«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Бұрында, Аталарымнан "шаңырақтың киесі болады" дегенді естуші едім, сол сөз рас екен. Өмірден өткен адам туралы əңгімелегенде, тек жақсылығын айту керек, бірақ, көпшілік оқырманға ой салсын деген ниетпен, марқұм Енемді əңгімеге қосқым келіп отыр.
Мен келін болып түскенде, екі абысыным бар еді, бірақ бөлек тұрады екен. Бір көршіміздің айтуынша, екеуі де екі айдан кейін-ақ, "бұл үйде тұрмаймыз" деп, дүниесін жинап, күйеулерін алдына салып, əкеткен көрінеді.
Енем ашық мінезді, жарқын жүзді адам болып көрінген, көршіге сене қоймадым. Жиырма жасқа толып, балалығымыз қалғанымен, шалалығымыз байқалып тұратын кез ғой. Кім де болса, туған баласын еркелетеді, бар жақсысын соған арнап, солардың қуанышына мəз болады.
Мен де, сондай тілеулес Ата-анамның назарынан алыстап, "осы елмен бірге бақытты боламын" деп, келіп отырған жан едім. Бірақ, Енем менің маңдайымнан иіскеп, басымды сипай қоймады. Ол кісінің іскерлігіне таласым жоқ, жас адамдай, білегін сыбанып тұрып, еңбек ететін.
Бірақ, ол - тіршілікке үйренбеген үйренбеген мен, əрдайым, кемшілікке жол беріп алатынмын.
Анам: "барған жеріңде ұят болмасын" деп, үй шаруасын үйретті, бірақ, күнделікті сол жұмысқа салып қойған жоқ.
"Қыз - қонақ, келін болған соң-ақ істерсің" дейтін. Сондықтан да, қамыр жаюды білгеніммен, шеттері қисайып кетеді, оны уақыт өте, меңгеріп аламын ғой. Ал, Енем сол болмашы нəрсені сынап-мінеп, соңын дауға айналдырып жіберетін.
Ол кісі ұрсып жатқанда, не істеу керек екенін пайымдай алмайтынмын. Қамыр жайылып қойды, суға салса, бәрібір пісетін қамыр, оны несіне даулайды? Қайта илеп, жайып та қөргенмін, ондайда, "таң атқаннан, қара кешке дейін, бір қамырды мыжып отыр" деп, ұрыс шығарған. Тамақ ішпей жатып алатын.
Сосын, күйеуім жұмыстан келгенде: "мен ашпын, мазам жоқ" деп жылайды. Ішпеген өзі, зорлықпен оны қалай тамақтандырамын? Əр нəрседен ілік іздеп отыратын Енемнің көңілін табу, өте қиын еді.
Не алдап, не қорқып, не үндемей құтыла алмайсың, əйтеуір маған тиісудің жолын табатын. Күнде жұмыстан шаршап, ашығып келген күйеуіме, шағымдана беріп, оны да мезі етті. Бірақ ол, "басымды қатырмашы" деп, Анасына қалай айтады? Бар ашуын менен алатын. "Сол бір кемпірдің көңілін таба алмайсың ба? Соны, мен келгенде шағымданбайтындай етіп, жағдайын жасамайсың ба?" - деп, тепкінің астына алатын. Содан кейін ғана, Енем ауруынан айығып, бірнеше күн бойы жазылмай жүрген қабағы ашылып, жадырап қалатын. Күйеуімнің соққысынан ауырсынып жүргенім, бет-аузымның көгеріп жүргені, Енеме қатты ұнайтын.
Ас үйде, жылап-сықтап дайындаған тамағымды, рахаттана жеп, көрші-қолаңды шəйға шақырып, əңгіме-дүкен құратын. "Тамақ та күндегідей əзірленеді, үй де бұрынғыдай жиналады, неге күнде осылай, рахаттанып отыра бермейді екен?" - деп, қиналатынмын. Ештеңе өзгермейді, тек мені, күйеуімнің таяққа жыққаны болмаса...
Сонда, Енемнің көксегені не? Əлде, ұлын қызғана ма екен? Əйтеуір, менің берекем кетіп, көзіне құл сияқты көрініп жүрсем, көңілді отыратын. Иə, екі аптадай уақытта, ренішім басылып, көгерген ауырғанның бəрі жазылып қалғанда, Енемнің ауруы қайта басталатын. Солай, ит азаппен өмірім өтіп жатқанда, бала тәрбиесіне де, көңіл бөле алмадық. Күйеуім мені ұрып жатқанда, олар шулап, бір бұрышта жылап отыратын. Содан ол, үйден шығып кетіп, есінен танғанша ішкілік ішетін. Үйге келмей, бірнеше күн жоғалып кетеді. Бір жағынан тəнім ауырса, бір жағынан жаным ауырып, көп қиналдым.
