Cыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекет саясатының негізгі бағыты

Oinet.kz 12-09-2019 1148

Screenshot_7.jpg

Сыбайлас жемқорлық – мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына кері әсер етіп, ел экономикасы мен әлеуетіне кедергі келтіретін қауіпті індет. Сол үшін де, бүгінгі күні қоғам дертімен қарқынды күресу – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі болып отыр. Жемқорлық көріністеріне жол бермеу – қоғамда сенім атмосферасын қалыптастыруға сеп болып, ашықтық, қолжетімділік қағидаттарының көрініс табуына жол ашады.

Осыған орай, бүгін Қазақстан  Республикасы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Гүлмира Төлегенқызы және «Түркістан – адалдық алаңы» Жобалық кеңсесінің менеджері Ерұлан Тұңғышбаев көне тарихтың көзін көрген Отырар ауданына арнайы барып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Түсіндіру шараларының негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және оған ықпал ететін себептерге жол бермеу.

Ең алдымен, Департамент қызметкерлері құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесіп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылық, әділдік құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.

Кездесуде Г.Төлегенқызы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі бағыттары мен міндеттерін және заңнамалық жаңалықтарды талқыласа, Е.Тұңғышбаев сот органдарының қызметкерлеріне адам бойындағы адалдық пен әділдік қасиеттерінің жарқын болашаққа негіз болатынын жеткізді.

Сондай-ақ, шарада «Есен ана» мешітінің бас имамы Е.Киізбаев пен «Тәйтелі ата» мешітінің бас имамы М.Сұлтанқұлов парақорлық адами тұрғыдан да, мемлекеттік тұрғыдан да ауыр қылмыс, әрі кешірілмес күнә екендігін кеңінен баяндады.

Түсіндіру жұмыстары барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы әзірленген бейнеролик көрсетіліп, слайд арқылы статистикалық мәліметтер ұсынылды.

Арман Қуанышбаев әріптесі Ерлан Ақатаевтың сеніміне, уағыздарына күмәнмен қарайтынын айтты
Шымкентте «парасаттылық мектебі» өз жұмысын жалғастыруда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу