Назарбаевтың Сарыағаштағы резиденциясы: Дауға Тоқаев араласуы керек пе?

Oinet.kz 20-12-2023 1120

«Әдетте, қайтқан адамдарды сөз қылмайды, бірақ бұл жерде біз оны айтуға мәжбүрміз». Өткен аптада Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдаған «Ақ Жол» партиясының төрағасы, депутат Азат Перуашев осылай деді.  Ақпарат құралдары шу ете қалды.

Screenshot_1.jpg

Әңгіме тұңғыш президенттің жуырда қайтыс болған туған інісі Болат Назарбаев туралы болып отыр. Экс-президенттің бауыры туралы «пәленшенің бизнестерін тартып алыпты, түгеншенің жерін алып қойыпты» деген алып-қашты әңгімелер бұған дейін көп айтылатын. Оның қаншалықты шындық екенін білмедік, дегенмен партия төрағасы келтірген мәліметтер елді елең еткізгені рас.

Бақсақ, Назарбаевтар әулеті басып қалған жерлер мен ғимараттар Түркістан облысында да бар болып шықты.

Сонымен Мәжілісте Перуашев не деді? Оның айтуынша,  «Ақ жол» партиясына «СТС» (Семей Транс Сервис) ЖШС-інің өкілдері арызданған. Мәселенің мән-жайына қарағанда, 2019 жылы жоғарыдағы компания нарықтық бағамен  басқа компаниядан Сарыағаш ауданындағы «Алтын бұлақ» шипажайын гольф-клубпен бірге сатып алған. Мұның алдындағы иесі аталған нысандарды 2017 жылы Қаржы министрлігі жариялаған ашық аукционнан алған көрінеді.  Жаңа қожайындар нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оған 4,5 миллиард теңге қаражат жұмсайды. Бәленің бәрі былтыр басталған.

Былтыр Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімі сотқа талап арыз беріп, Сарығаш ауданы әкімдігінің 2003 жылы шипажай мен гольф клуб салуға берілген жерді заңсыз деп тануды сұранған. Арызданушылардың айтуынша, шипажайдың маңындағы резиденцияны Болат Назарбаев алған. Жер қатынастары бөлімі сотқа талап арыз берген соң ол оны басқа компанияға сатып жіберген. Биыл сот Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі департаментінің талап арызын қанағаттандырады. Кәсіпкерлер бір пәсте барынан айырылады. Алайда Болат Назарбаев сатып жіберген резиденцияға келгенде сот басқаша құбылып, мәселені  ымырамен шешкенге ұқсайды. Сонда бұл қалай? Бұл жерлердің бәрі бір кездері бірдей тәртіппен берілген, ендеше неге екі түрлі төрелік айтылады?  Перуашев шенеуніктердің осы әрекеттерді «Ескі Қазақстанмен» күреспен бүркемелеп отырғанын алға тартты.

- Егер ескі дәуірдің символы есептелген азамат өлгеннен кейін де жеңіске жетіп, ал адал кәсіпкерлер бизнестерінен,  ақшаларынан айырылып жатса, бұл неғылған қызық күрес?,-деді Перуашев.

Бұл қандай гольф-клуб, бұл неғылған резиденция? Сарыағаш ауданында дүйім жұртқа танымал «Сарыағаш» шипажайының маңында мемлекет басшысына арнап резиденция салынғаны, президенттік дәурені жүріп тұрған кезде Назарбаевтың  жыл сайын осы нысанда демалатыны бұған дейін де көп айтылған. Ал гольф клубтың тарихы осыдан жиырма шақты жыл бұрын  басталады. Осы спорт кешенінде  тұңғыш президенттен бастап, гольф клубқа мүше өңшең ақ жағалылардың жиналатыны ақпарат құралдарында да жарияланып тұратын. Клубқа мүше шенеуніктердің ішінде Иманғали Тасмағамбетов, Өмірзақ Шөкеев, Нұртай Әбіқаев, Ахметжан Есімов, генералдар, белгілі бизнесмендердің, бір сөзбен айтқанда «Ескі Қазақстан» есіркеген топтың өкілдері бар. Екі-үш жыл бұрын гольф-клубтың айналасындағы шөптерді шенеуніктер жергілікті мұғалімдерге орғызатыны туралы әңгіменің де шетін құлағымыз шалған. Әңгіменің өзегі осы резиденция мен гольф-клуб турасында сияқты. Сонда бұл қалай? Кезінде мемлекеттің меншігіндегі алпауыт компаниялардың қаржысына салынған нысандар жекеменшікке қалай өтіп кеткен? Ең бастысы, бұған Болат Назарбаевтың қатысы қанша?

