Басында жақтырмай тыжырынып отырған.  Аңыздардың символика тілі екенін айтып бастағанда тіріле бастады. Сабақтан соң  бәрі басқа хәлге өзгеріп,  шабытты  көңіл күйде үйлеріне тарады, -  деді қуанышы қойнына сыймай.

- Әй, жарайсың, сен қыз! Құдай қаласа көп ұзамай ұлды боласың. Әзірет Сұлтан бабаң арызыңды бүгін барып Аллаға өзі жеткерер.  Жомарт Құдай сүйікті досының арызын құр босына қайтармас. Жомарт Аллаға  нығметін құлдарына сақилықпен берген ғана жарасады, - деп үміт отына май құя түстім. Сөзіме имандай сенгені сонша, жарты сағат алғыс айтты.

Қош, сонымен үміті жіңішкерген  келіншекке жақсылап жігер сыйладық. Енді бір ой  мазалап бастасын әлгі жерде. «Әй, керемет болмай қалса ше? Баладан белгі болмаса ше,  онда не болады? Ерлі-зайыптының иләһи сенімі қирап қалмай ма? Бұдан кейін әулиеге деген құрмет сезімінен жұрдай боп кетпей ме? Нигилизмге ұрынып, Яссауи әлемінен біржола безініп кетсе ше?» Осындай күмәнді ойлар өлтіріп тынар ма еді кім білсін, мәгараки он күннен соң тағы бір хабар келмегенде. Түсте телефоным толғай жөнелді. Алып қарадым. Келіншектің аты шығып тұр. Жүрегім зырқ ете қалды. «Уа, Тәңірім, жақсы хабар өзіңнен болсын!» деп күбірледім де жасыл түймені басып кеп жібердім. Арғы жақтан адамның емес, пейіште өмір сүретін  ерекше бір жаратылыстың дауысы естіліп тұрған сияқты сезілді. Жүрегіндегі  шаттықтың телегей толқыны телефон тұтқасына сыймай, жарып жіберердей болып тоқтаусыз атқылап, құлағыма құйылып жатыр.  Әлсіз телефон болғанда тегеурінді толқынға шыдас бермей, сол жерде пашақ-пашағы шығып  шашылып қалар ма еді кім білсін?! Абырой болғанда мықты телефон төтеп берді. Ол әлі әңгімесін тарқатып бастаған жоқ, мен мына жақта қуанышты толқынның әсеріне елітіп, мас адамша  теңселіп жүрмін.

- Иә, иә айта бер. Тыңдап тұрмын, - деуге зорға тілім келді.

- Аға, сүйінші! Семинардан соң дәл он күннен кейін мазам қашып, көңіл күйім алабұртып, ас іше алмай дәрігерге қаралдым. Сізге өтірік, маған шын: Ішімде он күндік «көжем» бар екен. Дәрігердің өзі «қайда қаралдың? Кімге емделдің? Не дәрі іштің?» деп таңғалып сұрап жатты. «Әулиенің кереметі» дедім де үйіме қарай құстай ұштым. Келе сала күйеуіме жаңалықты естіртіп едім,  бақыттан басы айналып құлап қалды. Үш сағат тілге келмей талып жатты. Нашатыр спиртін иіскетіп әзер дегенде есін жиғыздым.  Ата-анамыз ести сала түгел-тегіс бір жылап алды. Күйеуім қазір жұмысқа ұшып барып, қалқып келеді. Стресті ұмытқан. Дастархан басында сойған түлкідей  өзінен өзі ыржалаңдап күле беретін әдет тапты. Бүгін  шыдай алмай сізге соғып жатырмын. Бұл бір расымен де керемет болды. Мұндай екенін білгенде Яссауи оқуларын жыл сайын өткізетін едім ғой, - деп тоқтамастан сөйлеп жатыр.

Мен болсам, мына жақта үстінен он тонна жүк түскен кісідей түпсіз рақатқа баттым да кеттім. Содан не керек, құтты болсын айтып қоштастым. «Иә, не болса да бір керемет болған екен» деп өзім де таңғалып тұрмын.  Сөзінен ұққаным бойынша Тәңірдің сыйлығы оған сол семинар өткен түні берілген. Әулиенің кереметіне  сеніп, құр босқа қарап отыра бермей өздері де «әрекет» еткен ғой...

Тоғыз ай  үндемедім. Ұлын аман есен босанып алсын, сосын осы естелікті жазармын дедім. Өткен аптада Әзірет Сұлтан бабамыздың Алладан сұрап әперген бөпесі аман-есен, сау-саламат жарық дүние есігін ашты. Атын Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи атамыздың құрметіне АХМЕТ деп қойды. Әттең әкесі қожа емес, төре боп қалды. Әйтпегенде есімін Қожа Ахмет деп қоя салар ма еді кім білсін. Кейін есейгенде Яссауи сияқты ірі қайраткер боп жатса Төре Ахмет атана салар.

Санжар Керімбай

Пәтерде қалған жүрек жылуы көзіме жас келтірді
Қасқырлар оның тек басын ғана қалдырыпты...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу