Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Шетелдікке тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүріп жатқан қазақ қыздарының бірі - Тұңғышбек Жансая Маратқызы. Ол Корея еліне білім алуға, бала күнгі арманын орындауға барған. Шет елде оқып жүріп, өзінің махаббатын жолықтырған. Жансаяның тұрмысқа шыққанына 1,5 жыл уақыт болыпты. Бүгінде 1 жасар Им Седжин есімді баласы бар.
- Жансая, өзіңіз қазақтың қарапайым, сұлу қыздарының бірісіз. Сізге қазақ жігіттерінің де сезімін білдіріп, сөз айтқаны болған шығар. Осы тұста күйеуіңіздің қай қасиетін ерекше бағаладыңыз? Неліктен таңдауыңыз шетел азаматына түсті?
- Екеуміз қыз-жігіт болып жүргенде қатты қамқор болды. Қыдырып жүргенде немесе бірге тамақтануға барғанда болсын барынша қамқорлығын танытатын. Әр кездескен сайын маған сыйлықтар жасайтын. Мені бірден-бір баурап алған қасиеті қамқорлығы деп айтар едім. Одан бөлек, адамдарға деген сый-құрметін ерекше айтып өткім келеді. Қайда жүрсек те адамдармен сөйлесуі, сыйлауы, құрметтеуі өте қатты ұнады. Айта берсем жақсы қасиеттері өте көп.
- Шет елде тұрсаңыз да қазақи салт-дәстүрлерді ұстанады екенсіз. Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан балаңызды бесікке бөлейтініңізді көріп риза болдық. Жалпы Кореяда ұлтымыздың салт-дәстүрін қаншалықты ұстанасыз? Оған күйеуіңіздің, ата-енеңіздің ойы қандай?
- Салт-дәстүрді өз үйімде қалай ұстансам, бұл жақта да дәл солай ұстанамын. Ата-енем бірінші бесікті көрген кезде таңқалды. Басында ата-енем ұнатпады. Мен оны Қазақстаннан арқалап келгенмін. Нағашы апалары беріп жіберген. Алғашқы кезде бесікке ата-енем қарсы болды. Сосын оның жақсы екенін айтып түсіндірдім. Қазір ата-енем бесікті өздері алып жүгіреді.
- Сіз отбасыда ұлдан да, қыздан жалғыз перзент екенсіз. Ата-анаңыз өзге елдің жігітіне тұрмысқа шығам деген шешіміңізді қалай қабылдады?
- Ата-анам қатты қарсы болды. Тіпті 1 айлап сөйлеспей де кеттік...
- Ата-анаңыздың аялап өсірген жалғыз көз қуанышы болғандықтан, қарсылық танытулары заңдылық. Білуімше, әкеңіз бұл некеге қарсы болған екен? Бұл қиындықтардан қалай өттіңіздер?
- Әкем алғашында менің Кореяға оқуға баруымның өзіне қарсы болды. Уақыт өте келе шет елде оқығым келетінін түсініп, арманыма балта шаппады. Ата-анам кәріс жігітпен жүретінімді естіген соң, қыз жігіт болып жүретін шығарсыңдар, бірақ тұрмысқа шығуды ойлама деді. Әкем менің қазақтармен құда болғым келеді деді. Әкем де, анам да қарсы болды.
- Қазіргі таңда екі жақтың ара-қатынасы қалай? Әкеңіздің құдаларына көңілі тола ма?
- Өте жақсы. Тіпті менен артық жақсы көреді. Ата-анам корей тілін үйреніп жатыр. Ата-енем де сөздер жаттап, екі жақ бір-бірімен видео арқылы сөйлесіп тұрады.
- Күйеуіңізбен таныстықтарыңыз жайлы, Кореядағы қызықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз?
- Таныстығымыз дорамадағыдай десем болады. Бұл оқиғаны өзімнің дорамам деп айтамын. Кешкісін құрбым екеуміз тамақтануға барған болатынбыз. Болашақ жарымды сол мейрамханада кездестірдім. Осылай таныстығымыз басталды. Басында дос ретінде сөйлесіп жүрдік. Мен оны дос ретінде көрдім. Алғашқы кездесуіміздің өзі қызыққа толы болды. Бірінші кездесуге спорттық киім киіп барып, әбден ұялғаным бар. Ол қымбат мейрамханадан орын алып қойған екен. Оқиғамыз осылай басталды.
- Бәріне қызық сұрақ. Жолдасыңыздың ата-анасы өзге ұлттың қызын жар етем дегенге көзқарастары қалай болды? Жалпы ата-енеңіз сізді қалай қабылдады?
- Мені ата-енем алғашқы күннен өте жақсы қабылдады. Ол кісілермен қыз жігіт боп жүріп бастаған соң таныстық. Атам тарихты жақсы көретін кісі. Менен Қазақстан туралы, дінім жайлы сұрады. Нені ұнататынымды нені ұнатпайтынымды сұрады. Кәріс тілін жетік білген соң, ол кісілермен еркін сөйлесу маған еш қиындық тудырмады.
Сұқбаттасқан: Ұлбосын Әбілсейітқызы,