Атырауда бес күн бұрын жоғалып кеткен 16 жастағы қыз көпірден секіріп кеткені белгілі болды
Атырауда бес күн бұрын үйінен белгісіз бағытқа шығып, жоғалып кеткен 16 жастағы Әсемай Қазбекованың көпірден секіріп кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әсемай Қазбекованың жоғалғаны туралы хабар түскен сәттен бастап полиция қызметкері, құтқарушылар мен еріктілер қаланы, Жайықтың бойынан іздеген болатын, бірақ еш жерден табылмаған еді.
10 сәуір күні кешке қыздың көпірден суға секіріп, мерт болғаны белгілі болды. Бұл жаңалықты іздеуге қатысқан ерікті Сандуғаш Күкенова Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, көшедегі бейнебақылау камераларынан Әсемайдың көпірге көтеріліп бара жатқанын ғана көрген екен. Алайда одан кейін не болғаны белгісіз қалған. Оның ары қарай қайда барғанын білу үшін жеке үйдегі камераны қарау көпшілікке үміт берген. Алайда ол үйдің иесі бірнеше күн бойы үйінде болмаған.
“Бүгін үй иесі оралып, қыздың әкесі таспаны қарады. Өкінішке орай, Әсемайдың көпірден қалай секіргенін көрдік", – деп жазды ерікті.
Бұған дейін облыстық мәслихаттың депутаты Надежда Шильман Facebook парақшасында Әсемайдың көпірден соңғы суретке түсіп, қолтаңбасын қалдырғанын жазған болатын. Полицейлер Әсемай Қазбекованы іздеу әлі жалғасып жатқанын хабарлады.