Тоқаев қазақстандық жастарға қатты ашуланды
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жастарға ренішін білдірді. Оның айтуынша, кейбір жастар жұмыс істеуден қашады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді.
«Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай кейде жұрт, әсіресе жастар маңдай терін төгіп жұмыс істегісі келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жөн көреді. Өйткені олар «бізде адалдық лайықты бағаланбайды» деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жататынын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. «Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы» деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейібеулер адал еңбек пен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін көрген соң, еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына жақындарына да, мемлекетке де масыл болып отыр. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Тіпті жергілікті билікке қоқан-лоққы көрсетуден де тайынбайды» деді Тоқаев.