Жынның әйелін босандырған семейлі акушер әже

Oinet.kz 16-11-2024 1991

Қыстың көзі қырауда шұғыл шаруамен Семей қаласына жол тарттым. Пойызда ығы-жығы адам. Қасымдағы орында жайғасқандардың көбі ұйқыда екен. Тек менің қарсы жағымдағы төсекте орналасқан ақ жаулықты апа ғана ояу. Шағын столды шынтақтап терезеден сыртқа көз тастап, ой құшағында отырғаны оның жанарынан айқын аңғарылып тұрды. Алайда қою қараңғылықта ештеңе көрінер емес.

Screenshot_10.jpg

«Қайдан келесіз, апа?» – деп сөз бастадым сыбырға жақын үнмен.

«Астанадан, балам. Өзің қайда барасың?», – деді өзіме қарсы сұрақ қойып.

Содан кейін апа екеуміз емен-жарқын әңгімелесіп кеттік. Ол кісінің сөзіне қарағанда өзі – Семейде, жалғыз ұлы Астанада тұратын көрінеді. Семейде тұратын досым сырқаттанып, көңілін сұрауға бара жатқанымды айттым. Апа ұзақ жылдар акушер болып жұмыс істепті. Вагонның іші ыстық болса да, қолына қолғап киіп отырғанының мәнісін енді сұрайын дегенімде, менің ойымды біле қойды ма, «Тоңып отырғам жоқ, балам. Тек екі қолым екі түрлі. Сол үшін жұрттан ыңғайсызданамын», – деді күлімсіреп. «Неге?» деп сұрайтынымды білді-ау шамасы, апа әңгімені әріден бастады.

«Жас кезде өте елгезек болдық. Ұшып-қонып, елдің қажеті мен көмегі үшін еш аянып қалмайтын едім. Тұрмысқа шықпаған кезім. Әке-шешем туысқанымыздың үйіне кетіп, үйде бір өзім қалдым. Тірлік-терімді ыңғайлап болып, енді демалайын деп жатқанымда есіктің қоңырауы сыңғырлай жөнелді. Үйдегілер келген шығар деген оймен жүгіре басып есік аштым. Еңгезердей дәу қарасұр адамды көріп, жүрегім дір ете қалды. Дегенмен де үрейленгенімді сездірмеуге тырыстым. Қандай жұмыспен кеп тұрсыз дегендей қадала қарадым. «Сіздің көмегіңіз керек боп тұр. Бір әйел толғатқалы үш күн болды. Қиналып кетті. Баланы сіздің аман-есен босандырып алатыныңызға сеніп келіп тұрмын», – деді ол бет пішінін өзгертпестен. Мән-жайды білгенен кейін көңілім сабасына түсті. Күнделікті істеп жүрген тірлігімнен несіне қашайын. Жылдам киініп, дәрігерлік құрал-саймандарды алдым да тез шықтым. Далада жапалақтап қар жауып тұр екен. Анадайда пар ат жеккен, төбесі жабық шана тұр. Жүргізуші «шу!» деп қап еді, ауыздығын қарш-қарш шайнаған қос ат шананы сүйреп жүйтки жөнелді. Қар барған сайын үдей жауды. Қолымдағы дәрігерлік қобдишамды ұстап нығыз отырмын. Жауған қарға қарай-қарай көз жасыған соң, маңдайымды білегіме қойып көзімді жұмдым. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, көзімді ашсам мидай жазық далада жүйткіп кетіп барады екенбіз. Жүргізушіге тіл қатып едім, дауысымды жел жұлмалап естіртпеді. Не де болса да әліптің артын бағайын деп үнсіз қалдым. Бір мүйістен айналғаннан кейін қарсы алдымыздан алабұртқан биік тау көрінді. Жүргізуші «Шу!» деп еді, қос ат тауға қарай тікесінен тік шаба жөнелді. Мен шананың жақтауынан ұстап шалқайып отырмын. Бейнебір әлем кемесінде ұшып бара жатқандай күй кештім. «Мұндай кезде сабырлылық танытқан әбден дұрыс. Пенденің басына не келіп, не кетпейді. Жазым болсам, оны да көрермін» деген ойға бекініп үнсіз отырмын. «Таудың басында қайдағы ауыл?» деп тағы ойладым.

