Қасқырлар оның тек басын ғана қалдырыпты...

Oinet.kz 22-11-2023 12531

- Қасқыр талап кетіпті!

- Талағаның не, түк қоймай жеп кетіпті!

-  Кімді?!  Қойшыны ма?

- Басы ғана қалыпты…

Screenshot_6.jpg

Таң атпастан үйдің іші у-шу болды да қалды. Каникулға келген екі ағам тұра жүгірді. Не болғанын онша ұға қоймасам да мен де арттарынан кекілім желбіреп ұшып келем. Бірақ, әлгі жерге барып тоқтағанда екі көзі бақырайып маған қарап жатқан басты көріп еңіреп жылап жібердім...

Әлқисса, әңгімені әріден бастайын.

Бір күні Тамшы деген жердегі  қорада мал бағып отырғанымызда Қошқарда ма,Қарасазда ма тұратын Опай нағашым келді. Нақтырақ айтқанда әкемнің нағашысы. Түп нағашым. Менің сол 4-5 жастағы кезім. Ойпырмай, астындағы есегі есек емес, сурет сияқты. Жануар, есектің де мұнша сұлуы болатынын сонда көрдім. Өзіміздің жауырына қамшыны батырып- батырып қойсаң есекжарыста алдымен келетін көк есек оның қасында түкке тұрмай қалды. Өзінің түсі қараала. Оның үстіне өлі жүнін тастап, жұнттай боп тұрған ала есектің табиғи “шубасы” жаңа ғана сусабынмен шомылдырып қойғандай-ақ жылт-жылт етеді. Көргеннен-ақ бұл есек менікі болады деп шештім. 

Нағашымның о жақ, бұ жағына шығып, әңгімеге қарық қылып-ақ жатырмын. Көңілін табуым керек қой. Қайта-қайта далаға шығып, әдемі ала есекті сипап қоям. Мені менсініп тұрған ол жоқ. “Кетші-ей, “шегол” аяққа оралмай” дегендей маған жақтырмай қарап, құлағын қайшылап қояды…

Мінейін десем, құлағын жымырып, көзін алартып, тістейтін ыңғай танытады. Баласынатын сияқты.

Нағашым бір аптадай жатты. Қайтатын күні жақындаған сайын есегін қалай сұрарымды білмей, шыр айналдым. Ақыры бір күні алыстан тербеп әңгімеге тарттым.

- Ата, мына ала есектің мінезі жаман сияқты ғой, иә…

- Оны қайдан білдің?

- Жақындатпайды ғой…

- Жем берген адамға тимейді…

- Аа… Сізді жығып кетпей ме?

- Иә, анда-санда өз-өзінен мөңкитіні бар.

Ол осыны айтқанда-ақ мен ашық кеттім.

- Ата, менің көк есегім жұп-жуас! Өзі бойы аласа, мініп-түскеніңізге де жақсы.

Атам күлді де қойды. Менің қызығып отырғанымды білген сыңайлы. Бірақ үндемеді. Сонымен әңгіме бітті.

Ертесі таңертең нағашымның жолға шығатынын естідім. Менен маза кетті. Содан манағы “Жем берген адамға тимейді” деген сөзі ойыма сақ ете қалмасы бар ма. Түнделетіп үй іргесіндегі жем қорадан екі рет жем апарып салдым. Күндегідей емес, ала есегімнің көзінде бір мейірім пайда бола бастағандай. Үшінші рет келгенімде Қаратауды басына көтеріп ақырсын-ай келіп. “Ой, айналайын-ай, тағы келдің бе,не деген көңілшек бала едің!” деп жатқан шығар өзінше. Бірақ мен тұрмын үй жаққа жалтақтап,ұрлығым ашылып қала ма деп. Не керек, есекті өзіме үйреттім. Енді таңның атуын күттім. Ұйықтап қалмайын деп уайымдап жатып, көзім ілініп кетіпті. Мені, айналайын ала есек өзі оятты. Қайта- қайта жем бергіш жарылқаушысын сағынып қалса керек,күн ұясынан енді шыға бастағанда Қаратауды басына көтеріп ақырды- ай келіп, ақырды- ай келіп! Мен орнымнан қарғып тұрдым. Сөйттім де тездетіп жем қорадан азғантай жем салып алып, маған қуана қарап тұрған ала есекті шешіп алып, жетектеп тауға қарай тарттым. Тау етегінде ескі монша бар. Соған кіргізіп, жем салып, байлап қоймақпын. Жоспар бойынша нағашым оны таппай қалуы керек. 

