Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Өзбекстанның Шарадара су қоймасының маңындағы көлде атом электр стансасын салу жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Kazinform порталына сілтеме жасап.
«Өзбекстан ресейлік «Росатом» компаниясымен бірге Шардара су қоймасынан жақын жерде, Қазақстан шекарасының түбінде АЭС салу жобасын қолға алып жатыр. Сол жобаны іске асыру үшін Қазақстанның келісімін алды ма? Бұл жобаға сіздің экологияға жауапты министр ретіндегі пікіріңіз қандай?» - деп сұрады журналист.
Министрдің айтуынша, Ташкенттен әлі ресми сауал түспеген. Бірақ көршілес ел ретінде Астананың келісімін алуға міндетті.
«Жалпы атом электр стансаларын салу бойынша олар да әр түрлі мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Бірақ олар ресми түрде мынау шекаралас мемлекеттермен міндетті түрде хат жолдап, болмаса мұны бізбен ақылдасады. Біз де өткенде қарастырдық қой, сол сияқты нақты шешім қабылданды деп айтуға болмайды. Сол сияқты біздің Балқаштың түбінде АЭС салу керек деген шешім де қабылданған жоқ. Тіпті салына ма, деген мәселе тұр әлі. Өздеріңіз білесіздер, қоғамда бұл атом электр стансасы жөнінде түрлі пікір туындап жатыр. Сол себепті бұл мәселе аяғына дейін шешілмеген», - деді министр.
Оның айтуынша, Өзбекстан қарастырып жатқан нұсқалардың ішінде Сырдария бойынан АЭС салу ұсынысы да бар.
«Менің білуімше, олар да жан-жақты қарап жатыр. Су керек оған. Сырдарияның бойынан дейді, одан-бұдан дейді. Бірақ нақты шешім жоқ. Олар ізденіп жатыр. Оның бәріне тиісті мамандар баға береді Ол қандай электр стансасы болады, оның буыны қандай болады, екінші ме үшінші ме, төртінші ме... Оған жауап беретін мен маман емеспін. Сол себептен мамандар жауап береді. Ал техникалық шешімдері жағы біздің министрліктің құзыретінде емес. Техникалық шешім қабылданғаннан кейін ғана біз оларды өзіміздің заңға сәйкестендіріп қараймыз. Өкінішке қарай, әзірше оған ешқандай жауап бере алмаймыз», - деген министр өз пікірін білдіруден тартынып қалды.