Таразда өзін блогер ретінде көрсетіп, қоғамдық қор құрған қылмыстық топ ұсталды
Таразда ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Жамбыл облысы полиция департаменті мен ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен ұзақ мерзімді әзірлеу және жедел-тергеу іс-шараларының кешені барысында тұрақты негізде әрекет еткен қылмыстық топтың жолын кесті, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін ведомствоның жедел қызметкерлері назарына бірнеше рет бопсалауға, қылмыстық текетірестерге, қала мен облыс аумағындағы кәсіпкерлерден қарыздарды қайтаруға қатысқан топ түскен болатын. Қылмыстық топтың жетекшісі соңғы кездері өзін қоғам белсендісі ретінде көрсетіп, жастарды тәрбиелеу жөніндегі патриоттық қозғалыстың атын жамылып "қайырымдылық қоғамдық қорын" құрған.
Ол өзінің қылмыстық беделін "әділеттілікті жақтаушы" – блогер имиджіне түбегейлі өзгертіп, әлеуметтік желілерде белсенді бола бастаған. Өз қорына ерікті жарналар түрінде қылмыстық "қамқорлығы" үшін кәсіпкерлерден ақша бопсалап отырған. Бұған келіспегендерге күш қолданған
"Полицияға топтың тоғыз мүшесі жеткізілді, 20-дан аса тінту жүргізіліп, "қаңтар" оқиғасы кезінде облыстық Полиция департаментінен ұрланған "Калашников" автоматы, екі "Макаров" тапаншасы, мылтық, травматикалық тапанша мен басқа да суық қару тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыстық топтан екі келіден аса есірткі тәркіленді. Қылмыстық топқа қатысушыларға қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтағаны үшін 12 қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр", – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.