Қалыңдығын қылқындырып өлтірген жігіттің соты басталды
"Түсік жасаттым деді". Ақтөбеде қалыңдығын қылқындырып өлтірген жігіттің соты басталды.
Сотта ер адам өздерінің бір-бірін қатты қызғанатынын, көбіне осы негізде жанжал туындайтынын айтты.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қалыңдығы Әсем Елбрусованы өлтірді деп айыпталған 23 жастағы Бақыт Орынбасаров жауап бере бастады, деп хабарлайды «zakon.kz».
Сотта ер адам өздерінің бір-бірін қатты қызғанатынын, көбіне осы негізде жанжал туындайтынын айтты. Ал 10 тамызда Әсем Елбрусова түсік жасатқанын мойындаған. Сотта айыпталушы осыған қатты ашуланып, сыртқа шығып кетпек болғанда қыздың оны құшақтап жібермей қойғанын жеткізді.
- Оның мойнына қолым қалай барып қалғанын өзім де білмеймін. Оны өлтіргім келген жоқ, итеріп жібергенде ол диванға арқасымен құлады. Тұншығып, алақтай бастады, оған көмектескім келді, бірақ оның аузынан көбік ағып жатты. Содан оған дәрігерлік көмектің керегі болмай қалғанын түсіндім, бәрі кеш еді, - деді сотта Бақыт Орынбасаров.
Айыпталушы қыз қайтыс болғаннан кейін дәріханаға барып, көп дәрі алып, өз-өзін өлтірмек болған. Көп таблетканы жұтқан ол қатты ұйқыға кеткен, бірақ тірі қалған. Келесі күні оянғанда ол полицияға барып берілуді жөн көрген.
Сотталушының анасы сотта ұлының мінсіз екендігіне көз жеткізуге тырысты: "Ол арақ ішпейді, темекі шекпейді, ақша тауып, барлығына көмектеседі, өз күнін өзі көріп жүрген жан".
Сотта үш сарапшы сөз сөйледі. Олар Әсем Елбрусованың кездейсоқ қайтыс болуы мүмкін емес екенін айтты. Қылқындырғанда адам бірден өліп кетпейді, ал Әсемдегі секілді тіл астындағы сүйектің сынып кетуі үшін де біраз күш керек. Тіпті, қыз арқасымен диванға құлап, омыртқасын зақымдаса да, ол тірі қалуы керек еді.
Сарапшылар қыздың асфиксиядан қайтыс болғанын растады. Сонымен қатар, мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелерден алынған дерек бойынша, Әсем Елбрусова ешқай жерде түсік жасатпағанын көрсетіп отыр.
Сот процесі әлі жүріп жатыр.