Ақберен Елгезек Елбасы жобасына қарсы шыққаны ма?

Oinet.kz 11-02-2020 5758

Screenshot_2.jpg

Oinet.kz коллажы

Өткен аптада Қордайда болған оқиға бүкіл елді дүрліктіріп жіберді. Қазір қақтығысқа қатысты пікір көбейіп тұр. Ерінбегеннің бәрі өз ойларын білдіріп жатыр. Мың адам – мың түрлі ой. Сондықтан да, халық бір тоқтамға келу үшін сөзі өтімді зиялы қауым өкілдерінен тұщымды пікір күтетіні анық. 

Жақында Фейсбук әлеуметтік желісінен Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, танымал ақын Ақберен Елгезектің мына бір жазбасын байқап қалған едік. Сөзбе-сөз келтірейік: 

- Осындайда көрінуі тиіс Ассамблея қайда?! Бұл институт мұндай жағдайларды болдырмау үшін, елде ұлтаралық келісімді сақтау үшін құрылған жоқ па еді. Қанша рет осындай жағдай орын алды. Қорытынды шығарып жатқан Ассамблея жоқ. Демек, ұлтаралық қарым-қатынас пен келісім Ассамблеяға қарап тұрған жоқ дейміз. Ассамблея өз кезегінде қазақты сыйлата алған жоқ . Басты міндеті сол болуы тиіс еді! Өзге диаспораларды тәртіпке келтіре алған жоқ. Негізгі саясаты сол болуы керек еді. Жүктелген міндетті атқара алмаса, онда мұндай декоративті ұйым таратылуы тиіс, - дейді ақын ашуға ерік беріп. Нақты шешім ұсынып.

Screenshot_5.jpg

Malim.kz сайтынан

«Мәссаған безгелдек! Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жобасы екені баршаға белгілі. Елбасы жобасына қарсы шығу деген отпен ойнау емес пе?» деп ел арасында пікірталас туды.  Бәлкім, тәуелсіз қоғам қайраткерлері қарсы шығар. Қарсылық имитациясын жасар. Бірақ, халық ондайларға онша селт ете қоймайды. Ал, енді мемлекеттік қызметте жүргендер немесе билік жанындағы атағынан ат үркетін ұйым, одақтардың басшылары  қарсылық танытса, халық мұндайда сары майдай еріп кетеді.  

Қайталап айтайық, ол білдей Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары. Ал, Жазушылар Одағына билік қолдау көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Одаққа қос бірдей қымбат шетелдік автокөлік сыйлағаны ел есінде. Яғни, Одаққа билік тарапынан жасалып жүрген көптеген басқа қолдауларды айтпағанда осы екі көліктің өзі «өткізіп қойғаны» барға жатады.  Бірақ, Одақтың бірінші орынбасары  «биліктен қымбат сый алдық, енді тыныш жүрейік, дауыл тұрғанда түйетауықтай басымызды құмға тығып отырайық» демеді. Ақберген Елгезек ҚХА-ны қатаң сынға алып, мінез көрсетті. Мұнысы Елбасы жобасына, дұрысы Елбасыға қарсы шыққан есептеледі десек қателеспеспіз. Ол білімсіз азамат емес. Өте интеллектуал. Ол ҚХА-ны тарату туралы ойын айта отырып, түбі кімге тиерін білді. Бірақ, сөзін іркіп қалмады. Датын айтты. Деее-еп жүргенбіз.Бірақ...

Ері мен әйелі бір-біріне ұқсайды дейді ғой. Оның жұбайы Дина Елгезек те әлеуметтік желіде Елбасын және оның айналасындағыларды сынайтын өткір жазбаларымен  көзге түсіп жүр. Дина Елгезекті жұрт өте өткірлігі үшін  сыйлайды. Себебі, ол айтқан ойынан қайтпайды. Бірбеткей. Мінезді. Мұндай адамнан ерлік шығары анық. Дина Елгезектен ел көп нәрсе күтеді. Үміт артады. 

Ал, табанының бүрі жоқ, бүгін айтқанынан ертең айнып қалатын, бір мезетте 180 грдаусқа бұрылып шыға келетін адамды – «кімнің тарысы піссе соның қорасына кететін тауыққа теңейді». Ел  Ақберен Елгезектің әрекетін ерлікке  теңеп жүрсе, ол әлеуметтік желідегі батыл жазбасын алып тастапты. Бастапқыда  біз оны жамандыққа қия алмадық, техникалық ақауларға байланысты өшіп кетті ме екен дедік. Алайда күн артынан күн жылжыса да түзелетін техникалық қателікті байқамадық, жазбасы қалпына келмеді.  Сонда Ақберген Елгезек қандай да бір «қоңыраудан» соң ойынан айныған болса, онда өкінішке қарай... Сонымен Ақберен Елгезектің әрекетін қорытып айтсақ неге жатқызамыз, ерлік пе , есероқтық па? 

Егер ол сөзінде соңына дейін тұра алмайтынын білсе онда неге ҚХА-ны ашық сынады? Тыныш қана бақылап отыра бермеді ме? Әйтеуір, ол да осындай қадамдармен Қосановтың кебін киіп, абыройдан жұрдай болмасын деп тілейміз!

Қордайдағы екі дүкені жанып кеткен жігіт сұхбат берді
Елбасы: "Қордайдағы оқиғада құқық қорғау органдары жіберген қателіктер бар"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу