Ерекше қажеттілігі бар азаматтар Түркістан қаласына саяхаттады
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Қамытбекұлы Төлеби ауданындағы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне алып келді.
Қасиетті де тарихи орынға зиярат ету және қаланың көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында қолға алынған игілікті шараға келген азаматтарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев қарсы алды.
— «Nur Otan» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде Төле би ауданында кезекті қоғамдық қабылдау өткізгенімде өзге өтінішпен келген ерекше қажеттілігі бар жандардың бірі осындай ой қозғағанда жан дүнием әжептеуір әлем тапырық күй кешті. Қоғамдық қабылдауда болған ерекше жандар:
«Киелі Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы ғаламат жылдамдықпен адам танымастай ғажайып өзгеріске бет бұрғанын телеарналардан тамашалаған сайын таңданамыз. Ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден түрленген Түркістанның фотоларын көріп, қарқынды дамуы жайлы оқыған сайын қызығамыз, өз көзімізбен көруге аңсарымыз ауып тұрады. Мүмкіндігі барлардың бәрі Түркістанды тамашалап қайтып жүр»,-деген сияқты ұсыныстарын айтқаннан кейін осындай шешім қабылдадым. Жалпы, әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылу тек экономикадағы өсіммен өлшенбейді. Өркениетті елге тән белгілердің бірі — ерекше қажеттілігі бар жандарға барынша жағдай жасау. Яғни, ондай азаматтардың қоғамға бейімделуіне, сапалы білім алуына, жұмыспен қамтылуына тиісті жағдай жасалмаған болса, ол елді дамыған деп айту қиын»,-деді облыстық мәслихат депутаты, белгілі журналист Ғалымжан Елшібай.
Бірінші және екінші топтағы ерекше қажеттілігі бар жандар, олардың күтушілері мен әлеуметтік сала мамандарын қосқанда жалпы саны 20 адам Түркістан шаһарына сапар шегіп, қаланың көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алыпты.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде бабалар рухына құран бағыштап болған соң қонақтарға кесене мен кесене айналасында жерленген тұлғалар жайлы мәлімет беріліп, тарихи жәдігерлер таныстырылды.
Ортағасырлық Тайқазан жанында жан-жақты пікір алмасып, ерекше әсерлерімен бөліскен қонақтар сапарды ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Кездесу барысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнап «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі атынан кесене тарихына арналған шағын кітапша сыйға берілді.