Ақбота Керімбекова өнердегі әріптестерін қатаң сынға алды
Белгілі әнші Ақбота Керімбекова "1001 түн" бағдарламасында қандай әншілерді мойындамайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның сөзінше, қазір өнер саласының қадірі түсіп кеткен.
"Қазір өнердің қадірі кеткен уақыт болып тұрған сияқты. Қазақ әнін, қазақ үнін, қазақ поэзиясын, небір мықты ақын бар ғой сол дүниені қазіргі жас әншілер бағаламағаннан кейін оларды еш мойындай алмаймын. Мойындағым да келмейді. Бәлкім, ол жастықта шығар, туа салып ақылды болған жоқпыз...
..."Әу" демейтін қазақ жоқ. Бірақ кәсіби әнші, жай әнші деген болады. Қазір тойдың әншілері көп. Қазір той түсінемін. Бәріміз де тойдан күн көреміз.
...Не үшін өнер академиясы бар, не үшін консерватория бар? Кейде оның бәрін жаба салу керек шығар деп ойлаймын. Себебі сахнаның қазір 70-80 пайызы оқымаған, сауаты жоқ әншілер, не сынды көтере алмайды" - деді ол.
Кейінірек әнші Instagram-парақшасында бағдарлама барысында неге олай дегенін түсіндірген.
"Күні кеше "Қазақстан" арнасындағы "1001 түн" бағдарламасын көрген тыңдармандарым жекеме жазып, ойымның дұрыс екенін айтып жатыр. Осы ретте мен өзіме жиі қойылатын сұрақты атап, оған берер жауаптарымды осында жолдайын. Ақбота Керімбекова қай әріптестерін мойындамайды?! Тағы айтамын, қазақ музыкасын, қазақ ғажайып поэзиясын менсінгісі келмейтін әншілерді мойындамаймын! Қазақта киелі саналатын ошақта үш бұт болады, оның біреу осал не кем болса, ырысың төгіліп, асың ысырап болады. Ән де сондай, оның не сөзінен, не сазынан, не оны жеткізушіден кемшілік болса, ол дүние бүтін емес деген сөз! Ал енді, ойланып қараңыз, ондайды қалай бағалауға, мойындауға болады?!" - деді Ақбота Керімбекова.