Содан атам тұрып, шәйін ішті. Мен жүрмін қипықтап. Енді кетуге жиналып, есегін ерттейін десе… жоқ! Мәссаған! Қайда кетті?

Әкем маған қарайды… мен жыпылықтап басқа жаққа қараймын. 

- Енді қайттік, ұят болды ғой!- дейді әкем.

- Көк есек бар ғой, бойы аласа, өзі жуас, соны мініп кетсін,- деп қоям мәселенің шешімін тапқан адамдай.

Сөйтіп тұрғанда моншадағы ала есегім ал кеп ақырсын, бүкіл құпиямның быт-шытын шығарып…

- Әй, анау есегім моншаға түсіп жатыр ғой!

Атам мұны естіп күлді-ай келіп, әкем қосыла күледі. Мен тұрмын не күлерімді, не жыларымды білмей.

Сөйтсем нағашы атам мен әкем менің түнгі жорығымды да, таң атпай есекті жетектеп кеткенімді де көріп, біліп отырыпты.

Не керек, арманым орындалды. Әлемде жоқ ала есек енді менікі болды.

Нағашым көк есекті мініп ауылына қайтты.

Арада бір- екі ай өтті. Мал төлдеп жатқан кез. Ала есек маған әбден үйренген. Бірақ, барлық сұлулардың бір жаман әдеті болатыны сияқты оның да бір оңбаған “привичкасы” бар екен. Қағаз, жайылған кір көрсе шайнап тастайды. Бір күні қой санап болып, шай ішуге үйге кіріп кеткен дөөй бастықтың қаша басына іліп ұмытып кеткен қалпағының жиегін айналдыра шайнап- шайнап, тақия қылып қойыпты. Ол аздай, шешемнің жуып, жайған кірін де неше рет шайнап тастап, бір балағы жоқ шалбар, бір жеңі жоқ жейде көбейді. Лақтырмасқа амал жоқ. Ондайда оны байлап қоятын. Болмаса қораға қамап тастайды.Сондай күндердің бірінде бейшараға жаным ашып босатып жібердім. Сол босағаннан түнде үйден ұзаңқырап кетіпті. Жалғыз жарым шыққанды аңдып, тісін қышып отырған бір топ қасқыр кез болса керек, бас салып, түпкөтере жеп кетіпті. Тек екі көзі бақырайған басы ғана қалыпты…

Әбден жыладым. Былайырақ барып отырып едім, қарғалар үймелеп, шоқи бастады. Одан әрі ашуым келіп, жылап жүріп таспен атып қудым. Есектің басын қашанғы күзетіп отырам, ақыры басым салбырап үйге қайттым. 

Кейін мен тәрізді есегінен айырылып, “еңіреп” жүрген “мұңдасым” барын білдім. Оның да есегін қасқыр жеп кетсе керек. Тек ол өлең арнапты. Тіпті, жоқтау ән шығарыпты.

Есегім менің есегім, ойбай,

Неден де болды, кеселің, ойбай!

Терлеп келіп, суық су ішіп,

Содан да болды -ау кеселің ойбай!

Есегім өлді қыр басында - ай,

Ертоқым,қамыт жамбасында- ай!

Сорлы болған көк есектің,

Жүз елу қарға дәл басында, ойбай!

…Бала күніңде ерекше жақсы көретін күшігің, құлының немесе бота- тайлағың, қозы-лағың болатыны барлық ауыл баласына тән сезім ғой. Самайыңа ақ кірсе де сол бір бейне ұмытылмай алыстааан, балалық шақтан қол бұлғап тұратындай. Мәселе солардың сүйкімді болғанында ғана емес, олардың сенің балалық шағыңның бір бөлшегі болғанында болар.  

Балалық шағымды ойласам есіме сол ала есегім түседі…

Қарға көрсем жыным келеді.

Әділбек Қаба

Қожа Ахмет Яссауидың әруағының арқасында перзентті болды
1 емес, 5 бірдей жетімді бауырына басқан кедей қалай күн көрді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу