Саурандық ардагерлер Жолдауды талқылады
Сауран ауданының ардагерлері бас қосып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылады. Аудандық ақсақалдар және билер алқасының басқосуы Шорнақ ауылындағы «Қамқорлық» орталығында өтті. Жиынды Сауран аудандық Ақсақалдар және билер алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов ашып, жүргізіп отырды.
Ол өз кезегінде Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауында айтылған басым бағыттарға кеңінен тоқталды.
- Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аудара отырып, 9 бағыттан тұратын басымдықтарды атап өтті. Биылғы Жолдауда 100-ге жуық түрлі бастамалар мен ұсыныстар және тапсырмалар бар. Жолдауда жастарға ерекше назар аударылды, әсіресе олардың білім алу, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерін арттыру мен бұқаралық спортты дамыту мәселелері көтерілді. 2025 жыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Президент, осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін атап өтті. «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», - деді. Жолдау еліміздің дамуына, халқымыздың жағдайын жақсартуға көп мүмкіншілік беретіні айдан анық. Ертеңіміз бүгінгіден де нұрлы, ынтымағы жарасқан ел боларымызға сенімім берік, - деді Балтабай Жарылқасынов.
Мемлекет басшысының халық асыға күткен жыл сайынғы Жолдаулары да елімізде тұрақтылықты орнықтыра түсуге бағытталып отырғаны белгілі.
Осы ретте, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов кезекті Жолдауды тыңдау барысында жаңашылдықтың жаңа лебін, Жаңа Қазақстанның жаңа парағын байқағанын айтты. «Бұл Жолдауда Президент энергия тапшылығы мен атом электр стансасын салу жөнінде референдум өткізу туралы мәселе көтерді. Атом электр стансасының салынуы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және энергия тапшылығының жойылуына ықпалын тигізеді. Референдум өткізу жөніндегі Президент бастамасын қолдаймын» деп өзінің қолдауын білдірді.
Жиын барысында Ақсақалдар алқасының мүшелері О.Егізбаев, Е.Тұрғынов және аудандық Семей полигоны ардагерлері кеңесінің төрағасы Қ.Салықбаев Мемлекет басшысының биылғы Қазақстанға арнаған кезекті Жолдауын толық қолдап, қуаттайтынын жеткізді. «Президент Жолдауынан туындайтын асыл мұраттарды іс жүзіне асыру жолында қажырлы ісінің үлгісін танытып, уақыт тынысына сай еңбек етіп жатқаны мәлім. Олай болса, ел ертеңі кемелденсін десек, жас буынға дұрыс бағдар беріп, келешекте көркейген Қазақстанның негізін осы Жолдау жүктеген міндеттер аясында нақты іспен жүзеге асырайық», - деді Қ.Салықбаев.