Көргенді ененің баласына айтқан ақылы
- "Балам, алған жарың - əуелі Алланың аманаты, сосын бүтін бір əулеттің аманаты. Аманатқа қиянат етіп, ақысын жеуден сақ бол.
- Өз жұртында аз ғана уақытқа қонақ болған қыз баласы барған жерінде соңғы күніне дейін қалады. Оның əрі қарайғы өмірі сенің оған жасаған қарым-қатынасыңа байланысты болмақ. Сіңісуіне жəрдемші бол. Жылатпа. Көз жасының ауырлығын арқалама. Онсыз да нəзік жанына жара салма. Адал бол.
- Сен оған бір рет жақсылық етсең,- ол өз кезегінде сол бір жақсылығыңды ғұмыр бойы еселеп қайтарумен болады. Оның жүзінен нұр мен күлкі көргің келсе, жұмсақ бол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиеттегендей мұсылман бол. Ұсақ-түйек кемшіліктерін байқасаң, өзіңнен қателік іздеп, түзел. Құранда да өзін түзегеннің айналасын Алланың Өзі туралайтыны айтылған.
- Əйелінен кемшілік біліне бастаса, сөзсіз ерінің амалдарында қателік бар деген сөз. Мұқият бол. Ешқашан əйеліңді көпшілік алдында кемсітпе де, сөкпе. Ол оны қорлайды. Саған суып қалады. Есіңде болсын!
- Жат жұртта жүрген қыз өз төркініне деген сағынышта болады. Қайын жұртың жайлы оған жаман сөз айтушы болма. Қарындас, əпкелеріңді есіңе ал. Сендерді тілдеп күйеу бала, жезделердің əпке, қарындастарыңды мінегенін қалайсың ба? Өзіңе қалағанды оған да қала, өзіңе қаламағанға оны да душар етпе. Əділ бол! Сол - шынайы мұсылмандық.
- Дүниеге ұрпағыңды əкелсе, əуелі Жаратқан Раббыңа шүкір ет. Сосын жарыңды аяла. Дүниеге сəби əкелген əйелдің жаны да, тəні де сезімтал əрі үлбірек болады. Көңіліне сақ бол. Денсаулығын күт. Оның денсаулығы ұрпағыңның саулығына тікелей байланысты. Ішім-жемде ризығынан қыспа.
- "Садақаның ең абзалы - отбасына жұмсалған мал-мүлік" деген хадисті үнемі жадыңда тұт. Алла берекеңді арттырады. Кедейлікке себеп болар амалдардан қашық бол. Ерте тұр, кеш жат. Адалынан нəпақа іздеуде табанды бол.
- Еркектің үйде қол қусырып жатуы - қасиетсіздік. Нан тауып кеп шаршап жатқанның жөні бөлек. Сені əйелің хандай көргенін қаласаң, еркектік намысың болсын. Əйелдің қазаны мен ошағына араласып, күңкіл əңгімелерге бейім болма. Дайындағанын ішіп, же де, соңынан еркелетіп алғыс айтуды əдетің ет. Бұдан кейін оның тек құлпырғаны мен əбек боп қызмет еткенін көресің.
- Еңбегін бағала. Жанашыры бол. Шамасы жетпейтін шаруаларда əрдайым жанынан табыл. Ауыр жүк артпа. Саған арқа сүйеп, əйел боп жаратылғанынан ләззат алып, еркелей жүрсін.
- Сүйеніші, қамалы бол. Бұл ақысын жеуден сақтан. Төсегіңді бөлектеуші болма. Құрандағы шекке жеткенше сабырлылық ет. Алланың алдында дəрежең өседі. Бұл шаңырақ сенің үрім-бұтағың өсіп-өнетін қасиетті орын. Іші мен тысына көңіл қой.
- Сырттан қаңқу сөздер ішті ірітпесін. Əркімнің сөзіне еріп ірітіп алма. Көңіліңді құлазытардай жағдай болып қалса, ең əуелі əйеліңді тыңда. Əр сөзіне ден қой. Қателік еткен болса кешіріммен қарап, түзелер жолды бірге жүруге ыңғай таныт. Өзін жалғыз қалдырма.
- Шаңырағыңды шайқап, құлатудан сақтан. Іштегі ым-жымды сыртқа жария етпе. Ондай əрекет екеуіңді де ел алдында абыройсыз етеді. Көпсөзділік пен қылжақбастықты əйелдер сүймейді. Ондай қылық бойыңа жұқпасын. Иманыңды əлсіретеді. Өз иманың мен əйеліңнің иманына көп көңіл бөл. Кейбір құлшылық амалдарды бірге атқар. Жүректеріңді бірлікте етеді Алла.
- Үнемі əйелің үшін жақсы дұға жасап жүр. Əуреті жабық, намазы мен оразасын қаза етпейтін жар берген Раббыңа көп шүкір ет.
- Сендердің үйлесімді ғұмыр кешулерің - біздің де ғұмырымызды ұзартады. Сендерден сыйластық кетсе,-бізден береке, тыныштық қашады. Ұрпағыңның түзу болғанын қаласаң, олардың анасының ойы мен жүрегінің тыныштықта, жақсылықта болуын қамтамасыз ет. Тәрбиенің басым бөлігі анасы арқылы дариды. Алладан қорқатындардан бол. Некеңді қастерле!"