Сондағы Енемнің ұтқаны не? Ажыраспақ та болдық, бірақ, күйеуім өзін мүлде тастап жіберді.
Сол үшін жəне балаларымды Əкесіз жəутеңдетпейін деп, бəріне көндім. "Əйел қырық жанды" деген рас, мен балаларым үшін, шыдаймын-ау, соқталдай азаматты айтсаңшы.
Енем солай, өз баласының түбіне жетіп жатқанын сезбеді де. Ішкілік ішіп, үй бетін көрмей, қаңғып кеткенін де, менен көрді.
"Сен жақсы болсаң, қасыңда отырар еді, сенен көрмеген жақсылықты, даладан іздеп жүр" дейтін.
Күніміз, жақсарудың орнына, кері кете берді, күйеуім үйге мүлде келмей қойды. Енем: "сен оңбаған, маған ерегісіп, дуалап, қаңғыртып жібердің! Көшеде қалғанды көрсетейін саған" деп, түннің ортасында, үйден қуып жіберді. Көрпе-төсегімнің бəрін далаға лақтырып тастады.
Сол күні, бала-шағамды көрпеге орап, таңның атуын күттік, "енді ажырасамын" деп ойлағам. Таңға жақын, күйеуім келіп қалды да, жағдайды өз көзімен көрді.
Енем, бірден ауырып, құлап қалды, күйеуім мені алдына салып, ұрмақ болды. Бірақ, түнімен шошып қалған балаларым жылап қоя бергенде, "бұл үйге қайтып кірмейсің, бөлек шығамыз" деп, даладағы төсек-орнымды жүк көлігіне артып, сол күні-ақ, көшіп кеттік. Ауылдың шетіндегі бір үйді жалға алдық, құрқылтайдың ұясындай болса да, өзімізге кең. Балалардың ойнап-күлген дауысы, үйге береке шақырғандай, өзгеріп сала берді. Өз-өзімізбен шаруамызды дөңгелетіп əкеттік.
Ал Енем, қуыршағынан айрылған баладай, мазасызданып қалды. Қайта-қайта ауырып қалып, күйеуімді шақырып алып, "ажырас" дейтін. Бөлек тұрғанда да, арамызға түсіп, біраз уақыт ылаң салды. Енем, бір шаңырақты бостан босқа, шайқалтып отырғанын, сол сәтте түсінбесе керек. Мен Енемді қарғаған емеспін, жамандық та тілегенім жоқ, тек, "неге мені жақтырмайды?" - деп қана ойлайтынмын. Бір-екі жыл өткенде, Енем қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалды.
Менен басқа, екі келіні жағдайын жасауға келе қоймады. Содан, таң атқаннан, өз үйімнің шаруасын қойып, науқас Енемнің күтімін жасадым.
Күнде, жағдайын сұрап келгендерді күтіп алып, шығарып салып, ас-ауқатын дайындап, Енемді шомылдырып, киімін жуып отырдым. Бірақ, өз үйімізге барып, түнейтінмін. Сонымды, кешірмеді деп білді ме, Енем: "мені қара шаңырақтың киесі ұрды" дегенді жиі айтатын.
Соңғы күндері, мені жанына шақырып, "мен саған талай тісімді батырдым, бірақ, ана екі келінге не жазып қойдым" деп, жылап алды. Көңілін аулап, "өткеннің бəрі ұмытылсын, тек жақсыны еске алайық, Апа" дегенімде, ризалығын білдіріп, батасын берді.
Содан, бір-екі апта өткенде, елу сегізге қараған шағында, көз жұмды. Енемді еске алсам, бір дастархан басында жадырап отырған күндеріміз, болмаған сияқты, тек соңғы күндері жылап, қоштасқанымыз ғана, көз алдыма келеді. Əттең-ай, он жылдан астам уақытымыз, бос əурешілікпен өтіп кетіпті. Құдайдың көрсеткен күніне шүкіршілік етіп, отбасыңды айрандай ұйытып отырғанға не жетсін?!
ГҮЛЖАМАЛДЫҢ хатынан,
"Алтын босаға" газетінен