Біз осы мәселе жөнінде кешегі күні Сарыағаш ауданы әкімдігіндегі жер саласына жауапты мамандармен хабарласқан болатынбыз. Әкімдіктегілер Перуашевтің Мәжілістегі мәлімдемесінен хабардар екен. Шенеуніктердің бізге ұсынған мәліметтері былай дейді:

2003 жылдың ақпанында  Сарыағаш аудандық әкімдігі «ҚазТрансОйл» ұлттық операторына гольф-клуб салу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қорынан 105 гектер жер бөлу жөнінде қаулы шығарған (сол жылың қыркүйегінде бұл жер 91,8 гектарға өзгертіледі). Әкімдіктегілердің айтуынша, қаулы жер заңнамаларына қайшы келген. Себебі «ҚазТрансОйл»-ға берілген учаске  суармалы жер болған. Алайда бұл жерде Назарбаевқа арнап нысандар салынатын болған соң, оның заңдылығын тексерген кім болды дейсің?! Бәрі жоғарыдан берілген нұсқау бойынша жүзеге асқаны айдан анық қой.

Соныменен 2006 жылдың мамырында Сарыағаш аудандық әкімдігі 91,8 гектар жерді «ҚазТрансОйл» АҚ-на жекеменшікке, 19,7 миллион теңгеге сатқан. Сол жылдың желтоқсанында аталған жердің 2,23 гектары  (президентке арнап салынған резиденция аумағы деп түсінген дұрыс сияқты Ж.Т.)   «КазТрансОйл-Сервис» АҚ-ның меншігіне өтеді.  Осыдан кейін, дәлірегі 2007 жылдың маусымында бұл жер сату-сатып алу келісім шарты негізінде «AstanaFinGroup» ЖШС-інің меншігіне берілген.  Мемлекеттің меншігіндегі компания салған нысанның жекеменшік компанияға қанша ақшаға сатылғаны белгісіз. Ал белгілісі, ашық дерекөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, «AstanaFinGroup» ЖШС алпауыт бизнесмен Нұрлан Смағұловқа тиесілі.

2012 жылдың шілдесінде Смағұлов резиденцияны Болат Назарбаевқа сатқан. Қаншаға сатылғаны туралы мәлімет жоқ. 2013 жылы әкімдік аталған жер телімінің мақсатын әкімшілік-тұрғын кешендерін салу деп өзгертіп берген. Болат Назарбаев аталған нысанға былтыр қыркүйекке дейін иелік еткен.

Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін Сарыағаштағы президент резиденциясы, гольф-клуб орналасқан аумақтарға прокуратура назар аударады. Жиырма жыл бойы үнсіз келген құзырлы орган жаппай тексеру жұмыстарын жүргізген. Мұның жоғарыдан берілген нұсқау бойынша жүзеге асқаны айтпаса да түсінікті шығар. Не керек, салынған нысандардың жерінен біраз заңсыздықтар табылады. 2003 жылы Сарыағаш аудандық әкімдігі «ҚазТрансОйлға» жер телімін берген кезде ауыл шаруашылығы шығындары төленбеген екен. Мамандар шығынның жалпы көлемін 137 миллион теңге деп есептейді. Осыдан кейін прокурорлар Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөліміне, Түркістан облыстық  Жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыныс береді. Соған сәйкес сотқа талап арыздар жолданады.  Соттасу басталады. Осындай абыр сабырда, оның үстіне қаралы Қаңтардан кейін  басынан бақ тая бастағанын түсінген Болат Назарбаев былтыр қыркүйекте резиденцияны «SmartInvestments» деп аталатын компанияға сатып жіберген. Ғаламтордағы мәліметтерге қарағанда, аталған компания шағын кәсіпорын ретінде Астана қаласында тіркелген. Оның артында қандай дәудің тұрғаны белгісіз.  