Таудың үстінде айналасын қалың ағаш көмкерген жалғыз үй тұр. Пар ат зулап келіп, есік алдына тоқтай қалды. Үйден екі-үш әйел жүгіріп шығып қолтығымнан демеп, шанадан түсіріп алды. Ес-ақылым адасып қалғандай күй кештім. Қайдан келіп, қайда тұрғанымды білмей жан-жағыма қарағыштай бердім. Әлгі әйелдер сөйлемейді. Тек ымдап қана жол нұсқайды. Енді шындығында да қорқа бастадым. Десе де үйге кіріп, жүкті әйелге көмектесуге тура келді. Әйел жатқан тұста май шам әлсіз жанып тұр екен. Үйге кіргенде, олардың құлақтарының сопақша, көздерінің қысыңқы екенін байқадым. Алайда бар назарым – әйелде. Байғұс қатты қиналып жатса керек, өне-бойын тер басып кетіпті. Алдымен тамыр соғысын байқайын деп білезік тұсынан ұстағаным сол еді, жүкті әйел баж ете қалды. Қолымды жылдам кері тартып алдым. Іле-шала бала да шығып, әйел аман-есен босанды. Есікте тұрған әйел мені ымдап өзіне шақырды да, дала жақты нұсқады. Мен кету керектігін түсіндім де, сыртқа беттедім. Шанада қарасұр адам күтіп тұр екен. «Шу!» деп еді, пар ат шаба жөнелді. Бір ғажабы, бұл жолы келген жолымызбен емес, тауды шеңбер жасай айналып түстік. Үйге жеткенде қар басылып, аспан мұнартып қана тұрды. Қонаққа кеткендер де енді келген сияқты. Менің ақ қырау болып жетіп келгенімді көріп бәрі үрейленіп қалды. «Қайдан жүрсің?», – дейді бәрі. Үйге кірген соң бәрін түсіндірдім. Бірақ олар менің айтқаныма сенген жоқ. «Таудың басында ешқандай үй жоқ», – деді әкем. «Жын-шайтан ертіп кеткен жоқ па?» – деп шешем кемсеңдеп жылады. Мен не айтарымды білмедім. Шешем тұспалдағандай жын-шайтан болуы мүмкін деген күдігім үдей түсті. Інім: «Жындардың мұсылманы, кәпірі болады. Сен мұсылманына жолыққансың ғой. Өйтпегенде жынданып кетер едің», – деді әзілдеп. Әркім әртүрлі болжам айтып жатыр. Мен әлі де болса өзіме өзім келе алмай отырмын. Шешем темір қыздырып ұшықтады. Аздан кейін үйге көрші Қияс деген кісі келді. Біздің абыр-сабыр боп жатқанымызды көріп, бас сұққан тәрізді. Болған жайды ол кісіге білдірмеуге тырыстық. Шай да дайын болды. «Бағана бірдеңе көріп өз көзіме өзім сенбей сендерге айтайын деп келдім», – деді көрші Қияс. «Дәл сендердің үйлеріңінің алдынан алып қарақұс көтеріліп, ұша жөнелді. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Құс үйдей үлкен көрінді. Әйтеуір, батыс жақты бетке алып ұшып кетті. Ол не болғаны сонда? Сол жерде Дүйсен де кетіп бара жатты. Айқайлап шақырып ем, артына бұрылып қараған жоқ. Үйіне қарай тартып барады екен», – деп таңданыспен қарады бізге. Осыдан кейін көрші Қиясқа болған жайтты баяндап бердік. Міне, ғажап! Әлгі пар ат алып құсқа айналып ұшып кеткен бе сонда?! Пар атты шанадағы Дүйсен емес пе деген ой келді. Содан кейін жын-шайтанның әйелін босандырып келгеніме шүбәсіз сендім. Ал Дүйсеннің ертесі қатты науқастанып, төсек тартып қалғанын естідік. Содан бері қаншама жыл өтті. Әлгі әйелдің денесіне тиген қолым сол қалпы еш өзгеріссіз қалып қойды», – деп қолын қолғаптан шығарып көрсетті апа. Адам айтса нанбас. Бір қолы бойжеткен кезіндегідей жап-жас қалпында да, екінші қолы тарамыстанып, қартайып кетіпті.

Пойыз Семейге таң ата келіп тоқтады. Жапалақтап қар жауып тұр екен. Апа пойыздан түсе салып қос қолын жауып тұрған ұлпа қарға төсеп аз тұрды да, бетін сипап жөніне кетті. Сонда апаның қолына қандай тылсым күш әсер етті екен, ә?

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ

otarka.kz

Кәмшаттың анасын бейітке ертіп әкеткен сәби
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу