Жетісай ауданында Жолдау жүктеген міндеттер жүйелі іске асырылуда
Жетісай ауданында құрылыс саласына соңғы жылдары жақсы көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамту. Яғни, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Қызыл таң елді мекенінде кәсіпкерлермен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын бірге талқылады.
- «Әлемдегі геосаяси ахуалға қарамастан Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Негізгі бағыттар бойнша оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алайда жаһандық экономика өзгеріп жатыр. «Түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды» деді Президент Жолдауында. Осындай сын-қатерлерге қалай төтеп бере аламыз, технологиялық бәсекеге дайынбыз ба, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орнықты даму сияқты өзекті мәселелер көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Жолдауында осы және жұртшылықты алаңдатқан өзге де сұрақтардың бәріне нақты жауап берді.
Ең бастысы, осынау маңызды кезеңде үлкен экономикалық серпіліс жасауға мемлекетімізде толық мүмкіндік бар. Ресурс та жеткілікті. Экономика дегеніміз – ең әуелі тұрақты жұмыс, лайықты табыс. Халыққа керегі де осы. Бұл орайда әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Мұны Мемлекет басшысы дөп басып айтты, - дейді Серік Үсенұлы.
Ал аудандық мәслихат депутаты Марат Ділдәбековтың айтуынша, жыл басынан бері тұрғындарға 167 әлеуметтік тұрғын үйдің кілті табысталған Жетісай ауданында жыл соңына дейін тағы 90 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр екен. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде Асықата кентінде 3 қабатты 54 пәтерлі, Қазыбек би ауылдық округі Қазыбек би елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызыл таң елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қызыл таң елді мекенінде 2 қабатты 8 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жергілікті кәсіпкер «Құрылыс НҰРТАС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Серіктестік директоры Жанболат Серікбаевтың айтуынша, өздері жүргізіп отырған 2 қабатты 8 пәтерлі 2 тұрғын үйдің жалпы аумағы 960 шаршы метрді құрайды. Мамырда басталған құрылыс жұмыстары қазан айында тапсырылады деп жоспарлануда.
- Мемлекет басшысы Жолдауында мемлекетіміздің экономикадағы тікелей үлесі, өңірлердегі инвестициялық ахуал, салықжеңілдіктерінің тиімділігін арттыру, тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктерін толық пайдалану, мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз ету, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау, бюджетаралық қарым-қатынасты ретке келтіру, ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өндіруге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдарды құру жөніндегі мәселелерге бағыт-бағдар берілген. Сондықтан да Жолдаудан туындайтын осы мәселелерді бірлесе атқарамыз деген сенімдемін, - дейді серіктестік басшысы.
Жалпы серіктестік мұндағы негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жүргізілген жұмыстардың сапасына сенімді болу мақсатында отандық өнімдер пайдаланылған. Аталмыш тұрғын үйлердің ауласында талапқа сай балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та іске қосу көзделген.
Ауыл тұрғыны Жұмат Аңсар Қызыл таң ауылының соңғы жылдары жаңа келбетке еніп, жақсара түскені Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сара саясатының жемісі деп түйді. Ол Жолдауды мұқият оқып, танысқанын айтты.
«Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысында сапаға айрықша көңіл бөлуіңіздер. Бұл үйлерде тұратын адамдардың өміріне ешқандай қауіп төнбеуі керек. «Жоспарды орындаймыз, мерзімінде тапсырамыз» деп адамгершіліктен аттап кетпеңіздер» деді аудан басшысы.
Жалпы ауданда Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай Жайлы мектеп» жобасы да іске асырылуда. Мәселен, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кентінен 900 орындық, Жетісай қаласында 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінен 600 орындық мектептердің және 2 амбулатория мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп жатса, 1 мектеп күрделі жөндеуден, 5 мектеп пен 3 балабақша ағымдағы жөндеуден өтуде. 6 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған. Сондай-ақ, Қарақай ауылдық округіндегі Сәтпаев, Жаңа ауыл ауылдық округі Мырзашөл елді мекендеріндегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтуде.