Елбасы: "Қордайдағы оқиғада құқық қорғау органдары жіберген қателіктер бар"
Нұр-Сұлтанда Қауіпсіздік кеңесі өтті. Шараға Нұрсұлтан Назарбаев қатысты деп хабарлайды Oinet.kz Елбасы сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері қаралды.
Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Сондай-ақ оқыңыз: Сара Назарбаева жаңа жасты еңсерді
"Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатып отыр. 30 жылдың ішінде халқымызбен бірге бірталай қиындықтарды бастан өткердік. Қазіргі жастар сол ауыртпалықтарды елестете де алмайды. Қазақстанда 130 кәсіпорын жабылып, 2,5 миллион адам жұмыссыз қалды. Үйлерде жылу жоқ, азық-түлік тапшылығы туындады. Біз осы сынақтардың бәрінен бірге өттік", - деді Елбасы.
Елбасы қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық салада үлкен қиындықтарды бастан өткергенін еске салды.
"Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді. Әрине, мемлекеттік қызметкерлерге де тиісті міндеттер жүктелген, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау, ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.