Көпбалалы ана жаңа туған нәрестесін қоқысқа тастаған
24 қаңтарда Атырау облысының Сағыз ауылында 35 жастағы көпбалалы ана босанғаннан кейін сәбиін бірден қоқыс жәшігіне тастаған, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Azh.kz-ке сілтеме жасап.
Әйел босанғаннан кейін қан кеткен. Дәрігерлерді шақырған. Фельдшер оның жақында босанғанын бірден білген. Бірақ үйде сәбидің жоқ екеніне таңғалған. Содан кейін ол полицейлерді шақырған. Нәресте үйден 100 метр қашықтықтағы қоқыстан табылған.
Әйел көпбалалы ана екен: оның төрт баласы бар. Бірақ ол қандай да бір себептермен бұл жүктілікті дәрігерлерден жасырып, үйінің дәретханасында босанған.
Кейін қайтыс болған баланың дүниеге дені сау болып туылғаны анықталды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, Атырау облысының полициясы тергеу жүргізіп жатыр.