Біз Сарыағаш аудандық сотының биыл сәуірде шығарған шешімімен танысып шықтық. Шешімге қарағанда,  әу баста толықтай мемлекеттік меншіктегі «ҚазТрансОйл» компаниясы салған нысандар (мұның ішінде президент резиденциясы, мейрамханалар, гольф алаңдары, әкімшілік ғимараттар) бірнеше жекеменшік компаниялардың меншігіне өтіп кеткен. Сарыағаш аудандық соты осы нысандар тұрған жерлерді мемлекетке қайтару жөнінде шешім шығарады.  Бас-аяғы 89,65 гектар жер мемлекетке қайтарылады. Алайда кейінірек президент резиденциясы тұрған «SmartInvestments» компаниясына тиесілі 2,23 гектар жер бойынша медиациялық келісім жасалады. Бұл келісім облыстық соттың ұйғарымымен бекітіледі.

- Егер ертең сот шешімі күшіне енсе, резиденцияның иесі «SmartInvestments» компаниясы миллиардттаған шығынға батады.  Ол сотқа талдап арыз беріп, осы шығындарды әкімдіктен өндіріп алуы мүмкін. Осы шығындарды төлегеннен гөрі жауапкермен медиациялық келісімге келгенді дұрыс санадық. Келісім бойынша компания ауыл шаруашылығы шығындарын төлейді, ал әкімдік компанияға жерге қатысты тиісті құжаттарын беруді міндетіне алды,- дейді біз сөйлескен Сарыағаш ауданы әкімдігі заң бөлімінің басшысы Алтынбек Сәрсенбеков. Заңгердің айтқанынан түсінгеніміз, жерінен айырылған басқа компанияларға да татуласу келісімі ұсынылған. Алайда олар ымыраға келуден бас тартқан көрінеді. 

Мұның ішінде жері мемлекетке қайтырылған, ал нысанның өзі жекеменшік компанияға тиесілі атышулы Сарыағаш гольф-клубының тағдырының не болары белгісіз. Ал, толығымен жекеменшікке өтіп кеткен Назарбаев резиденциясы енді нендей мақсатта пайдаланылады? Мұның бәрі әзірге жұмбақ.

P.S. Жалпы соңғы уақытта Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап әр өңірде салынған резиденцияларды әлеуметтік нысанға айналдыру науқаны басталды. Мәселен биыл Жамбыл облысындағы Назарбаевтың резиденцияларының бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Толқаевтың тапсырмасы бойынша балалар демалатын орталыққа айналды. Шымкенттегі Дендросаябақта орналасқан тағы бір резиденцияны да халықтың игілігіне беру туралы қоғам белсенділері біраздан бері мәселе көтеріп келеді. Сарыағаштағы резиденцияға да Тоқаевтың араласуы қажет пе?  

Ұзынқұлақтан жеткен ақпараттарға қарағанда, осы нысанға бүгінде Мәжілісте отырған жергілікті бір депутаттың қатысы бар көрінеді. Сондықтан бұл туралы журналистік зерттеумізді жалғастыратын боламыз.


"Рейтинг" газеті, 20 желтоқсан, 2023 жыл. 

Шымкент прокуратурасы мемлекетке 116 гектар жерді қайтарды
Өзбекстан Шардара су қоймасына жақын жерден АЭС салмақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу