Жолдау – жарқын болашаққа бастар жол
Сауран ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдау бағытында жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер қатысты. Жиынды аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізіп отырды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде екенін айтты. «Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз», - деді Президент. Сөйтіп алдымызға 9 бағыт бағдардан тұратын міндет мен тапсырманы айқындап берді. Біз Президентіміздің айтқан тапсырмаларын басшылыққа алып бұдан әріқарай да ел мүддесі үшін жұмыс істейтін боламыз, - деді өз сөзінде аудан басшысы.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдау бағытында атқарылатын жұмыстардың барысы туралы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков баяндама жасады. «Президент сөзінің басында Парламент өткен сессияда 102 заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген. Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты», дей келіп алда атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды.
Жиын барысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Баймұрзаев және аудандық емхана басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қарабаев Жолдауға қолдау білдірді. Жолдауда айтылғандай цифрландыру бойынша өзіне жауапты салада атқарылып жатқан жұмыс барысымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Санжар Тұрметов хабардар етті. Оның айтуынша, отбасының цифрлық картасы – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры болып табылады. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып келеді. Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, отбасылық цифрлық картаны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатынын атап өтті.
Жиын қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Мемлекет басшысының жолдаған бас құжатын ел ішінде насихаттау мақсатында ауданда құрылған жұмыс тобының және 6 қазанда өтетін референдумға байланысты құрылған штаб жұмысына қолдау көрсетуді бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тапсырды.